Отыңды үрлеп өшірме!
Немеремнің туған күні,
Қуанышты күні оның бүгінгі.
Қуаныштан жадырап жүр,
Сүйсіндіріп бал жүзі.
Дастарханда жеміс-жидек,
Бауырсақ пен самса бар.
Дәмнің басқа түрі де көп,
Кәмпит және торт та бар.
…Сағат тілі соққан сәтте он екі,
Жиыстырып шуылдаған күлкіні.
Бәрі келіп дастарханға жайғасты,
Әп-сәтте-ақ абыр-сабыр тыйылды.
Ғажап сыйлық келгендей-ақ ғайыптан,
Нанға емесе, тортқа бәрі үңілді.
Торт үстіне тоғыз шырпы қадалған,
Шырпыларда балауыздан от жанған.
Сол заматта жанған шамды өшірді,
Бөлме іші болды кенет қараңғы.
Торт бетінде жанып тұрған шырақты,
Үрлеп өшір тезірек деп шуылдап,
Жамырады шеңбер жасап барлығы.
Талай-талай туған күнді өткізгем,
Дәл осылай от сөндіру көрмеп ем.
Тартыншақтап тұрып қалды немерем,
Жылулықты көрмеген соң жүзімнен.
Ұлтымызда жоқ еді деп бұл дәстүр,
Ойға шомып, шығып кеттім есіктен.
…Ақ дастархан әсем ән мен биің де,
Жарасады туған күннің кешінде.
Бата-тілек болары анық бәрі де,
Бірақ…
От сөндіру жоқ еді ғой дәстүрде…
Өсіп-өнер үмітімсің шырағым,
Қиындығын тудырмасын шығар шың.
Ұзақ ғұмыр, саулық берсін, бір Алла,
Асқар шыңда жарқырасын шырағың,
Жанған шырақ мезгілсіз тек сөнбесін!
Жанарым – көңілімнің айнасы
Маңдайымда жарқыраған қос көзім,
Көзбен көрем тау мен дала күн көзін.
Көріп жүру баға жетпес байлық қой,
Ата-ана мен туыс-бауыр, жер жүзін.
Қабағымның астындағы жанарым,
Әр пенденің жүзінде көз жайнасын,
Қос жанарың жеткізеді барлығын,
Ой-санаға, дүрсіл қаққан жүрекке.
О, жанарым дем біткенше жарқыра,
Көз сау болса, жүдемейді ой-сана.
Нұр сыйлаған көру үшін әр жанға,
Тәуба, Саған Мейірімді Бір Алла!!!
Ақылым мен жүрегіме хабаршы,
Қос жанарым – көңілімнің айнасы.
Көзбен көріп ақ-қараны айырып,
Адам болып өмір сүрем бастысы!
***
Бастан кешер әрбір адам ғажапты,
Жан дүниені баурап кейде махаббат.
Мейіріммен сезе алсаң ғаламды.
Жүрегіңді елжіретер ой ғажап.
Махаббат сол, әуелі ата-анаңа,
Махаббат – сенетін адал досыңа.
Махаббат – сыңар болар бір жанға,
Махаббатың арналар өзің өскен ортаңа.
Әрбір жанға тән бұл өмірде махаббат,
Жан дүниеңді елжіретер бір рахат.
Әр жүрекке бермей кейде еш тағат,
Ой жеткенге қол жетпесе сол азап…
Құдіретің күшті сенің махаббат,
Саған баға бере алмаймын саралап.
Ой-сананы жауласа да махаббат,
Кетпесін тек әз жүректі жаралап.
***
Ғашық болу тән қасиет адамға,
Махаббат пен ғашық бөлек, шатаспа.
Білген жанға ғашықтардың жолы ауыр,
Жер мен көктей арасында айырма.
Адамзатқа ғашық болу заңдылық,
Суымасын қос жүректің зейіні.
Ғұмыр кешсін ғашығымен табысып,
Болмасын тек, жаңа ғасыр Мәжнүні!
Жаны жайсаң жақсылар
Өзімшіл кейбір пенде күнін көксеп,
Байлық жиса, Құдаймен теңестім деп.
Жұмсалмаса мол дәулет игі іске,
Білер ма екен, артында қаларын тек…
Жақсылар бар пейілін кеңге салар,
Алла алдында парызын есіне алар.
Балабақша, мешітке берер көмек,
Игі істе тұрмайды шетте қалып.
Жақсының ғибраты мол бет-жүзінде,
Жол түсіп бара қалсаң, сен үйіне.
