Basty bet
Кәсіптік оқыту арқылы тұрақты табысқа жол ашқан жоба
Елімізде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу аясындағы кәсіптік оқыту бағдарламасы 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының құрамында енгізілген болатын. 2021 жылдан бастап кәсіптік оқыту шаралары жалғасып, ұлттық және өңірлік жұмыспен қамту жоспарларымен сабақтастырылды. Ал, 2023 жылдан бері бұл бағыттағы жұмыстар Мансап орталықтары арқылы жүзеге асырылуда.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға бірнеше айдың ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Жуалы ауданында да аталған мемлекеттік бағдарламаның аясында азаматтар “Тopjargan” кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқытудан өтіп, жаңа мамандықты игеруде.
Орталықтың басшысы Нүрилә Мәлібекованың айтуынша, өткен жылы орталықтан 55 жұмыссыз азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткен. Сол жылы аспаз, кондитер, наубайшы, шаштараз және тігінші мамандықтарына сұраныс жоғары болған. Ал, биыл шаштараз мамандығының орнына массаж жасаушы мамандығы енгізіліп отыр. Бұл мамандықтардың барлығы жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қалыптастырылады.
Бағдарламаның талаптарына сәйкес кәсіптік оқытудың ұзақтығы мамандықтың ерекшелігі мен қажетті дағдыларға қарай 3 айдан 6 айға дейін созылады. Оқу кезеңінде қатысушыларға ай сайын шәкіртақы төленіп, жол жүру шығындары өтеледі. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары аяқталғаннан кейін бағдарламаға қатысушылар жұмыс берушілер арқылы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады.
Осындай талаптар негізінде тұрғындарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткізіп жүрген Нүрилә Эдиханқызы бізді аспаз және тігінші мамандықтары бойынша білім алып, куәлікке ие болған азаматтардың жұмысымен таныстырды.
Алдымен Б.Момышұлы ауылында жаңадан ашылған “Тopjargan” кәсіптік оқыту орталығына бардық. Мұнда қызу еңбек қайнап жатыр. Яғни, аспаздар жартылай дайын өнімдер әзірлеумен айналысуда. Бұл жұмыстардың басы-қасында Гүлмира Давиденко, Сандуғаш Жанұзақова және жүрімбайлық Согдиана Әбдіқұлова жүр.
– Біздің орталықта білім алушылардың мақсаты әртүрлі. Бірі тұрақты жұмыс табуды көздесе, енді бірі таңдаған саласын кәсіби деңгейде меңгеруге ұмтылады. Қысқа мерзімді оқыту курстарында қатысушылар тек өз мамандығын игеріп қана қоймайды. Сонымен қатар, оларға кәсіпкерліктің қыр-сыры да үйретіледі. Мәселен, экономика пәнінің аясында кәсіп бастау, бизнес жүргізу, маркетинг негіздері, тапсырыс берушілермен жұмыс істеу секілді бағыттар бойынша білім беріледі. Ең бастысы, кәсіп ашудағы батылдық пен тәуекелге бара білудің маңызы түсіндіріледі.
Бұдан бөлек, практикалық сабақтар барысында тыңдаушылар өз мамандықтарына сәйкес өндірістік тәжірибеден өтіп, алған білімдерін іс жүзінде шыңдайды. Бұл олардың еңбек нарығына тез бейімделіп, болашақта өз кәсібін ашуына немесе тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік бермек, – дейді Нүрилә Мәлібекова.
Жалпы, “Тopjargan” кәсіптік оқыту орталығында өткен жылы үш айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткен жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен қамтылған. Аспаз мамандығын игерген Гүлмира Давиденкоға, Сандуғаш Жанұзақоваға және Согдиана Әбдіқұловаға төртінші санаттағы аспаз біліктілігі берілген. Қазіргі таңда олар «Жуалы өнімдері» атауымен жартылай дайын өнімдердің он түрін шығарады. Өнімдердің бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Дайындалған өнімдер негізінен аудан орталығындағы сауда орындары мен дүкендерге өткізіледі. Орталықта әзірге таза жылқы етінен дайындалатын жартылай дайын өнімдер шығарылуда. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, тауық етінен дайындалатын өнімдерді өндіру жоспарланып отыр.
