Basty bet
Жетітөбеліктер алтын бесігін адал еңбекпен көркейтуде
Ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Мемлекет басшысының қолдауымен ауылдардағы әлеуметтік нысандар жылдан-жылға жаңарып, ауызсу, көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасы артып келеді. Мемлекет қолдауын сезініп, даму жолына түскен ауылдық округтің бірі – Жетітөбе ауылдық округі.
Ауылдық округтегі алты елді мекенде 529 аулада 3064 жан тұрады. Ауыл тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. 2023 жылы ауылдық округ тұрғындары “Ауыл аманаты” бағдарламасымен жеңілдетілген пайызбен несиеге қол жеткізіп, мал басын көбейтіп, бүгінде тұрмыстарын көтеруге еңбек етуде.
– Кәріқорған ауылында бір сүт өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Ауыл тұрғыны Нұрболат Кенжебеков шағын зауытын кеңейтіп, екі ауылдың сүтін қабылдап, одан түрлі сүт өнімдерін өндіруде. Кәсіпкер сегіз адамды жұмыспен қамтып отыр.
“Ауыл аманаты” бағдарламасымен несие алуға 253 адам құжат тапсырып, оның 157-і несиеге қол жеткізді. Оның ішінде, екі азамат кәсіпкерлік негізде несие алып, бірі нан цехын ашса, бірі тігін цехы мен шаштараз ашып, жұмыс істеуде. Одан бөлек, шағын дүкендер жұмыс істейді.
Ауылдық округте жөндеуді қажет ететін жеті көшенің төртеуі өткен жылы орта жөндеуден өткен. Ауылдық округ әкімі Қайнар Беделбековтың айтуынша, биыл үш көшенің екеуі жөнделетін болады. Яғни, “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасымен Шыңбұлақ ауылындағы Құрмаш көшесі 8,243 теңгеге, Майбұлақ ауылындағы Темірбеков көшесі 37, 300 мың теңгеге мамыр-маусым айларында жөнделеді.
Шыңбұлақ ауылындағы Бектаналы көшесі алдағы жоспарда тұр.
-Сонымен қатар, биыл Тасбастау ауылында кіші футбол алаңшасы, Шыңбұлақ пен Тасбастау ауылдарында медициналық пункт салынатын болады.
Кәріқорған ауылындағы спорт кешені мамыр айында спорт бөлімінің теңгеріміне беру туралы құжаттары аяқталған соң, өз жұмысын бастайды. Спорт кешенінің аяқталмаған жұмыстарын мердігер қабылдауға дейін бітіріп беретін болады.
Ауылдық округтегі шаруалар биыл 1200 гектарға күздік бидай, 2250 гектарға арпа екті. Ендігі жерде 3670 гектарға мақсары, 10 гектарға картоп, 15 гектарға жүгері егіледі. 3690 гектарға көпжылдық шөп, 340 гектарға жоңышқа егілген.
Шаруалардың иелегінде жалпы 86 ауыл шаруашылығы техникасы бар. Одан бөлек, тоғыз К-700 қуатты тракторы мен төрт Lovol жаңа модельді тракторы бар.
2022-2023 жылдары шаруалар 17 ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алып, бүгінде жемісті еңбек етуде.
Ауылдық округте “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында ақтау, сырлау жұмыстары атқарылды. Нақыл сөздер жазылған тақтайшалар жаңартылды. 600 түп терек пен 400 түп қараағаш егілді. 200 түп аққайың мен 50 түп қылқанжапырақты ағаш көшеттері егіледі. Мекеме аулаларына гүлзарлар отырғызылуда.
Ауылдық округте наурыз-қараша айларының аралығында жеке азаматтармен келісімшарт жасасу арқылы тұрғындардың қоқыстары шығарылады. Жеке азаматтардың жұмысы үшін әр аула айына 600 теңгеден төлейді. Қоқыстар аптасына бір рет шығарылады.
Тұрғындарды санитарлық тазалыққа шақыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көктем шыққалы 11 тұрғынға ескерту беріліп, 5 азаматқа айыппұл салынды.
Ауылдық округте алты тоған, 16 көпір, 19 шақырым арық-атыздар бар. Барлығы бақылауда,- дейді ауылдық округ әкімі.
Бұл – ауылдық округтегі ағайынның бүгінгі тыныс-тіршілігі. Бұдан бөлек, қаншама тірлік жасалуда. Алда атқарылар жұмыс та жетерлік. Әрдайым бірлікпен адал еңбек еткен жетітөбеліктердің ырыс-берекесі арта берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»