Бауыры келгендей-ақ алыс жолдан,
Қарсы алып, шығарады нақ төріне.
Жер бетінде қазақ деген халықпыз,
Өнегені бабалардан алыппыз.
Жан болайық ана сүтін ақтаған,
Ұзамайық ата дәстүр-салтынан…
Наз
Заттай ғана көрініп кішігірім,
Жақсылығым байқалман, сірә, білем.
Төбедей боп көрінер кемшілігім,
Тірлігімнен байқалса шағын кінә.
Кейбір жанның байқалмас сүрінгені,
Кешірімді көрініп қателігі.
Кіжінесің еріксіз дәрменсіз боп,
Қайда, қашан қоғамның әділдігі?
Шырмауынан сан ойдың шыға алмай,
Күлесің де амалсыз мұңасың,
Қоғамның тірлігіне көңіл толмай,
Жасың жетіп өзің де қартаясың…
Құлазытпай көңілді көтересің,
Шыңыраудан шығарып көңіл күйді.
Келер күннен үзбей тек үмітіңді,
Тастап бір күн кетерсің бұл өмірді.
Жәннатта болсын әз жаның!
Осыдан он тоғыз жыл бұрын,
Наурыз айы келгенде.
Күн нұрын төгіп көгімде,
Жаңарып жасыл дүние,
Жасарып жатты жерім де.
Ал адамдар ерекше,
Бірін бірі құттықтап,
Кеудеге қысып құшақты,
Үлкен-кіші мәз-мейрам,
Ойнаған шаттық жүздерде…
Ал менің түсіп есіме,
Көңілсіз жай көңілге,
Қаншама жылдар өтсе де,
Мөлдір жас келді көзіме.
Санамда сол күн есімде,
Қара бұлт торлап аспанды,
Шаңырақтан шаттық қашықтап,
Салқындық жайлап ішінде
Науқасы меңдеп жүдеген
Дәрменсіз болып шарасыз,
Жан анам жатты төсекте…
Жүзіне үнсіз үңілдім,
Тосын ой басқа келгенде,
Еріксіз жас кеп көзіме,
Ішімнен қатты егілдім.
Сонау бір кеткен оралмас,
Бала кез түсіп есіме.
…Есікті ашып ентелеп,
Ойыннан келіп еркелеп,
Басымды қойсам кеудеңе,
Иіскеуші ең, апа, елжіреп.
Ұмытам, қалай, ұмытам,
Жер басып тірі жүргенде,
Ұмсына төніп жүзіңе,
Үн қатшы «апа» десем де,
Алмағам жауап сөзіме…
«…Жас едің, ұлым есейдің,
Отбасыңа ес болдың.
Ештеңе жоқ қой мәңгілік,
Уақыт жетті кетемін.
Аманатын тапсырып,
Аллаға есеп беремін»
Деген сөзін Анамның,
Оқыдым әлсіз көзіңнен.
Селт етпей жаттың сөйлемей,
«Қош ұлым, қош бол!», дегендей,
…Қартайып мен де келемін,
Демеймін ертең өлемін,
Жақындап келем біртіндеп,
Шын дүниеге барғанда,
Анашым…
Жұмақтан Сізді көрейін!!!
Ұмыт болып қалыпты-ау көргендерім…
Жылдар салып көргенде өскен елім,
Көркіңе тамсанамын туған жерім.
Көрікті биік үйлер, тегіс көше,
Өзгерген… басқаша еді күні кеше.
Кең арық болған еді жол шетінде,
Мөлдір су ағатын-ды сылдыр қағып.
Жалаң аяқ шаң басып, ойнап келіп,
Шөл басып, сіміруші ек жата қалып,
Қараймын арық та жоқ, жалбызы да,
Нәр алып сая болған қаратал да.
Қариялар айтқан сөз рас екен-ау,
«Ел жаңа» деуші еді елу жылда.
Көктемде құстар елге оралатын,
Қорықпай үй алдына кеп қонатын.
Адамдарға үйренгені соншалық,
Үй маңына ұяларын салатын.
«Көкті жұлма,
жас шыбықты сындырма,
Ұя бұзба, ағын суды былғама».
Киелі де, қасиетті барлығы,
Біз осындай тәрбиемен өскенбіз.
Өз елімнің жаңарғанын көрейін,
Тілеймін өркен жайып, гүлденгенін.
Елес боп артта қалды бал күндерім,
Ұмыт болып қалыпты-ау көргендерім….
Рәтбек ҚАСЫМБЕКТЕГІ,
ардагер ұстаз,
«Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері.
Нұрлыкент ауылы