Basty bet

Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі өте маңызды

Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі жыл сайын артып келеді. Себебі, азық-түлік өнімдері мен өндірістік шикізаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – халықтың денсаулығы мен гендік қорының сақталуын анықтайтын негізгі факторларының бірі болып табылады.
Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі соңғы жылдары елімізде аса көңіл бөлініп жүрген мәселелердің бірі. Тамақ өнімдерінің ассортименті тұтынушыларды азық-түлік өндірісінің барлық сатыларында және сатылымында жоғарғы сапа мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі таңда Қазақстан кәсіпорындарында заманауи азықтық шикізат пен дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалайтын бақылау жүйесі болмағандықтан, көп жағдайда қажетті қауіпсіздік толық сақталмайды. Бұл мәселенің туындауына көптеген факторлар әсер етеді, олардың ішінде маңыздыларына тоқталып кететін болсақ, олар:
• жаңа өндіріс жүйелері, оның ішінде жаппай өндірудің өсуі;
• жаңа азық-түлік өнімдері, қайта өңдеу технологиялары, қоспалар мен қаптамалар;
• аз өңделетін азық-түліктерге сұраныстың өсуі мен тамақтану рационының өзгеруі;
• азық-түліктерді сатып алу тәсілдерінің өзгеруі;
• сыртта тамақтанудың күрт өсуі;
Азық-түлік өнімдері көп жағдайда тез бұзылатын болып келеді және микробиологиялық ластанудың әсерінен олар адам денсаулығына қауіпті болып табылады. Сондықтан сапаны бақылауда және қамтамасыз етуде әрбір өнімнің спецификасын терең меңгеру керек. Тамақ өнімдерін шығару көп мөлшерде әрі ұсақ ортада өндірушілердің арқасында жүретіндіктен бақылау шараларын қамтамасыз ету қиындық туғызуда. Осы мәселелерді шешу үшін заңнамалық және нормативтік базалар қажет.
Әрбір адамға оның тұтынатын азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі маңызды. Біздің қалай тамақтанатынымыздан және қаншалықты сапалы өнім тұтынатынымыздан денсаулығымыз, жұмысқа қабілеттілігіміз, өміріміздің сапасы, болашақ ұрпағымыз қандай болатыны тәуелді. Сол себепті “сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қалай жүзеге асыруға болады?” деген сұрақ туындайды. Әлемдік қоғамда бұл мәселені шешу үшін көптеген жаңа тәсілдер әзірленген. Өндірістің барлық сатысында сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әртүрлі халықаралық стандарттар белгіленген.
Азық-түлік өнімдерінің, шикізаттардың сапасы мен қауіпсіздігі келесі жолдармен жүзеге асырылады:
• азық-түлік өнімдерінің, шикізаттардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік реттеу шараларын қолдану;
• азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін, дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жағдайларының өндірістік тексерістерін азық-түлік өнімдерінің сапасын басқару жүйесін ендіру арқылы жүргізу;
• Қазақстан Республикасының 21 шілде 2007 жылы №301-ІІІ “Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” заң талаптарын (21.04.2016 жылы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген) сақтау.
Тамақ өнімдерін, азық-түлік өнімдерін саудаға жіберетін және қоғамдық тамақтану саласында қызмет атқаратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар сатып алушылар мен тұтынушыларға, мемлекеттік қадағалау органдарына азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы толық және шынайы ақпарат беруі қажет, өнімдердің өндірілуі мен айналымын нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес жүргізу керек.
Бұл тек жоғарыда айтылған тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар уәкілетті органдарға да жүктелетін жауапкершілік болып табылады. Стандарттау, метрология және сертификаттау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар өз құзыреті шегiнде жеке және заңды тұлғаларды:
• тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы;
• тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін белгiлейтiн нормативтiк құжаттар талаптарын;
• тамақ өнімдерін мемлекеттiк тiркеу;
• сапасыз және қауіпті тамақ өнімдерін сатудың алдын алу туралы ақпаратпен қамтамасыз етедi.
Қорытындылай келе, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпорындарда жүргізілетін тексеріс пен өндірістік бақылау өте маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар азық-түлік өнімдерін өндіруде, өңдеуде, сақтауда және сатуда жауапкершілік пен адамгершілік принциптерін сақтау, тұтынушылардың өз тамақтануларына талапты болып, тек жақсы тамақтанып қана қоймай, соған сәйкес қауіпсіз өнімдерді тұтыну арқылы өз денсаулығына қатер тигізуден аулақ болу қажет!

Марат Искаков,
аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close