Basty bet

Жедел ішек инфекциясы дегеніміз не?

Жедел ішек инфекциялары (ОКИ) – бактериялар, вирустар немесе паразиттер арқылы жұғатын, асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен сипатталатын жұқпалы аурулар тобы. Негізгі белгілері: іш өту, құсу, жүрек айну, іштің ауыруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік және сусыздану.
Балалардың арасында ротавирустық инфекция жиі кездессе, ересектерде тағамдық токсикоинфекциялар мен бактериялық инфекциялар жиі анықталады.
Инфекцияның жұғу жолдары
-Жедел ішек инфекциялары келесі жолдар арқылы таралады:
-Ластанған су ішу;
-Жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидекті пайдалану;
-Дұрыс термиялық өңделмеген ет, балық, жұмыртқа өнімдерін тұтыну;
-Ластанған қол арқылы;
-Науқас адаммен немесе инфекция тасымалдаушымен байланыс кезінде;
-Ластанған тұрмыстық заттар арқылы.
Балалар мен ересектерге арналған алдын алу шаралары
1. Қол гигиенасын сақтау
Қолды сабынмен мұқият жуу қажет:
Тамақ дайындау алдында;
Тамақтанар алдында;
Дәретханадан кейін;
Баланың жөргегін ауыстырғаннан кейін;
Көшеден келген соң;
Жануарлармен байланыстан кейін.
Қолды кемінде 20 секунд бойы жуу ұсынылады.
2. Қауіпсіз ауыз су пайдалану
Тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу;
Ашық су көздерінен су ішпеу;
Судың сапасына күмән туған жағдайда міндетті түрде қайнату.
3. Тағам қауіпсіздігін сақтау
Ет, балық және жұмыртқаны толық пісіру;
Сүт өнімдерінің жарамдылық мерзімін тексеру;
Дайын және шикі тағамдарды бөлек сақтау;
Тоңазытқыштағы температуралық режимді сақтау;
Көшеде сатылатын күмәнді тағамдарды тұтынбау.
4. Көкөністер мен жемістерді мұқият жуу
Барлық көкөніс, жеміс-жидек және көк шөптерді ағын сумен жақсылап жуып, қажет болған жағдайда қайнаған сумен шаю керек.
5. Балаларға ерекше назар аудару
Баланың жеке ыдысын пайдалану;
Ойыншықтарды жүйелі түрде жуу және дезинфекциялау;
Балаларды қол жуу дағдыларына үйрету;
Бөтелке, емізік және балалар ыдыстарын стерилизациялау.
6. Ротавирусқа қарсы вакцинация
Ротавирустық инфекция нәрестелер арасында ауыр сусыздануға әкелуі мүмкін. Сондықтан профилактиканың тиімді әдістерінің бірі – ротавирусқа қарсы вакцинация.
Жаз мезгіліндегі сақтық шаралары
Жазда ішек инфекцияларының таралу қаупі жоғарылайды. Осы кезеңде:
Тез бұзылатын тағамдарды бөлме температурасында ұзақ сақтамау;
Салқындатқышсыз сақталған тағамдарды пайдаланбау;
Су айдындарында шомылған кезде суды жұтып қоймауға тырысу;
Көшедегі тағамдардың сапасына ерекше көңіл бөлу.
Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда
Егер келесі белгілер байқалса:
-Қайталамалы құсу;
-Жиі іш өту;
-Дене қызуының көтерілуі;
-Іштің қатты ауыруы;
-Әлсіздік;
-Шөлдеу, ауыздың құрғауы;
-Дәрігерге қаралу қажет.
Сусызданудың қауіпті белгілері
-Балаларда және ересектерде:
-Ауыз қуысының құрғауы;
-Көздің шүңіреюі;
-Сирек зәр шығару;
-Қатты әлсіздік;
-Ұйқышылдық;
-Тері серпімділігінің төмендеуі.
Бұл жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет.
Жедел ішек инфекцияларының алдын алудың негізгі қағидалары – жеке бас гигиенасын сақтау, қауіпсіз су пайдалану, тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балаларды ерте жастан тазалыққа үйрету. Қарапайым профилактикалық шараларды орындау арқылы көптеген ішек инфекцияларының алдын алуға болады!

Данияр Тұрабеков,
аудандық орталық аурухананың дәрігері

Таңдаулы материалдар

Close