Basty bet
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер қолжетімді болуы тиіс
ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры. Қазақстан бүгінде цифрлық дәуірге нық аяқ басты. Оны мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысынан, азаматтардың тұрмысынан көріп, байқап жүрміз. Қажетті құралдарды пайдаланып, адамдар түрлі ақпаратты үйден шықпай алу мүмкіндігіне ие болды.
Халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы, өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз орта құру, еңбекпен қамту және табысты кәсіпкерлік секілді цифрландыруды енгізу де елдің тұрақты дамуының маңызды міндеті. Цифрландыру үдерісі қоғам дамуын, экономиканы, өнеркәсіпті түбірімен өзгертті және ол қазіргі уақыттың басты тренді болып отыр. Пандемия салдары, қашықтан жұмыс істеуге ауысу цифрлық бағдарланудың дағдарысқа төзімділігін көрсетті.
Әлем елдері сияқты Қазақстан да жаңа технологияларға айрықша қолдау көрсетіп, цифрландырудың ұлттық басымдық екенін білдірді. Ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік органдарға цифрландыру саласына қатысты бірқатар тың тапсырмалар бергені мәлім. Бастысы, цифрландыру платформаларын пайдаланып, меморгандар азаматтарға барынша жақындай түсуі қажет. Ол үшін мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеу» қажет.
Әлемді шарпыған коронавирус індетіне байланысты өмірдің көптеген саласы интернет арқылы жұмыс істеуге, оқуға көшті. Онлайн-режім әдетке айналды. Пандемия ІТ-технологиялар мен цифрландырудың дамуын ерекше жеделдетті. Өмірдің барлық саласы цифрлануда. Телемедицина, онлайн білім беру, электронды коммерция және басқа салалар күрт дамып жатыр. Интернет арқылы сауда жасау, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу және басқа онлайн-қызметтердің танымалдығы артқаны сонша, оларды тіпті технологиядан бейхабар адамдардың өзі пайдаланатын болды. Электр құралдарын пайдалану үшін электр тогының сыммен қалай жүретінін білудің қажет еместігі сияқты, қарапайым адамға жаңа технологияның құрылымы қандай екенін білудің керегі жоқ. Ең бастысы, олар біздің өмірімізді барған сайын жеңілдетуде.
Әлеуметтік оқшаулану, індетті таратпау үшін цифрлық технологияларды енгізу қарқыны жеделдегенінің бір көрінісі – түрлі қызметтердің электронды жүйеге көшуі. Мысалы, мемлекеттік eGov.kz порталының қызметін пайдалану карантин кезінде жедел өсті, бұрын арнайы барып кезекке тұру арқылы алатын түрлі анықтамалар мен құжаттардың барлығы онлайн түрге ауысты. Олардың ішінде халық үшін әлеуметтік маңызы бар қызметтер, төлемдер, рұқсат беру құжаттары және басқа мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Статистикалық деректерге қарағанда бүгінде eGov.kz порталы қызметін 12 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады.
Карантин жағдайына орай бұлтты технологиялар, антивирустар, бейнеконференциялар, байланыс арналарын шифрлау құралдары белсенді қолданылатын болды. Бірақ мемлекеттік және жекеменшік ірі компаниялар ІТ-әзірлемелер мен қосымшаларды шетелден сатып алады және оған миллиардтаған ақша жұмсайды. Мәселен, қазір әр адамның смартфонында түрлі мессенджерлер, қосымшалар бар және олардың көпшілігі шетелдік дайын жүйелер. Сондықтан, осы салада отандық өнімге сұраныс артып отыр. Мемлекет тарапынан жаңа әзірлемелерді гранттық қолдау және дамыту қомақты қаражаттың өз еліміздің игілігіне жұмсалуына және талантты жастардың білімі мен білігін іске асыруға септігін тигізері сөзсіз.
