Basty bet

Қабылданатын оң шешімдер – бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі

Апта басында аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен әкімдіктің кезекті аппараттық кеңесі ұйымдастырылды. Аппарат кеңесінің отырысына аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының қорытындысы және жасөспірімдердің жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру туралы Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева баяндама жасады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының (ҰБТ) нәтижесі және жасөспірімдердің жаз мезгіліндегі бос уақыттарын тиімді пайдалануы туралы маңызды мәселенің төңірегінде баяндаған жауапты бөлімнің басшысы атқарылған жұмыстардың бірқатарын атап өтті.
– Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты 39 білім беру ұйымындағы орта білім беретін 30 мектептің 29-ында 11 сыныптың оқушылары мектепті толық аяқтады. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес, Жамбыл облысының аумағында Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын (ҰБТ) тапсыруға арналған пунктте өткізілді.
Нақты нәтижеге келсек, биыл қаңтар-наурыз айларында ақылы оқуға түсуге (тест тапсыру ақысы – 5 640 теңге) және мамыр-шілде айларында (мемлекеттік грантқа) оқуға түсуге ниет білдірген мектеп бітірушілер тест сынағын тапсырды. 2026 жылдың қаңтар айындағы ақылы оқуға түсуге ҰБТ-ға 11 сыныптың 708 оқушысының 641-і (80,5%) мектеп бітіруші онлайн өтініш беріп, сынаққа оның 622-і (87,8%) қатысты. Наурыз айындағы тестілеуге 719 түлектің 626 (88,3%) мектеп бітіруші онлайн өтініш беріп, 626-сы (87,1%) қатысты. Оның ішінде, қаңтар айында – 68, наурызда – 71 мектеп бітіруші шығармашылық тест тапсырса, ал қаңтарда 554, ал наурыз айында 555-і 5 пән бойынша тест тапсырды. Қаңтар айындағы орташа балл – 68,1, ал наурыз айында 69,3-ті құрады. 100-ден жоғары балды қаңтар айында – 38 (6,8%), наурыз айында – 61 (11%) мектеп бітіруші алды.
Оқу жылын аяқтаған 729 (қазақ тілінде – 704 оқушы, орыс тілінде – 25) мектеп бітірушінің 690-ы (94,7%) Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын (ҰБТ) тапсыруға өтініш берген. 10 мамыр мен 10 шілденің аралығында өткізілген сынақ оқушыларға мемлекеттік гранттың иегері атану үшін екі рет тест тапсыруға мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.
2025-2026 оқу жылында мектеп бітірген түлектердің арасынан «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болған оқушылар туралы да ақпарат бере кеткен артық болмас. Оқу жылының басында «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер оқушылардың жалпы саны – 40 адам болған. Оқу жылының І тоқсанында бір үміткер төсбелгіден бас тартып, аудан бойынша 39 үміткер болды. Ал, қаңтар айында аудандық білім бөлімінен жұмысшы топ құрылып, білім мекемелері ұсынған тізімге сәйкес «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер оқушылардың құжаттары тексеріліп, тексеру қорытындысымен 8 үміткердің бағасы талапқа сәйкес келмеуіне байланысты тізімнен алынып, үміткерлер саны – 39-дан 31-ге кеміді. Ал, ІV тоқсанның қорытындысымен «Алтын белгі» төсбелгісіне 20 үміткер ғана қалды. Сонымен қатар, аталған төсбелгіге үміткерлердің ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айындағы ҰБТ қорытындысына да тиісті сараптама жүргізілді,- деп атап өтті Бахыт Рахымжанқызы.
Күн тәртібінде қаралған мәселеге байланысты білім бөлімінің басшысы жасөспірімдердің жаз мезгілінде бос уақыттарын тиімді пайдалануы туралы мәселеге сәйкес, 39 білім беру ұйымында мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлері 1-12 маусымның аралығында І кезеңмен жұмыс атқарғанын айтып, лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілген балалардың жалпы саны – 1 142, ал тамақтандырусыз – 5 065 бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадалардың жұмысына тартылғанын жеткізді. Жазғы сауықтыру лагеріне барлығы – 6 207 оқушы қамтылған.
Лагерьдің жұмысына – 6 852 000 теңге қаражат бөлінгенін атап өткен жөн.
