Basty bet
ТАЗАЛЫҚ – РУХАНИ БАЙЛЫҚ!
Тазалық – адамның мәдени һәм рухани байлығының көрінісі. Терең ойлы, тәлімді тәрбиелі азамат өзін де, өзгені де, айналасын да, қоршаған табиғатты да құрметтейді, қадірлейді. «Ауылына қарап – азаматын таны» деген. Демек, ауданның тазалығы сіз бен біздің бет-бейнеміз. Сырттан келген қонақ бізбен тілдеспей-ақ, айналаның ажарынан қандай екенімізді топшылап кетері анық.
Жуалыдай табиғаты көрікті мекеннің қай аймағына зер салып қарасаңыз да, тұнып тұрған сұлулықты көресің.
Осындай сұлу мекеннің бірі Теріс өзенінің маңында орналасқан «На речке» деп аталатын демалыс орны. Мұнда жанға жайлы шомылу бассейні, балаларға арналған ойын-сауық алаңшасы, келушілердің қызығушылығын одан әрі арттырады.
Демалыс орны маусымдық табыс көзі болып отырғандықтан, көп дүниелер болашақтың еншісінде. Мұнда көктемде сәуір айынан қыркүйекке дейін жалғасатын қызмет түрлері бар. Жалпы, 400 адамға арналған демалыс орталығында қонақ үй, 15 тапшан, 5 беседкасы, 1 бастырма және жиындар өткізетін залдары бар.
Негізі айтайын дегенім, кәсіпкер келушілерден қызмет ақысын алған соң бірінші орынға тазалықты қолға алса… Әжетхана мен жуыну бөлмесінің есігі құлап жатыр, кіретін болсаң сол есікті сүйреп жабасың, барлық жағдай жасалған суда келіп тұр. Неге жасалған жағдайды өзіміз құртамыз. Иә, демалыс орталығының келбеті оның тазалығынан көрінеді. Ал оны мұнтаздай етіп ұстау – баршамызға ортақ іс. Бар мәселені бір кәсіпкердің міндетіне іліп қойғанымыз тағы болмас. Өйткені мұнда күніне қаншама адам келеді, тазалап шығу қай тұрғыдан алсақ та мүмкін емес. Сондықтан әр адам айналасына құрметпен қарап, отырған орнын таза ұстауға міндетті.
Ауыл тұрғындарын қала, шет ел аралатпай-ақ, өзіміздің өңірдің тамаша жерлерін демалыс орталығына айналдыру арқылы қуаныш сыйлауды көздеген болсақ, неге тазалық жұмыстарын жүргізбеске?! «Бірінші байлық – денсаулық, тазалық – денсаулық кепілі» демекші, көше бойындағы күл-қоқыстардың өзі адам денсаулығына кері әсер ететінін естен шығармаған жөн!
Сонымен бірге тазалықты сақтау бұл да бір мәдениеттіліктің белгісі. Дегенмен тазалық мәселесіне немқұрайды қарайтын азаматтар қатары әлі де азаяр емес. Тұрмыстық қатты қалдықтарды әр жерге төгіп, табиғаттың көркін қашырып жүргендер де жетерлік. Демалуға бардың ба, қоқыстарды арнайы қоқыс жәшігіне тастаңыз. Тағы бір айта кетерлігі, сондай тамаша демалыс орнын сақадай-сай етіп отыруға болатынын айтқым келеді.
Бірақ соған қарамай, отырған жеріне ішкен-жегеннен қалған қоқыстарын тастап кететіндер де жоқ емес. Ескерте кетсек, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, оның ішінде, белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады.
Иә, тазалық – саулық кепілі. Айналаңның таза болуы, қоршаған ортаның гүлденуі не лайлануы барлығымызға үлкен сын. Табиғатты аялау, жүрген жерді таза ұстау, айналасына құрметпен қарау – әрбір адамның айнымас міндеті.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»