Цифрландыру тек жаңа технологиялар емес, ол дүниеге ерекше көзқарас, жұмысты жаңаша ұйымдастыру, жаңа тәсіл мен жаңа өнімдер. Цифрлы дәуірде мақсаты айқын, бастамашыл адамдар мен елдер ғана табысқа жетеді. Және де цифрландыру трансформациясы бүгін-ертең өте шығатын уақытша құбылыс емес, ұлттар мен мемлекеттер тағдырын шешетін ұлы өзгеріс. Цифрлық сауатты халық, жаңа технологиялардың рөлін терең түсінетін билігі бар ел ғана жаһандық жарысқа ілесе алады.
Шынтуайтында, цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдары-ақ батыл енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынып, компьютерлер үйде де, жұмыста да негізгі ақпарат құралы ретінде танылды. Ақпараттық жұмыстардың барлығы компьютердің көмегімен жасала бастады және ақпаратты сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Осылайша, цифрландыру – бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыратын жетістік кепілі.
Мемлекет ақпараттандырудың алдыңғы кезеңінде мемлекеттік қызметтерді көрсетуге тікелей немесе жанама түрде араласатын мемлекеттік органдардың базалық инфрақұрылымы мен ақпараттық жүйелері түрінде Қазақстан Республикасының «Электрондық Үкіметін» құрды.
Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы басты құралы. Осы мақсатта 2018-2022 жылдары елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламада экономика саласын цифрландыру, сандық мемлекетке көшіру мақсаты айқын көрсетілген. Сонымен бірге, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, инновациялық экожүйені құру бағытын қамтиды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, сонымен қатар ұлттық экономиканы цифрландыру. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Нұрлы жол» сияқты маңызы зор құжаттарда тасқа жазған таңбадай көрсетілген мақсат-міндеттерді іске асыруға басымдық беретін қосымша күш деуге болады.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының ақпараттық технологияларды мемлекеттік жүйеге ендіру, сәйкестендіру жұмыстары осыдан сәл ертерек нәтижелі бастау алғанын айтып өткен жөн. Осы уақыт ішінде Қазақстандағы цифрландыру жүйесі едәуір өскенін байқауға болады. Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді.
Бүгінде халықтың басым бөлігі цифрлы сауатты. Үйден немесе кеңседен шықпай-ақ түрлі операцияларды жасай алады. Бұрындары кезекте тұрып, уақытта сарп етіп, арнайы мекемеге бару керек болса, қазір жұрт төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл төлеу, коммуналды қызметтерді жасау секілді, тағы да басқа түлі операцияны орындай алады. Орта білім беру мекемелерінде интерактивті тақта орнату, компьютермен жабдықтау қолға алынды.
Бүгінгі күні жаһанда басты тренд болып есептелетін Интернет экономикасы дамушы елдерде жылына 25%-ға дейінгі қарқынмен өсіп келеді, бұл ретте экономиканың бірде бір саласы мұндай қарқынға тіпті жақындай да алмайды. Барлық жаһандық деректердің 90%-ы бар-жоғы соңғы екі жылдың ішінде жасалды. Қазірдің өзінде интернетке 35 миллиард құрылғы қосылған және деректермен алмасуды жүзеге асырады, бұл цифр әлемдегі тұрғындардың жалпы санынан бес есе артық.
Цифрландыруға күш салу адами капитал белсенді түрде дамитын болашақтың білімі мен дағдылары ерте жастан бастап тәрбиеленетін, автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар есебінен бизнес жұмысының тиімділігі мен жылдамдығы артатын, ал азаматтардың өз мемлекеттерімен диалогы қарапайым әрі ашық болатын жаңа қоғамды құруға әкеледі. Цифрлық революция біздің көз алдымызда өтуде.
