Basty bet
Көше және жаяулар жолы жөнделіп, лоток салынуда
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін ел өңірлеріндегі тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Қазіргі таңда жыл санап елде демографиялық өсімнің артып келе жатқаны анық байқалады. Бұл – қуанышты жағдай әрине.
Басқа өңірлер сияқты қасиетті Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын таза ауызсу жүйесімен, табиғи газ құбырымен, электр желілермен және қанағатанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан да көбірек көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Өңірдегі қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта биыл аудан көлемінде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Тұрмыстық игіліктердің бірі ретінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту, оның ішінде, басты қатынас құралы саналатын автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде, ауыл-аймақтарды және алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын және ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарының маңызы зор.
Бұл мақсатта 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі!» бағдарламасының аясында барлығы – 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. Оның ішінде, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр қасиетті өңірде барлығы – 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, 2024 жылға жалпы ел қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржы-қаражат қаралып, 40 жобаның аясында барлығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары сапалы атқарылды.
Оның ішінде, былтыр аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы – 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі) орта жөндеуден өтсе, оған қоса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы – 11 жобамен жалпы ұзындығы 12 шақырым жол жөндеуден өтті. Биыл да аудан көлемінде бірнеше шақырым көше жолдары жөнделеді.
Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие бағдарламалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында былтыр 824,0 мың теңгеге 28 жобамен жалпы ұзындығы – 28,47 шақырым жол жөндеуден өткенін айта кеткен жөн. Былтыр жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілсе, биыл ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында жеті көшені орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Айтса айтқандай, жол – экономиканың күретамыры. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындарының күнделікті қарым-қатынас құралы саналатын ауылішілік және ауыларалық жолдардың сапасын арттыру өте маңызды мәселе. Б.Момышұлы ауылында көшелерді жөндеу жұмыстары биыл мамыр айының ортасында басталып, қазір бірқатар көшеде құрылыс-монтаж жұмыстары, оның ішінде, тегістеп, таптау жүргізілу үстінде. Онымен қоса, бірқатар көшелерде жаяу жүргіншілер жолы да қоса салынуда. Одан бөлек, ауылдың ең үлкен көшелерінің бірі – Тәуелсіздік көшесінде суағар бетон лотоктар салыну үстінде.
Ендігі кезекте нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ, қазір орталықтағы Жамбыл көшесінің жолына, онымен қоса, осындағы жаяу жүргіншілер жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бірінші кезекте жаяу жүргіншілер жолының жиегіне бетон бордюрлер қойылып, жолдың ортасы қиыршық тасты ірі құммен тегістелуде. Бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін үстіне оның асфальт жабыны төселеді. Жұмысты ұтып алған мердігер мекеменің өкілдері жаяу жүргіншілер жолы аяқталғаннан кейін көше жолын жөндеу жұмысы басталатынын айтады.
Жамбыл көшесінің жалпы ұзындығы шамамен – 1 километр, 200 метрді құрайды. Қазір жаяу жүргіншілер жолының құрылысы аяқталуға таяу. Бұл жобаны құрылыс нарығында ұзақ жыл тәжірибесі бар тараздық «ПМК-109» аталатын ЖШС атқару үстінде. Құрылыс жұмыстарының басында 10 шақты маман-жұмысшы, одан бөлек, техника рөлінде кәсіби мамандар қызу еңбек етуде. Атап айтқанда, негізінен құрылыс жұмыстары 12 бірлік қуатты арнайы техниканың күшімен атқарылуда. Техникалардан – 6 бірлік КамАЗ, екі бірлік жол тегістеуге арналған автогрейдер, әртүрлі салмақтағы грунтты котоктар, эксковатор, су тасуға арналған жүк көліктері, т.б. бар.
Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеменің бригадирі Болат Нарымбаев өз сөзінде, жұмыстар мамыр айының ортасында басталғанын айтып, тиісінше, тамыз айының алғашқы бөлігінде толықтай кестеге сәйкес аяқталатынын айтады. Қолданылатын құрылыс материалдарының дені отандық өнімдер. Таратып айтсақ, жолжиегіне арналған ұзындығы бір метрді құрайтын бетон бордюрлер Шымкент қаласынан жеткізілген. Ең қажетті материалдың бірі – асфальт та Шымкенттен осында жүк көліктерімен жеткізілмек. Қалғандары облыс аумағынан алынады. Жамбыл көшесінің жолы және онымен қапталдаса орналасқан жаяу жүргіншілер жолымен қоса, орталық алаңның аумағы да бірге орта жөндеуден өтеді.
Биыл Бауыржан Момышұлы ауылында ұзындығы әртүрлі жеті бірдей көшенің жолына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі. Олар – Жамбыл (жаяу жүргіншілер жолымен бірге), Жанқожа батыр, Боранды-1, Боранды-2 (екі бөлігі), Желтоқсан, Әйтеке би көшесінің екі бірдей бөлігі және З.Елшібаев көшелері. Қазір аталған көшелердің барлығында құрылыс жұмыстары басталған. Сәтін салса, жақын күндері көшелерге кезегімен асфальт жабыны төселеді.
Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының ішінде, Тәуелсіздік көшесіне суағар бетон лоток салу жұмыстарының атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Жергілікті кәсіби маман Нұрсұлтан Артаев жетекшілік ететін серіктестіктің атқарып жатқан жұмысын өнімді деп айтуға болады. Қазір құрылыстың басына негізгі қажетті материалдар толық жеткізілген. Лоток орнатылатын орынға терең шұңқыр қазылып, оған ұзындығы екі метрді құрайтын темір-бетон науалар (лоток) қойылу үстінде. Құрылыс басында арнайы техникалар және жұмысшы мамандар қызу еңбек ету үстінде.
Бір сөзбен айтқанда, аудан орталығында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары қызу. Өңір тұрғындарына қолайсыздық тудырмас үшін жұмысқа жауапты мердігер мекемелер құрылысты кестеге сәйкес уақтылы аяқтауды қолға алып, тегістелген көшелерге тездетіп асфальт жабынын төсеуді кезек күттірмей атқаруы тиіс…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»