Basty bet
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – қоғам дамуының басты кепілі
Сыбайлас жемқорлық –мемлекеттің дамуына, қоғамның тұрақтылығына және азаматтардың билікке деген сеніміне кері әсер ететін ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақстан Республикасында заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы да өз Жолдауларында адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастырудың маңыздылығын үнемі атап келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті қызметінде нақты көрініс табуы тиіс.
Шақпақ ауылдық округі әкімдігі өз жұмысында ашықтық, заңдылық және халықпен тиімді кері байланыс орнату қағидаттарын басшылыққа алады. Азаматтардың өтініштерін уақтылы қарау, мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі қолжетімді көрсетілуі, бюджеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуы– біздің басты назарымыздағы мәселелер.
Жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы – оның туындауына мүмкіндік беретін себептерді жою. Осы мақсатта мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру, электрондық форматтағы қызметтердің үлесін арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту және тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізу жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтады.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жас ұрпақ тәрбиесінен басталады. Адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрмет секілді құндылықтар әрбір отбасыда, білім беру ұйымдарында және қоғамда кеңінен дәріптелуі қажет. Өйткені, адал азаматтардан ғана әділетті қоғам қалыптасады.
Әрбір тұрғын өзінің азаматтық ұстанымын танытып, заң талаптарын сақтап, кез келген заңсыз әрекетке бей-жай қарамауы маңызды. Қоғамдық бақылау мен белсенді азаматтық ұстаным жемқорлықтың алдын алуда ерекше рөл атқарады.
Біздің мақсатымыз – халықтың сеніміне ие болатын, ашық әрі есеп беретін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына, мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір күндік науқан емес, бұл әр азаматтың саналы таңдауы мен өмірлік ұстанымы. Бірлесе әрекет еткенде ғана біз адалдық пен әділдікке негізделген, болашағы жарқын қоғам құра аламыз.
Нұрбақыт Балтабаев,
Шақпақ ауылдық округінің әкімі