– Сондай-ақ, жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында биыл барлығы – 350 бала қала сыртындағы лагерьде сауықтырылады деп жоспарланған. Сауықтыру лагерінде демалатын 350 балаға қомақты қаражат қарастырылып отыр. Биыл ауданның оқушылары Билікөл аймағында орналасқан «Тау самалы» сауықтыру лагерінде демалады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, қосымша білім беру мекемелерінде де жазғы сауықтыру лагері үш ай бойына жалғасады. Қазіргі таңда 1-15 маусым аралығында №2 Балалар өнер мектебінде төрт үйірме өткізілді. Атап айтқанда, қазақтың ұлттық ойындары – арқан тарту, асық ату және ағашқа ою салу секілді іс-шаралар мен спорттық үйірмелер жүзеге асырылды. Үйірмелерге барлығы – 45 оқушы қамтылған. Ал №4 Балалар өнер мектебінде ән, театр, сурет салу, домбыра және қолөнер үйірмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Аула клубы» мекемесінде шығармашылық, спорттық, пәндерден үйірмелер өткізілді. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектептердің ауласында, ауылдық округтерде орналасқан спорт алаңдарында әртүрлі спорттық іс-шаралар тұрақты өткізілу үстінде,- деді Б.Шертаева.
Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселеге байланысты аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Сәбит Қадыров қосымша баяндады. Оның айтуынша, биыл сәуір, мамыр айларында ауданға қарасты Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округтерде «Жасыл ел» бағдарламасының негізінде көктемгі көгеріштендіру, көгалдандыру, жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық «Мансап» орталығының жолдамасымен өңірдегі NEET санатындағы жастар және уақытша жұмыссыз жүрген 65 жас бір айлық маусымдық жұмыс атқарған. Сонымен қоса, жазғы демалыс айларында демалысқа шыққан студенттер мен ауылда жұмыссыз жүрген жастар және NEET санатындағы 30 жасты «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе – жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігінің алдын алу және жазғы шомылу маусымының барысында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, сонымен қатар, белгіленбеген орындарға ескертпе тақтайшалар орнату жұмыстары туралы Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Кеңесбек Абдраймов баяндады.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері аудан аумағында 12 өрт (2025 жылы – 10 дерек) оқиғасы тіркелген. Өрттен келген материалдық шығын – 350 мың теңгені (2025 жылы – 700 мың теңге) теңгені құраған. Өткен жылмен салыстырғанда, өрт дерегі – 16 %-ке өсіп, ал өрттен келген материалдық шығын 50 пайызға кеміп отыр. Биыл жыл басынан улы газдан уланудың 1 фактісі тіркелген.
– Өрт қауіпті кезеңінде орман және дала өрттерінің алдын алу, оны жою бойынша ағымдағы жылдың сәуір айында Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің өртке қарсы жасақтарының, орман шаруашылығы мекемесімен және шұғыл әрекет ету тобымен бірлесе отырып дала өрттерін сөндіру бойынша мамыр айында Қарасаз ауылының аумағында «Өрт-2026» РКШОЖ-ның аясында Қарасаз және Жетітөбе ауылдық округтерінің өртке қарсы жасақтарының, орман шаруашылығы мекемесімен, сонымен бірге, шұғыл әрекет ету тобымен арнайы тактикалық оқу-жаттығулары ұйымдастырылды.
Аудан аумағындағы табиғи өрттерді сөндіруге жұмылдырылатын 14 елдімекенде 258 ерікті өртке қарсы құрылым құрылған. Осы орайда ерікті өртке қарсы құрылымдарды қайта даярлықтан өткізудің қажеттілігі туындап отыр,- деді бөлім бастығы.
Аппарат кеңесінің қорытындысымен аудан әкімі Жалғас Мұртаза күн тәртібінде қаралған мәселелердің барлығында азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлудің маңызды жұмыс екенін атап өтіп, жұмысқа жауаптыларға бірқатар тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, жасөспірімдер мен жастардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарды ширату, оның ішінде, қауіпсіздікке көңіл бөлу, сонымен қатар, жазғы шомылу маусымы кезінде су айдындарының маңында демалатын азаматтардың суға кету оқиғаларының алдын алу, өрт қауіпсіздігі кезеңінде барынша сақ болу, жазатайым оқыс оқиғаларға жол бермеу, сонымен қатар, қауіпсіздік ережелерін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза кеңесті қорыта келіп, қай саланың жұмысында да басшылардың тарапынан қабылданатын оң шешімдер – бірлесіп атқарған ортақ жұмыстың нәтижесі екенін ерекше атап өтті.

Таңдаулы материалдар

Close