Бұл өзгерістер соңғы жылдары түрлі салаларда қолданылатын көптеген технологиялық инновациялардың енгізілуімен туындады. Өндіріс және қосымша құнды алу тәсілдері түбегейлі өзгеруде, адамдардың білімі мен еңбек дағдыларына жаңа талаптар пайда болуда. Өнеркәсіптік заттар интернеті икемді және ақылды өндірістің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өндірістік салалардың болашағын қалыптастырады, өнімділіктің революциялық өсуін қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект қаржы қызметтері мен медицина сияқты консервативтік салаларда да енгізілуде. 3D басып шығару технологиясы бүгінгі күннің өзінде авиация, логистика, биомедицина және автомобиль өнеркәсібі секілді салалардың трансформациялануына ықпал етеді. Блокчейннің жаһандық ақша жүйесін трансформациялауға барлық алғышарттары бар. Үлкен деректер және байланыстың жаппай қолжетімділігі жаһандық ауқымда қарқынды түрде таратылатын факторлардың бірі болып табылады, олардың негізінде «бірлесіп тұтыну экономикасы» құрылады. «Физикалық активтер болмаған жағдайда бірлесіп тұтыну» сегментінің көшбасшылары капиталдандыру мөлшері бойынша теңгерімінде көптеген миллиард физикалық активтері бар дәстүрлі компаниялардың құнынан асып түседі.
Бұл өзгерістер түбегейлі болып табылады және бұрынғыдай ондаған жылдар бойы емес, санаулы жылдар ішінде, тіпті санаулы айлар ішінде болады. Бірақ бұл тек бастамасы ғана, ал әлем өзгерістердің негізгі бөлігін әлі де бастан кешеді. Өзгерістердің қарқыны өсуде, алайда осы өзгерістердің бір бөлігі болу әлі де кеш емес.
Бүгінде цифрландыру процесі әлемдегі барлық елдерге әсер етеді. Сонымен қатар әрбір ел цифрлық дамудың басымдықтарын өзі айқындайды.
Мемлекет елімізде нақты технологияларды жедел дамыту есебінен «цифрлық қайта жүктеуді» қамтамасыз ете алады. Мұндай жағдайларда мемлекет инвестицияларға жұмсалатын қаражаттың ұзақ мерзімді қайтарылымына, бәсекелестік жағдайға, трендтерге жүргізілген бағалауға сүйене отырып, қаржыландырудың негізгі, ең перспективті бағыттарын айқындайтын инвестор рөлін қабылдайды, сондай-ақ табыстың білім беру және кадрларды қайта даярлау сияқты іргелі шарттарына қаржы жұмсайды.
Мемлекеттік органдардың бейіндік қызметі автоматтандырылуда, алайда әлі де ақпараттандырумен толыққанды қамтылмаған қызмет салалары бар. Жаңа технологиялардың пайда болуы қазіргі кезде іске асырылған қызметтерге қарағанда жоғары сапалы қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді. Мысалы, үлкен деректер технологиясын пайдалану халықтың қажеттіліктерді талдауда түбегейлі басқа көзқарасқа, салдарынан қызмет көрсету сапасының артуына әкелуі мүмкін.
Мемлекеттік органдардың алдына қойылып отырған басты талаптардың бірі – халыққа ашықтығы және көрсететін қызметтерінің азаматтарға қашықтан қолжетімділігі. Осы ретте Жолдауда «Біз еліміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметтер азаматтарға смартфоннан 100 пайыз қолжетімді болады» деп атап көрсетілген.
Дегенмен, бұл міндетті іске асыру еліміздегі, соның ішінде өңірлердегі цифрландыру саласының жай-күйі мен дамуына тығыз байланысты екені белгілі.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады.
Цифрландыру саласындағы соны бастаманың бірі – денсаулық сақтау жүйесінде кешенді медициналық ақпараттық жүйеге енгізілуі. Бүгінде тұрғындардың «Дәрігерді үйге шақыру», «Дәрігердің қабылдауына жазылу», «Медициналық ұйымға тіркелу» сынды қызметтерді оңай алуға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, әр өңірдегі елді мекендердің картасы цифрлық форматқа көшірілуде. Ондағы әрбір құрылыс нысаны «Мекенжай тіркелімі» деректер қорымен сәйкестендірілуде. Келешекте таза ауызсу жеткізу, газдандыру тораптарына да цифрлық карта енгізілмек. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, су қорғау белдеулері, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы ақпараттар қолжетімді.
