Basty bet
Өнегелі отбасында өрелі ұрпақ өседі
Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Газет бетінде ауданымыздағы елге сыйлы отбасыларды жұртшылыққа таныстыруды дәстүрге айналдырып келеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз ұрпаққа берген тәлім-тәрбиесімен, туған-туыс, көрші-қолаң арасындағы сыйластығымен, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет сезімімен көпке үлгі болған шаттығы тасыған шаңырақтың бірі – Оразбаевтар әулеті. Бүгінгі мақаламыз қоғамда өз орны бар тұлғалардан құралған өнегелі отбасы жайында болмақ.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген аталы сөз текке айтылмаса керек-ті. Осындай жанның бірі көкірегі даңғыл, көңілі дария қария Оңғар Оразбаев шаңырағының саялы бәйтерегі. Өмірден білген-түйгенін ұл-қыздары және немерелеріне үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Орынкүл Бегімбетова, қолы қалт ете қалса немерелеріне өткен күндерден әдемі естеліктер айтып, тағылымы мол ғибратты әңгімелерден сыр шертеді.
Білімді болу – бәрінен бұрын адам болуға жетелейтін қасиет. Өзі таңдаған мамандықты жан-тәнімен беріліп қызмет атқаруының арқасында аудандық орталық кітапханада «Кітап қоры» басшысы қызметіне дейін көтеріліп, зейнетке шыққан Орынкүл апай немерелерін үнемі кітап оқуға тәрбиелеп отырады. Берген тәрбиенің жемісі болар немересі Мирас әдеби жарыстан жүлделі орындар иеленіп келетінін зор мақтанышпен жеткізді.
– Отағасы Оңғар Оразбайұлымен 1971 жылы шаңырақ көтердік. Жап-жаспыз. Өзім Түлкібас ауданында дүниеге келгенмін. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтына оқуға түсіп, «Кітапхана ісі» мамандығын игеріп шықтым. Жолдамамен қасиеті дарыған Жуалы ауданындағы орталық кітапханаға, кітапханашы болып жұмысқа тұрдым.
Оңғар кітап, газет оқуға өте құмар еді. Жиі-жиі кітапханаға келіп, тұрақты оқырманы болды. Осылай таныстық. Жарты жылдан астам сөйлесіп, байланысты үзбедік,- дейді Орынкүл апай.
Әулеттің саялы бәйтерегіне айналған Оңғар Оразбайұлы Шымкент қаласындағы техникумды «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тамамдайды. Ш.Үлеков атындағы фабрикада ұзақ жылдар бойы есепші болып еңбек етеді. Фабрика тоқырауға ұшырағаннан кейін аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының әкімшілігінде маман болып жұмыс істейді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана – отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы. Отбасында екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп, бүгінгі таңда 10 немере сүйіп отырған бақытты жандар. Тұңғыш қызы Айнұр әке жолын жалғастырып, облыстық «Аяла» балалар оңалту орталығында бас есепші болып еңбек етсе, екінші қызы тігіншілікті меңгеріп, ісмер болып жұмыс істейді. Ал ұлы Бағдат аудандық қазынашылық басқармасының басшысы қызметін атқарып келеді. Келіні Жансұлу аудан орталығындағы “KMF микроқаржылық ұйымында” несие-сарапшы болып ұзақ жылдан бері еңбек етеді.
– Атам да, енем де балаларына осы уақытқа дейін қабағын шытып, ауыр сөз айтып көрмеген. Бәрін ақылмен шешіп, түсіндіруді жөн санайды. Өз таңдауларына ерік берді. Содан болар бауырларының барлығы да әр саланың үздігі,- дейді келіні Жансұлу.
Отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғары үлгілерін сіңіретін де отбасы.
Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында да соны кәдеге асырады.
Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбіршілігі жарасым тапқан отбасына ғана мұндай баға беруге әбден болады. Иә, өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі шаңырақ кім-кімге болсын үлгі. Мереке сайын барлық немерелер мен жиендер қара шаңыраққа жиналып, ата-әжелеріне арнайы келеді. Отбасы толық жиналғанда үй-іші думанға толады. Ынтымағы жарасқан Оразбаевтар отбасының көрсетер өнегесі мол.
Осындай өнегелі ұл мен тәрбиелі қыз өсірген отбасы қатары көбейген сайын қазақтың мәртебесі биіктей беретініне біз қашанда сенімдіміз. Өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі шаңыраққа бақ-береке тілейміз. Міне, татулығымен тартымды болып отырған Оразбаевтар шаңырағының бүгінгі жай-күйі осындай. Махаббатқа толы жылы әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»