Basty bet

“Өзі сот, өзі адвокат әже”

Біз Билікөл ауылдық округінен “Мерейлі отбасы”, “Сөнбейді, әже, шырағың!” айдарларымен мақала жазу үшін отбасының ұйытқысы, өмір жолы өнегелі, өзінің ғана емес, бүкіл ауыл келіндерінің енесіндей болып отырған сөзі өтімді, әдемі қартайған аналар, үлгілі отбасылар туралы сұрағанымызда, ауылда WhatsApp желісіндегі чатта кәдімгідей қызу пікір талас болыпты. Билікөлдіктердің ұсынысымызға бей-жай қарамай бір-бірін лайықты бағалап, шын жақсыға бірге таңдау жасағандары бізді қуантты.

Пікірталастың нәтижесінде тұрғындардың басым көпшілігінің ұсынысы Қарабастау ауылындағы Әсия Әлмембетова әже болыпты.
Әсия әжеміздің шаңырағында бізді келіні күтіп алды. Кісінің аурасы қақпадан кіргенде-ақ сезіледі. Жүрегі таза, тазалықты жаны сүйетін, еңбекқор жандар, отбасы екені қақпадан кіргеннен-ақ көзге көрініп, көңілге сезіліп тұр. Үйге кірсек, қонақ бөлмеде екі әжеміз бізді күтіп отыр екен. Әдемі қартайған, сөзі де, көйлегі де әдемі жандар бір-біріне қатты ұқсайды, апалы-сіңілілер екен деп ойладық. Сөйтсек, бірі жеңгесі, бірі қайын сіңілісі екен. Қайын сіңілі-жеңге, әрі сырлас жандардың сыйластықтары жарасып тұр.
Дастарқан басында әдемі әңгіменің тиегі ағытылды.
Әсия Жарылқасынқызы (суретте ортада) 1947 жылы Қарабастау ауылында өмірге келген. Ата-анасы совхозда малшы болып жұмыс істеген. Анасы үш ұл, бір қызды өмірге әкеліпті.
Әсия әже Еңбек Ері Аягүл Миразовамен бірге оқығанын мақтанышпен жеткізді.
Кейіпкеріміз кітапты көп оқитын жан екен. Журналист болуды армандапты. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына оқуға барып, алайда неміс тілінен сынақтан өте алмай, ауылға қайтыпты.
1967 жылы тұрмысқа шығады. Жолдасы Сатылған Молдашұлы ол кезде әскер қатарынан келіп, дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген кезі екен.
-Ағам математикадан өте жақсы еді,- деп әңгімеледі қарындасы Сәуле әжей. -Әкемізден ерте айырылып, ағамыз Сатылған анамызға сүйеніш болып барлығымызды аяқтандыруға күш салды. Барлығымызды оқытып, қолымызға дипломымызды алып, жұмысқа тұруымызға көмектесті.
Сатылған ағам жастайынан білімге құштар еді. Жоғары оқу орында оқығысы келді. Бірақ, бізді тастап кете алмай, оқуға бармады. Кейін Луговойдағы техникумда оқып, совхозда ферма меңгерушісі, зоотехник, директордың орынбасары болып қызмет етті. Сатылған кең жүректі халыққа мейірімі мол, жан-жағына үнемі қамқор бола білетін, елмен тіл табысқыш, қабілетті, еңбекқор, ортасына сыйлы азамат еді.
Жеңгем балабақшада 30 жылдай аспаз болып еңбек етті.
Бұл кісі де анамдай қамқор болған жан. Әсия құрдас әрі құрбым. “Жақсыны жатқа жіберме” демекші, кейін жеңгем болды. Жеңгем ақкөңіл, кішіпейіл жан. Бұл шаңыраққа келсек, көңіліміз көтеріліп қалады. Себебі, кісіге деген құрметі ерекше әрі қонақжай жандар,- дейді қайын сіңілісі Сәуле әже.
Сәуле әже Меркі ауданында тұрады екен. Ол кісі де ұзақ жыл география пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, бүгінде зейнет демалысында. Екі ұл, үш қызды өмірге алып келіп, ұрпақтарынан тоғыз немере, үш шөбере сүйіп отырған жайы бар екен.
Әсия әжеміздің екі қызы Анар мен Шынар екеуі де мұғалім, үлкен ұлы Ғанидың да мамандығы мұғалім, бірақ бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
Қолындағы кенже ұлы Ғалым шағын шаруа қожалығының жұмысымен айналысады. Келіні Дария бастауыш сынып мұғалімі. Ғалым мен Дария да ауылға сыйлы, үлгілі отбасы.
Отбасының ұйытқысы болып отырған әжеміз ұл-қыздарынан он немере, бес шөбере сүйіп отыр.
-Енемді жише деймін. Себебі, жолдасым анасын солай атайды. Сонымен мен де солай атап кеткенмін.
Жишем еңбекқор, мейірімді жан,- дейді келіні Дария. – Сөзге шешен әрі әділ. Бұл кісіні көше тұрғындары “әрі сот, әрі адвокат”,- дейді. Олай айту себебі, көше тұрғындарының отбасында дау-жанжал болып жатса, барлығына жишемді шақырады. Бұл кісі барлығына барып, ақыл-кеңесін айтып, татуластырып жүреді.
Үйіміздің де берекесі, ұйытқысы осы кісі. Себебі, жишем ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді бойына әбден сіңірген, өмірден көргені, көңілге түйгені көп жан. Үйде немерелерінің барлығының уақытын тиімді ұйымдастыруға, еңбек етуіне үлкен мән береді. Барлығына жұмыс беріп, бақылап отырады. Әжелері бір жаққа қыдырып кетсе, келгенше асығамыз. Немерелері әжелерін ешқайда жібергілері келмейді,- дейді келіні.
Әже деген қандай әдемі, жылы сөз. Аузынан айналайыны түспей, жылылықтың, мейірім мен шуақтың, құт-берекенің, ынтымақ пен бірліктің, тағылымды тәрбиенің бастауы, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған әжелеріміз, қарттарымыз аман болсын! Әдемі қартайған, дана қарттың тәрбиесі – әрбір ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі. Сондықтан әр ауылда дана, ақылман қарттарымыз көп болсын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close