Бүгінгі таңда цифрландырудың неғұрлым дамыған бағыты халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қызмет болып табылады. Бұл цифрландыру процесін толығымен қамтиды.
Мемлекеттік қызметтерді, мәліметтерді, электрондық анықтамаларды, құжаттарды бірнеше цифрлық құралдар арқылы алу сервистері қолжетімді. Атап айтсақ, «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетінде, цифрлық мәліметтерді алу бойынша сервис арқылы (қызмет Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімінен шығарылмайды және цифрлық мәліметтер нысанына өтеді), үшінші тұлғалармен анықтама алу сервисі арқылы, «eGov Mobile» мобильдік қосымшасында.
Халыққа қажетті цифрлық сервистерді құру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру, оның ішінде ақпараттық жүйелерді дамыту және интеграциялау, ұсынылатын қызметтер мен сервистердің сапасын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық құрамдас бөліктерін төмендету арқылы азаматтардың қанағаттануын арттыру мемелекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады.
– Аудан бойынша ауылдық округтермен және аудан әкімдігінің бөлімдерімен барлығы 63 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілуде. Ауылдық округтермен және аудан әкімдігінің бөлімдерімен 2021 жылдың 12 айында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны барлығы – 17 297 (о.і заңды тұлға – 291) болса, соның ішінде көрсетілетін қызметті берушілер (Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілгендерді қоспағанда) қағаз түрінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 952 (5,5%).
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «Электрондық үкімет» веб-порталы және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету мүмкіндігі болса да, қызметті берушілермен (Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілгендерді қоспағанда) қағаз түрінде көрсетілгендер саны – 718 (4,1%). Электрондық түрде көрсетілетін қызметті берушінің ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 4369 (25,26%).
Көрсетілетін қызметті алушымен тікелей байланыс және өтінімді ақпараттық жүйеге қолмен енгізу арқылы көрсетілетін қызметті берушінің ақпараттық жүйелері арқылы («электрондық үкімет» веб-порталын www.egov.kz, www.elicense.kz қоспағанда) көрсетілген мемлекеттік қызметтер саны – 4051 (23,4%). Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 4193 (24,24%).
Электрондық түрде «электрондық үкімет» веб-порталы немесе «Е-Лицензиялау» веб-порталы арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны – 3014 (17,4%), – дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов
Бүгінгі күні мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің көрсету нысаны электронды форматқа ауыстыру есебінен қызмет көрсету уақыты да қысқаруда. Мәселен, «Ағаш кесу және орман билетін беру» мемлекеттік қызметі 3 күннен 1 күнге дейін, «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру» және «Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру» мемлекеттік қызметтері 30 күннен 22 күнге дейін, сол сияқты, «Жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобаларын бекіту» мемлекеттік қызметі 7 күннен 4 күнге дейін қысқартылды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Оның бірі, «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» жаңа жоба болып табылады.
Геоақпараттық жүйесі кеңістіктік деректерді жинау, сақтау және графикалық визуализациялауға, сондай-ақ картографиялық деректерді қолдана отырып, жер қатынастары, құрылыс және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электрондық түрде кешенді көрсетуге арналған. Бұл ерекшелік мемлекеттік қызмет көрсету кезінде ашықтығын қамтамасыз етеді.
– Әрбір мүдделі пайдаланушы өзінің жеке кабинетінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініш бере алады және оның қозғалысын, мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық кезеңдерінде бақылай алады. Қызмет көрсету нәтижесі, сондай-ақ өтініш берушінің жеке кабинетіне түседі және қайта жүктеу үшін қолжетімді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, онлайн жүргізілетін болады. Бұл жүйе қызмет көрсетудің барлық тізбегін электрондық нысанға көшіруге, оларды көрсетудің нақты мерзімдерін 3-6 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау, – дейді Серік Қойбақов.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»