Basty bet
Дін және ел жастарының міндеті
«Жас келсе – іске, қарт келсе – асқа!» демекші, қай істе болсын, жастардың үлес салмағы үлкен. Олар көптігімен емес, тәуекелшілдігімен, табандылығы және қайсарлығымен мықты. Тарихтың қайсыбір қатпарына көз салсақ та, жастардың қатысуынсыз ешбір істің бітпегенінін анық аңғару қиын емес.
Жастық – ең алып күш. Дін мен дәстүрдің қанаты кеңге жайылып, ғұмыры ұзақ болуы үшін елдің жағдайы жақсарып, қоғамда тұрақтылық орнауы үшін де жастардың көмегі керек-ақ. Өйткені, жастар – елдің ертеңі. Жастық шақ – адам баласының қайта айналып келмейтін көктемі болса, бүгінгі жастар – ертеңгі ақыл айтар аға, ұрпақ тәрбиелейтін дана, елдің ақсақалы мен ақжаулықты анасы. Ал, олар даналыққа жетуі үшін олардың қазіргі алтын уақыты арзан дүниелермен өтіп кетпеуі тиіс…
Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналып отырғаны белгілі. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан, интеллектуалдық тұрғыдан жан-жақты дамыған озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық міндет. Ел тұрғындарының үштен бірі – жастар. Ал жас буын өкілдерін жат қылықтардан, бейәдеп іс-әрекеттерден және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру – аса маңызды істің бірі. Қазіргі жаһандану үрдісіне орай жастардың көзқарасы, олардың ойлау ерекшелігі, таным-түсінігі, мәдениеті де өзгеруде.
Демек, ел болашағы саналатын жастармен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істейтін уақыт келген сыңайлы. Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы өскелең ұрпақтың өкілдерімен жұмысты жандандыру мақсатында әр саланың білікті мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын «Жастар кеңесін» құрды. Бірнеше жылдан бері жастар арасында дін мен дәстүрді дәріптеп жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторы белсенді жас буынның атсалысуымен әртүрлі форматтағы іс-шараларды атқарып келеді.
Құран Кәрімдегі «Кәһф» сүресінде иманын сақтап, үңгірге жасырынған жастардың оқиғасы баяндалады. Осы сүреде: «Олар иман келтірген жастар еді» деп сипатталады. Ал адамзаттың асылы, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жастардың ең абзалы үлкендерге ұқсағандары, сондай-ақ үлкендердің ең жаманы (ғапылдыққа салынып) жастарға ұқсағандары» деп айтқан. Бұл хадистегі үлкендерге ұқсау дегенді сырт келбетін ұқсатумен шатастырып алмау керек. Пайғамбарымыз бұл өсиеті арқылы жастарды жаман әдеттерден тыйып, оларды даналыққа шақырған.
Жасыратыны жоқ, кейбір жас буынның өкілдері ақшаны бірінші орынға қояды. Ақша – ең маңызды құндылық емес. Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылғанмен, бірақ ақшаны бірінші орынға қою дұрыс емес. Ақшадан да маңызды дүниелер бар. Қаражатың бола тұра, жаныңда сені түсінетін жақын адамың болмаса немесе денсаулығың сыр берсе, өзіңді шынайы бай адам деп есептеудің өзі қиын. Мұндайда Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның: «Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам сол» дегені еске түседі. Демек, материалдық байлықтан маңызды нәрселерді естен шығармауға тиіспіз.
Жастық шақ – еліктеушілікке бейім уақыт. Бір сәттік ләззат үшін бүкіл өміріңді қор етудің қажеті жоқ. Әділетті әмірші Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) былай деген: «Харамнан бақыт іздесең, бақыт саған харам болады». Өмірде ақ пен қара, жақсы мен жаман алма-кезек кезіп тұрады. Кейде өзіміздің қателігіміз себепті немесе Алла Тағала мұсылмандардың мәртебесін көтеріп, мол сауапқа кенелуі үшін сынақтар жіберуі мүмкін. Тіпті, әділетсіздікке ұшырап, жанымыз қиналуы мүмкін. Мұндай кезде тағдырға риза болып, артық сөз айтпай, табандылық танытқан абзал болмақ.
