Basty bet

Жеке куәлік алдым!

Құжат алуыма көмек қолын созған кісілерге айтар алғысым шексіз

Менің аты-жөнім – Шақарбаева Оразгүл Сатымбекқызы. 2009 жылы Өзбекстан Республикасы Хорезм облысының Үргеніш ауданына қарасты Шалыс ауылынан Жуалы ауданына отбасы мүшелерімен бірге көшіп келдім. Бүгінде Б.Момышұлы ауылында тұрамыз. Отбасында өзіммен бірге анам және екі інім тұрады. Анам мен інілерім Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын жеке куәліктерін алды. Ал менің құжаттарым дұрыс болмай, азаматтықты уақтылы ала алмадым.
Неге екені белгісіз, Өзбекстаннан осында қоныс аударарда қажетті құжаттардың барлығын сонда ұмытып тастап кетіппін. Содан алғашқыда ауданнан жұмыс іздеп, Б.Момышұлы ауылындағы «Керуен саз» асханасына жұмысқа орналастым. Бірақ, құжаттарымның түгел еместігін асхананың басшылығына түсіндірген болатынмын.
Кезекті жұмыс күндерінің бірі болатын. Түскі ас ішетін уақытта асханаға жастары егде тартқан төрт-бес кісі тамақтануға келді. Тамақтарын әкеліп, дастарқан дайындап жүргенде ол кісілер мені сөзге тартып, «Қайдан келдің, қай жақтың тумасысың?», «Қазақстан Республикасының азаматтығын алдың ба?» деген сұрақтар қоя бастады. Мен де ол кісілерге қайдан келгенімді және әлі күнге дейін жеке куәлік ала алмай жүргенімді айтып, мән-жайды түсіндірдім.
Содан кейін ол кісілер мені басшылардан сұрап алып, Б.Момышұлы әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан «Дүниежүзі қазақтары» қауымдастығының аудандық бөлімшесіне ертіп алып келді. Осы бөлімшенің жұмысын жүргізіп отырған азамат Шора Ысқақовпен таныстырып, менің жағдайымды бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, баяндады.
Шора Ысқақов менің бар құжаттарымды алып тексеріп, туу туралы куәлігімнің дубликатын Тараз қаласына барып жасатып келу керектігін айтты. Мен де көп ұзамай туу туралы куәлікті жасатып келіп, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына барып, оралман кітапшасына қажетті құжаттардың барлығын жинап өткіздім. Көп ұзамай құжаттарым дайын болып, барлық құжаттарды алып көші-қон мекемесіне өткіздім. Бұл 2021 жылдың қараша айы болатын. Содан биылғы жылдың наурыз айында көптен күткен Қазақстан Республикасының азаматтығын алдым. Көптен күткен қуанышты сәт те орын алды.
Азаматтық куәлігімді алған соң ендігі кезекте аудандағы қандастар бөлімшесіндегі Шора Ысқақовқа қайта келіп: «Мені сол кезде сізге алып келген кісі кім, аты-жөнін айтыңызшы, ол кісіге алғысым жеткізейін деп едім» деген өтініш айттым. Сөйтсем, мені Ш.Ысқақовқа алып барған кісі Б.Момышұлы ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов деген азамат болып шықты.
Осы ретте менің құжаттарымды реттестіруге, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуыма себеп болып, шынайы көмек көрсеткен осындай ізгілік нұрын шашқан азаматтарға аудандық газет арқылы алғыс айтайын деп шешім қабылдадым. Көмек қолын созған осындай кісілердің отбасыларына амандық пен береке-бірлік, дендеріне саулық тілеймін.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қай жерде де, қай кезде де жақсы жандардың көрегендігі мен қайырымдылығын ұмытуға болмайды.

Оразгүл ШАҚАРБАЕВА,
Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close