Basty bet
Жуалы жұртшылығы жарқын болашақ үшін дауыс берді
Жуалы ауданында ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың азаматтық белсенділігі айқын көрініс тапты.
23 тамыз – ел тарихында айрықша орны қалатын маңызды күн. Бұл күні Қазақстанда ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп, бір палаталы заң шығарушы органды қалыптастырудың маңызды кезеңі басталды. Құрылтай депутаттарын сайлау – әр азаматтың өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне қатысты азаматтық ұстанымын білдіретін жауапты сәт.
Ауданда да тарихи саяси науқан ұйымшылдықпен өтіп, сайлаушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Аудандағы барлық 39 сайлау учаскесі таңғы сағат 07:00-де есігін айқара ашып, тұрғындарды қабылдауға кірісті. Сайлау күні дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды.
Сайлау учаскелерінде азаматтардың өз конституциялық құқығын еркін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалды. Учаскелер талапқа сай жабдықталып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да кедергісіз дауыс беруіне қажетті жағдайлар қарастырылды.
Күні бойы сайлаушылардың белсенділігі бәсеңдемей, жуалылықтардың ел болашағына деген жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігі анық байқалды.
Сайлау учаскелеріне тұрғындар отбасымен, достарымен, еңбек ұжымдарымен бірге келіп, өз таңдауын жасады. Бұл көріністің өзі тарихи күннің мән-маңызын айқындай түскендей. Өйткені, азаматтың сайлауға қатысуы – тек дауыс беру ғана емес, ел тағдырына деген көзқарасын білдіру, ортақ болашаққа жауапкершілік таныту.
Б.Момышұлы ауылындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ғимаратында орналасқан №201 сайлау учаскесі де таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады. Мұнда сайлау комиссиясының 9 мүшесі қызмет атқарып, барлығы 2352 сайлаушы тіркелген.
Дауыс беру басталған сәттен-ақ учаскеге тұрғындар көптеп келе бастады. Б.Момышұлы ауылы, Әйтеке би көшесінің тұрғыны Мадина Көпбаева сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, азаматтық таңдауын жасады.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза да отбасымен бірге №201 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Бұл учаскеде аға буын өкілдерінің белсенділігі де ерекше байқалды. Жас отбасылар да тарихи күннен шет қалмады. Балаларын ертіп сайлау учаскесіне келген ата-аналар осылайша өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік, елжандылық пен азаматтық жауапкершілік ұғымдарын сіңіріп, тағылымды өнеге көрсетті.
Сайлау күні «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері де белсенділік танытты. Солардың бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Жадыра Күйшиева. Ол жолдасы Исламбек Омаровпен бірге сайлау учаскесіне келді. Бұл отбасы үшін сайлау күні ерекше мәнге ие болды. Себебі, олардың қызы Зарина – осы мектептің түлегі. Ол тарихи күні алғаш рет дауыс беріп, азаматтық өміріндегі маңызды қадамын жасады.
Алғаш рет дауыс беру – әр жас үшін есте қаларлық ерекше сәт. Осы орайда, Көкбастау ауылдық округіне қарасты Теріс ауылындағы №205 сайлау учаскесінде «Мен алғаш дауыс беремін» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында алғаш рет Еркемай Қуанышбек алғаш рет дауыс берді. №205 сайлау учаскесінде 762 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде биыл алғаш рет дауыс беретін 7 жас бар. Жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, алғашқы қадамына қолдау көрсету мақсатында алғаш дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына ерекше көңіл бөлінді. Сайлау учаскелерінде арнайы кабиналар әзірленіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, азаматтарға «Инва такси» қызметі көрсетілді. Мәселен, Марғұлан Байғабыл тарихи күні Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы №198 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Бұл учаскеде де ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне барлық мүмкіндік қарастырылған.
Мұндай жұмыстардың барлығы – қоғамның әр мүшесінің сайлау құқығы тең дәрежеде қамтамасыз етілуінің нақты көрінісі.
Сайлау күнінде отбасылық дауыс беруге де ерекше мән берілді. Ата-әжелер немерелерімен, ата-аналар балаларымен бірге сайлау учаскелеріне келіп, тарихи күннің куәсі болды. «Отбасыммен дауыс беремін» акциясы аясында Бұрылбаевтар және Рахмешовтар отбасы Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылындағы №204 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасады.
Аталған учаскеде 946 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 11 азамат алғаш рет дауыс берсе, 4 азамат үйден дауыс беруге өтініш білдірген. Көктөбеліктердің белсенділігі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Бір әулеттің бірнеше буынының бірге келіп, дауыс беруі – отбасы құндылықтары мен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығын аңғартады.
Тарихи күннің мазмұнын әлеуметтік маңызы бар шаралар да толықтыра түсті. Б.Момышұлы ауылындағы орталық базар аумағында тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдері мен мектепке қажетті оқу құралдарын қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында жәрмеңке ұйымдастырылды.
Жәрмеңкеге ауданға қарасты 14 ауылдық округ қатысты. Тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан төмен бағамен ұсынылды. Сөрелерде 130 келі ет өнімі, 500 келі сүт өнімдері, 80 келі балық, 280 келі бал, 800 келі түрлі жеміс-жидек, 414 келі картоп, 300 келі сәбіз және 120 келі қырыққабат саудаға шығарылды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау, тұрғындарға сапалы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну және азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылып, кәсіпкерлер оқу жылына қажетті тауарларды тұрғындарға төмендетілген бағамен ұсынды.
Ел тарихындағы маңызды саяси науқанның мәнін аудан тұрғындары үшін мәдени шаралар да аша түсті. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, арнайы концерттік бағдарламасын ұсынды.
Осылайша, Жуалыдағы тарихи күн тек сайлау науқанымен шектелмей, елдік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділікті, береке-бірлік пен отбасылық құндылықтарды тоғыстырған тағылымды күнге айналды
Айгүл аманқұл,
“Жаңа өмір”