Basty bet

Съезд делегатымен кездесті

Кеше облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының XXIV съезд делагаты К.Бегалиев ауыл тұрғындарымен кездесті.
Керімқұл Бегалиев жиында съезде қабылданған шешімдер мен оның маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған 1 қыркүйекте жарияланған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын да түсіндірді.

Кездесу Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруашылығында өтті. Бұл жиынға Нұрлыкент және Түктібай ауылының тұрғындары мен мектеп мұғалімдері, шаруа қожалық жұмысшылары қатысты. Айта кету керек Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында өзекті мәселелердің шешімі көрсетілген. Енді біз «Жаңа Қазақстанды» құрамыз. Қазіргі таңда, Ұлттық қордан түскен ақша балалардың атына аударыла бастады. Екіншіден, бала күтіміндегі ата-аналардың төлемақы мерзімі ұзартылды. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға жағдай жасалуда.
«Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.
Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ, – делінген Президент Жолдауында.
– Сондай-ақ, 1000 мектеп салынады деген болатын. Бұл, әсіресе, үш ауысымда оқитын әрі апаттық жағдайда сабақ оқитын балаларға қажет. Сондай-ақ, жол картасы бағдарламасымен 2025 жылға дейін барлық ауылдар ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы бағдарламаға Түктібай ауылы да кіріп отыр.
Сонымен қатар, 2022 жылдың 20 қарашасында Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деп жоспарланды. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізілген жетінші президенттік сайлау болмақ. Бұл сайлау еліміздің өркендеуі үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.
Жақында «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV съезді өтті. Біз сол съезге қатыстық. Съезде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, «Ақжол» партиясының белсенді мүшесі Қазыбек Иса мен белгілі спортшы Ардақ Назаров 3000 адамның алдында сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа деген елдің сенімін білдірді, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Мамырұлы.

Үміт Мадиярбек

Таңдаулы материалдар

Close