Basty bet
АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ЖАҢҒЫРТУ – АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының стратегиялық маңызы бар саласы. Оның тұрақты дамуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндірістің әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру мәселесіне айрықша назар аударды.
Президент ауыл шаруашылығында қол жеткізілген нәтижелерді атап өте отырып, саланың алдында әлі де шешімін күткен міндеттер бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, шаруаларды ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз ету, өндірістік үдерістерді технологиялық тұрғыдан жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру – алдағы кезеңнің негізгі басымдықтары.
Мемлекет басшысы фермерлерге қысқа мерзімді айналым қаражатынан бөлек, өз кәсібін ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін инвестициялық ресурстар қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, әлеуеті жоғары жобаларды қолдаудың маңызы зор. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сақтау және өткізу жүйесін дамытуға басымдық берілуі тиіс.
Жолдауда аграрлық секторды технологиялық жаңғырту мәселесі де кеңінен қозғалды. Заманауи тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін ауыл шаруашылығына енгізу – саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды қадамдар. Жаңа технологиялар жерді тиімді пайдалануға, егіс алқаптарының жағдайын бақылауға, шығынды азайтып, өнімділікті арттыруға жол ашады.
Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де ерекше маңызға ие. Президент суармалы егіншілік көлемін арттырумен қатар, суды үнемдейтін озық технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Бұл, әсіресе, су тапшылығы сезілетін өңірлер үшін өзекті. Суару жүйелерін жаңғырту, каналдардың өткізу қабілетін арттыру және судың ысырап болуын азайту ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, агрологистикалық орталықтардың жұмысын жолға қою және өнімді сақтау инфрақұрылымын дамыту міндеттері белгіленді. Өйткені шаруаның еңбегі мол өнім алумен ғана өлшенбеуі керек. Өндірілген өнімді тиімді сақтап, өңдеп, нарыққа сапалы жеткізу де маңызды.
Бұл міндеттер Жуалы ауданы үшін де айрықша өзекті. Аудан экономикасында ауыл шаруашылығының орны ерекше. Сондықтан суармалы жерлердің мүмкіндігін тиімді пайдалану, су жеткізу инфрақұрылымын жақсарту, шаруашылықтарға заманауи технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Президент Жолдауында айтылған міндеттер аграрлық саланы тек көлем жағынан емес, сапа тұрғысынан да дамытуға бағытталған. Ендігі мақсат – табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланып, ғылым мен технология жетістіктерін өндіріске енгізу арқылы ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыру.
Ауыл шаруашылығының қуаты – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының маңызды тірегі. Ал бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауылдың әлеуетін арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайта түседі.