Сонда ол нәрседен сабақ алып, ары қарай жылжи алсақ, Алланың қалауымен бұдан да биік шыңды бағындыратынымыз анық.
Жастарға айтар тағы бір құнды кеңес – бәріне ұнауға тырыспау. Өмірде сіз ұнатпайтын немесе сізді жақтырмайтын адамдарды кездестірдіңіз делік. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы әрі елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедті де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұнатпайтындар болған. Бұл – сізде қандай да бір кемшілік бар және оны түзету керек деген сөз емес. Ең бастысы, өз қалпыңнан таймай, мақсатқа жету.
Жастарға қажет дағдылардың бірі – ізденуді тоқтатпау. Тек бір ғана кәсіптің, мамандықтың төңірегінде қалып қоймай, үнемі іздене беру керек. Әртүрлі қабілетіңді ашып, жетістікке жетуге мүмкіндік беретін дағдыларыңды дамыту және пайдалы кітаптар оқу кез келген ортаға бейімделуге септігін тигізеді. Бұл әсіресе өмірдің қиын кезеңінде құтқарып қалатын айрықша қабілетің болуы тиіс.
Жақсы дос табу, жақсы орта таңдау – жастар үшін өте маңызды шешім. Өйткені, адам баласы ортасы арқылы өседі. Досының себепкерлігімен көптеген жетістіктерге жетеді. Алла жолында дос болудың маңызы жайлы қасиетті кітабымыз Құранда былай делінген: «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және де шыншылдармен бірге болыңдар» («Тәубе» сүресі, 119-аят). Шыншылдар дегеніміз – мүміндердің арасындағы таңдаулы жандар. Алла Тағала олар туралы былай деген: «Мүміндердің арасында Аллаға берген уәделерін шындыққа шығарған нағыз ерлер бар» («Әхзаб» сүресі, 23-аят).
Жаратқан Жаббар Хақтан уахи түскенде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасы қырықта болатын. Ал насихатына еріп, иманға келгендердің басым бөлігі жастар еді.
Жалпы дінді насихаттаған кезде де Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жастардың орнын ерекше бағалаған. Бір хадисінде балалығын байсалдылыққа жеңдіріп, ақыл тоқтатып, имандылық жолында ерте есейгендерді ең қайырлы жас деп сипаттайды. Риуаят бойынша, Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) өзінің халифалығы кезінде қандай да бір қиын мәселе сөз болғанда жастардан арнайы пікір сұрайды екен. Өйткені олардың ойлары жүйрік, зерек болады деп тұжырымдаған.
Жиырмасыншы ғасырдың басында ерекше белсенділігімен тарих сахнасына шыққан қазақ зиялыларының да басым бөлігі жастар болғаны белгілі. Олар ғасырлар бойы бодандықта болып келген елдің қиын жайына жайбарақат қарап отыра алмай, біліммен қаруланып, азаттық жолындағы күресті бастап кетті. Олар ел-жұртты, оның ішінде, жастарды жаңа заманға бейімделіп, дербес ел болудың қамын ойлауға шақырды. Нәтижесінде, әр жерде қазақ жастарының ұйымы құрыла бастады.
Жастық шақ – талайлар қайта айналып барсам деп армандаған, бір минутын болса да қайтарып берсе деп қиялдаған алтын кезең. Ғалымдар жастық шақты тәуліктің сәске уақытына ұқсатады екен. Сәске уақытында күн қаншалықты қызып, жер бетіне шуағын мейлінше төгетіні секілді жастық шақ – тау қопарып, елдің жүгін арқалайтын уақыт. Сондықтан алтын уақытын босқа өткізбей, бойдағы күш пен жігерді елдің игілігіне сарп еткен ғана ұтады, мұратына жетеді.
Алла Тағала жастарға иман байлығын нәсіп етіп, қасиетті Отанға, ел мен жерге адал қызмет ететін салиқалы ұрпақтың қатарын арттырсын!
Рамазан АБДЕЛИЕВ,
аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің теолог маманы