Мұнда жұмысшыларға атқарған еңбегіне қарай жалақы да төлейді. Сонымен қатар, осында еңбек етіп жүрген екі маман өз кәсібін ашуға ниетті. Атап айтқанда, Гүлмира Давиденко мен Сандуғаш Жанұзақова аудан орталығындағы базар маңынан жартылай дайын өнімдер сататын дүңгіршек ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы дайындық жұмыстары жүргізіліп, кәсіп ашуға қажетті заттар алынуда.
Ал, оқыту орталығының басшысы алдағы уақытта «Жуалы өнімдері» атауымен шығарылатын жартылай дайын өнімдерге тиісті сертификаттар алып, өнімді ірі сауда желілері мен сауда үйлеріне өткізуді жоспарлауда.
Одан әрі Нұрлыкент ауылдық округінде өзара ауызбіршілікпен кәсіп ашқан тігіншілердің жұмысымен таныстық. Қолынан өнер тамған тігіншілер нұрылкенттіктердің тапсырысын орындап, табыс тауып отыр. Ауыл тұрғындары Кенжегүл Қалбанова, Гүлсана Еңсепбай, Райкүл Ұзақбаева және Бақтыгүл Юсупова бірлесіп шағын тігін шеберханасын ашқан. Олар Кенжегүл Қалбанованың үйінің жанындағы қосалқы ғимаратты жөндеу жұмыстарынан өткізіп, тігін шеберханасына айналдырған. Қазіргі таңда шеберхананың ішінде қатар-қатар жеті тігін машинасы жұмыс істейді. Тігін машиналарын олар өз қаражаттарына сатып алған.
«Біз бірге үш айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсынан өттік. Курста негізінен алты келіншек болдық. Алайда төртеуіміз бір ауылдан болғандықтан, ортақ шешіммен осындай шағын тігін шеберханасын ашуға ниеттендік. Бізге тапсырыстар сол оқыту орталығында жүрген кезден бастап түсе бастады.
Жалпы, біз бұрыннан тігін тігіп, әрқайсымыз өз алдымызша азын-аулақ табыс тауып жүрген болатынбыз. Бірақ біздің арнайы тігінші маман екенімізді растайтын құжатымыз болмады. Кәсіптік оқытудан өткеннен кейін тігінші мамандығын растайтын куәлікке ие болдық. Енді өз алдымызға кәсіп ашуға және қайтарымсыз грант алу конкурсына қатысуға мүмкіндік алдық. Бізге тапсырыс берушілер – ауыл тұрғындары мен ауылдағы білім беру мекемелері. Олар өз тапсырысына қажетті маталарын өздері әкеледі, біз тек тігу жұмысына ғана ақы аламыз. Тұрғындар үшін қолжетімді баға ұсынып отырмыз.
Мәселен, біздің қолымыздан мектеп оқушыларына арналған ұлттық нақыштағы кеудешелер, мәдениет үйіндегі «Әжелер» ансамбліне кимешектер, балабақша бүлдіршіндеріне арналған аспаз киімдері, аудандағы “Тopjargan” білім орталығының биші қыздарының киімдері секілді тапсырыстар түсіп, оны уақтылы орындап берген болатынбыз,– дейді тігіншілер.
Бір жерде ұйымшылдықпен және өзара сыйластықпен еңбек етіп жатқан тігіншілердің алға қойған жоспарлары да ауқымды. Олар өздері ашқан тігін шеберханасын кеңейтіп, оған өздерінің жұмысын айшықтайтын атау беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, орталық көшеге жақын маңға тігін шеберханасын көшіруге ниетті.
Осындай кәсіп ашып, өз табысын табамын деген ниетті азаматтарға жеке кәсіпкер Нүрилә Эдиханқызы әрдайым қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беруге дайын. Оның айтуынша, орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға мамандық үйретіп қана қоймай, олардың тұрақты табыс тауып, өз кәсібін дамытуына ықпал ету болып отыр.
Міне бүгінгі іссапар барысында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Еңбек» бағдарламасының аясындағы жұмыстардың нәтижелі екені байқалды. Кәсіптік оқытудан өткен қыз-келіншектердің жетістігіне шынайы қуанып, олардың бастаған істерінің берекелі болып, кәсіптерінің өркендей беруіне біз де тілектестік білдірдік…
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”