Basty bet
Білікті маман – мемлекеттік қызметтің беделі
Айналамызда тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Олардың әрқайсысының қоғам алдында өз міндеті, көтерер жүгі мен жауапкершілігі бар. Алайда солардың ішінде мемлекеттік қызметшілердің орны ерекше. Өйткені олар халықтың мүддесін бәрінен жоғары қойып, мемлекет тарапынан жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауға күш салады. Мемлекеттік қызмет – халыққа қалтқысыз қызмет етудің, жауапкершілік пен адалдықтың айқын көрінісі. Осы жолда ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы Әлия Сыздықбаева.
Әлия Тұрғынбайқызы Қызыларық ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектепті тамамдаған. Сол жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2002 жылы Қызыларық ауылдық округі әкімдігі аппаратында маман қызметінен бастаған. Қызмет барысында өзінің кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсете отырып, жетекші маман, кейін бас маман лауазымдарына дейін көтерілді.
2015 жылдың сәуір айынан бастап Қызыларық ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімшесінің басшысы қызметін атқарып келеді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындап, құжат айналымын жүйелеу, есеп жүргізу және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру бағытында жемісті еңбек етіп келеді.
– Салада еңбек етіп келе жатқаныма біраз уақыт болды. Осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтап, қызметтік жолдан өттім. Бұл – жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым. Жастайымнан ауыл әкімдігінде жұмыс істеуді армандайтынмын. Бала күнгі арманымның орындалғанына шүкіршілік етемін. Жалпы, мемлекеттік қызметші халыққа адал қызмет етуі тиіс. Себебі ол – мемлекеттің айнасы, мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маман. Сондықтан өзіне жүктелген әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, оны уақтылы әрі сапалы орындауы қажет. Ауылымыз аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан, бастапқы кезде интернет желісіне байланысты қиындықтар жиі кездесетін. Аудан мен ауылдың арасында қатынап, бухгалтерлік құжаттарды өткізу үшін апталап үй көрмейтін кездеріміз болды. Қазір, шүкір, ауылға ғаламтор желісі тартылып, жұмысымыз бір жүйеге түсті. Ол қиындықтардың бәрі артта қалды.
Сонымен қатар, цифрландыру бағытындағы жаңашыл бастамаларды тиімді пайдаланып, жұмыс үдерістерін жетілдіруге ықпал етуге ұмтыламын. Болашақта жинақтаған тәжірибем мен білімімді қоғам игілігі үшін нәтижелі қолдану – басты мақсатым –дейді білікті маман.
Әріптестері арасында іскерлігімен, қарапайымдылығымен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін Әлия Сыздықбаева тұрғындармен жұмыс барысында да жоғары мәдениет пен кәсібилік танытып келеді. Оның көпжылдық тәжірибесі мен қызметке деген адалдығы жас мамандарға әрдайым үлгі.
Әлия Сыздықбаева – әріптестеріне өнеге, ұжымға сыйлы жан. Өзінен кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп жүрген тәжірибелі маман. Жұмыстағы әріптестері де ол туралы әрдайым жылы пікір білдіреді.
–Әлия Тұрғынбайқызы мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Ол өз жұмысына асқан жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайды. Ұжым ішінде үлкен құрметке ие. Артық сөзі жоқ, істің адамы. Білгенін жастарға үйретуден, оларға ақыл-кеңес беруден ешқашан жалыққан емес. Түрлі кезеңдерде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинақтаған өз ісінің шебері, – дейді әріптестері.
Келбеті келісті кейіпкеріміздің жылы жүзді, жарқын мінезді жан екенін алғаш көрген адам-ақ аңғарады. Оның еңбекке деген адалдығын, шынайы болмысын әріптестері жақсы біледі. Қызметтегі жауапкершілігі, ұжымдағы абыройы, ағайынға жанашырлығы мен жұмыстағы ыждаһаттылығы оны ортасына сыйлы етіп келеді. Сондықтан да ол марапат мінберінен жиі көрініп жүр. Бірнеше рет аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған оның еңбегі жас буынға үлгі.
Қазақта «Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды» деген нақыл сөз бар. Бүгінде мемлекеттілікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды бастамалар қолға алынуда. Ал сол игі бастамалардың жүзеге асуына үлес қосып жүргендер – мемлекеттік қызметшілер. Қоғамда мемлекеттік қызметті тек мансап деп бағалайтындар да кездеседі. Алайда бұл – мемлекеттік қызметтің мәні мен маңызын толық түсінбегендердің пікірі. Себебі, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Өз жұмысынан рухани күш алып, ел игілігі үшін аянбай еңбек ететін маман – қызметте білікті, өмірде бақытты адам. Ал білікті маманның туған елінің көркеюі жолында еңбек ететіні сөзсіз.
Мемлекеттік қызмет саласындағы еселі еңбегі мен кәсіби шеберлігі арқылы Әлия Сыздықбаева ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Осындай білікті де тәжірибелі мамандардың еңбегі ел игілігі жолындағы маңызды жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына негіз болып отыр.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»
