Basty bet
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды!»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымын мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек болады. Президент ерекше атап өткендей, қоғамдағы маңызды құндылықтардың ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Заңның алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида.
Тақырып төңірегінде тағы бір ерекше атап өтерлігі, жылдың басында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Turkistan» республикалық газетінда жарияланған сұхбатында да заң мен тәртіптің қоғам дамуындағы маңызды тұстары ерекше атап өтілді. Бұған Президенттің: «Біз өркениетті, әділетті мемлекет құрып жатырмыз. «Заң үстемдігін» қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру, мәдениетті болу, аянбай еңбек ету, тәртіпке бас ию және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау арқылы ғана осы мақсатқа жетеміз. Еліміздің болашағы дарынды, бастамашыл әрі отаншыл жастардың қолында. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Себебі, Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың жасампаз қуатына сенемін» деген сөзі айқын дәлел.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында ел өңірлерінде құқықтық мәдениет пен заңға құрмет көрсету және заңдылықты қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынып, ұйымшылдықпен атқарылып келе жатқанын жақсы білеміз.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында апта ортасында ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылында «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік» тақырыбында құқықтық жиын өтті. Қоғам дамуындағы маңызды жиында ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрғындардың ортақ жауапкершілігін күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, интернет-алаяқтардан сақтану, жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі мен нашақорлықтың зияны, жол қозғалысы қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және өрт қауіпсіздігін сақтау, жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық полиция бөлімінің, төтенше жағдайлар бөлімінің және отбасын қолдау орталығының және жастар орталығының басшылары, ауылдық округтің әкімі, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар шақырылды.
Құқықтық жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, қоғам өкілдерінің арасында құқықтық сауаттылықты арттыруды басты мақсат еткен топтың мүшелері Ақтөбе ауылдық округіне келіп отыр. Ондағы мақсатымыз – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу, қауіпсіз ауыл қалыптастыру бағытында округ тұрғындарының ортақ жауапкершілігін күшейту, сонымен қатар, өңірде құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне жол бермеу,- деп атап өтті өз сөзінде Анар Садыққызы.
«Тәрбиенің басы – талбесік» немесе жас ұрпақтың тәрбиесі – қоғамға ортақ мәселе
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, ең бірінші кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев пайымды ой-пікірлерімен бөлісті. Спикер өз сөзінде, ұрпақ тәрбиесіндегі халықтық озық тәжірибелерді қолға алудың қажеттілігін атап өтіп, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатында айтылған заңға бағыну, заңды сыйлау мәселесі ұлттық тәлім-тәрбиемен терең астасып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесінде отбасы мен ата-ананың рөлі ең бірінші орында тұратынын баса айтты.
«Отан отбасынан басталады» десек, тәрбиенің де басы талбесікте жатыр. Дана Абайдың: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға үші алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген даналық пайым-парасатқа толы сөзі бар. Ұрпақ тәрбиесінде осынау қағидалы сөзді басшылыққа алсақ одан ұтылмаймыз.
Жиын барысында аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ринатхан Заппаров интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыр туралы айтып, жиналғандарға жан-жақты құқықтық тұрғыдан кеңестер берді. Ал, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» мекемесінің директоры Жәмила Қалымбетова «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – отбасы мен қоғамның ортақ міндеті!» тақырыбында ауқымды баяндама жасады. Сондай-ақ, аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұртілеу Төрен жастар арасында заң және тәртіпті сақтау, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Қазіргі таңда жастар арасында қоғамның ерекше назарын қажет ететін мәселелердің бірі – зиянды әдеттердің алдын алу, оның ішінде – лудомания, есірткіге тәуелділік, темекі және электронды сигареттерді қолдану мәселелері бар. Аталған келеңсіз құбылыстар адамның денсаулығына ғана емес, оның психологиялық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына, білім алуына, еңбекке қабілеттілігіне және жалпы болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, құқықтық және ақпараттық сауаттылығын арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру – мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Лудомания, яғни, құмар ойындарға тәуелділік – адамның құмар ойындарға шамадан тыс әуестеніп, оны бақылау қабілетін жоғалтуымен сипатталатын әлеуметтік-психологиялық мәселе. Құмар ойынға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына, жұмысы мен оқуына және психологиялық ахуалына кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты жастар арасында лудоманияның алдын алу және оның зияны туралы түсіндіру мақсатында аудан көлемінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен барлығы – 21 іс-шара өткізілді. Оның ішінде, 8 дөңгелек үстел отырысы және 13 жастармен кездесу ұйымдастырылып, аталған шараларға барлығы – 523 жас қамтылды. Аталған іс-шаралар барысында жастарға құмар ойындардың адам өміріне тигізетін кері әсері түсіндіріліп, қаржылық сауаттылықты арттыру, бос уақытты тиімді пайдалану және саламатты өмір салтын ұстану жөнінде ақпараттар берілді.
Жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алудың тиімді жолдарының бірі – олардың бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы ұйымдастыру. Қазіргі таңда жастардың бос уақытын өткізудің түрлі мүмкіндіктері бар. Бірі спортпен және шығармашылықпен айналысса, енді бірі әлеуметтік желілерге, компьютерлік ойындарға немесе басқа да зиянды әрекеттерге тәуелді болуы мүмкін. Осыған байланысты жастардың жазғы маусымдағы бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында – 31 іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараларға 930-ға жуық жас қамтылды.
Жастар – елдің болашағы. Олардың дені сау, білімді, белсенді және жауапты азамат болып қалыптасуы – баршаға ортақ міндет. Сондықтан жастардың бос уақытын пайдалы іске бағыттап, олардың шығармашылық, спорттық, білім беру және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына жағдай жасау – болашаққа жасалған маңызды инвестиция,- деді баяндамашы.
Айта кету керек, құқықтық жиында аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков жастардың денсаулығын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ақтөбе ауылдық округіндегі «Заң мен тәртіп: Қауіпсіз ауыл – ортақ жауапкершілік» тақырыбындағы құқықтық жиында қатысушылар тарапынан пікірлер айтылып, сұрақтарға тыңғылықты жауап берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»