Basty bet

Үздік спортшыларға құрмет көрсетілді

2023 жылы спорт саласында жақсы жаңалықтар көп болды. Еліміз бойынша спорт саласындағы табыстарға жуалылық спортшылар да үлкен үлес қосты. Осыған орай Жаңа жыл қарсаңында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның қатысуымен “Барыс” мейрамханасында озат спортшыларды марапаттауға арналған “Жыл үздігі – 2023” салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Мейрамхананың фойесінде аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спортшылардың жеңістеріне берілген кубок, медаль, марапаттардан көрме жабдықталды. Жиынға келген қонақтарды көрмемен аталған бөлімнің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов таныстырды.
Іс-шарада ең алдымен аудан спортшыларының жетістіктері, бөлімнің жұмысы туралы деректі фильм көрсетілді. Фильмнен кейін үздік спортшыларды аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы құттықтады.
-Ауданымызда спорт саласына үлкен көңіл бөлінуде. 2023 жылдың қорытындысымен өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың қатары 21825 адамға, яғни 40,1%-ға жетті. Әрине, бұл көрсеткішті әрі қарай өсіруге потенциалымыз бар. Осы бағытта жұмыс атқаратын боламыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спорт саласын, оның ішінде, бұқаралық спортты дамытуға қатысты нақты міндеттерді жүктеп отырғаны бекер емес. Бізде бұған барлық мүмкіндіктер жасалған.
2023 жылы 2 спорт залы (Кәріқорған ауылында 1 спорт залына реконструкция жасалды), Жаңаталап ауылында демеушілер есебінен 1 спорт залы салынды, Қошқарата, Рысбек батыр ауылдарында жасанды төсенішті футбол алаңшалары мен стритворкаут алаңшалары салынды. Көктөбе ауылында 1 футбол алаңшасы салынуда.
2023 жылы Ертай және Б.Момышұлы ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде.
2024 жылы Қарасаз, Нұрлыкент, Көлтоған ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Диқан, Бақалы, Тасбастау, Талапты ауылдарында футбол алаңшаларын салу жоспарланған.
Қасиетті Жуалы жерінің спорттық дәстүрі мен жеңісті жолдары бұрыннан қалыптасқан.
Біздің спортшылар сан мәрте облыс, Қазақстан, Әлем, Азия және олимпиада ойындарында үздік өнер көрсетіп, Қазақ елінің көк туын биікте желбіреткені баршаға белгілі.
Бұл біздің спорт түрлері бойынша еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар мен сала ардагерлері еңбегінің жемісі деп білемін.
Биыл өткен жарыстарда жеңіске жеткен спортшылар ауданның мақтанышына айналды.
Көкпаршыларымыз Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, Ел чемпионы атағына ие болып жүр.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, келесі жылы 4 жылда бір рет болатын жазғы олимпиада ойындары өтеді. Осы жарыс жолында лицензияға күресетін спортшыларымыз да бар. Оларға сәттілік тілейміз.
Алдағы жылда атқарылатын істер көп.
Құрметті спорт саласының қызметкерлері, сала ардагерлері, өздеріңізге аудан жұртшылығы үлкен сенім артып отыр. Келе жатқан 2024 жылы да жеңісті сәттеріңіз көп болсын!
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!,- деген аудан әкімі спорт саласындағы бірқатар азаматтарды марапаттады.
Спортшыларды сонымен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, “Аmanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов құттықтап, марапат тапсырды.
Іс-шара барысында спортшылар аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, аудандық мәслихаттың Алғысхатымен және “Үздік спорт нұсқаушы-2023”, спорттың әр түрінен “Үздік жаттықтырушы-2023”, “Үздік денешынықтыру пәнінің мұғалімі-2023”, “Үздік әдіскер-2023”, “Үздік ардагер спортшы-2023”, “Үздік спортшы-2023” номинацияларымен марапатталды.
Бұл жиын спортшылардың еңбегін бағалап, оларға әрі қарай серпін берген тағылымды жиын болды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close