Basty bet
ЖАС ДЗЮДОШЫ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Жапон күресі – дзюдо өзінің ұлттық ерекшелігін сақтаған, төрткүл дүниеге кең таралған жекпе-жек түрі екенін бәріміз білеміз. Ресми деректерге сүйенсек, халықаралық дзюдо федерациясына мүше мемлекеттер саны 2010 жылы 198-ге жеткен екен.
Бір ғажабы, Күншығыс елінің балуандары жарты ғасырдан астам уақыттан бері көш тізгінін ешкімге бермеген. Осы күрестің негізін қалаған Дзигаро Каноның мына сөзі талайды ойландырса керек: «Дзюдо дегеніміз – өмір салты әрі жан сезімі, дзюдо дегеніміз – ақыл-ой мен творчество… Қара белбеу – балуандықтың шыңы, бірақ жан-дүниенің асқар биігі емес».
Десе де, дзюдодан талай биік белестерді бағындырып жүрген еліміздің спортшы азаматтары аз емес.
Осыған орай, жақында жуалылық жас дзюдошы Ержігіт Дәулет Ресей Федерациясының Владивосток қаласында өткен VII «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Ержігіт Дәулет 2006 жылы Күреңбел ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы Күреңбел орта мектебінің түлегі. Бүгінде ол Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы спорт мектеп-интернатында оқиды.
Ержігіт 8 жастан бастап дзюдомен айналысады. Оның сөзінше, туған ағалары осы спорт түрімен айналысқандықтан Ержігіттің де бұл спорт түріне деген қызығушылығы бала кезден басталған.
– Ресей Федерациясының Владивосток қаласында өткен VII «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарына жақсы дайындықпен бардық, – деп бастады ол сөзін. – Бұл бәсеке төрт жылда бір келетін болғандықтан барлық спортшы жақсы дайындықпен келді. Жарыста мен толық үш кездесу өткіздім. Алғашқы екі қарсыласым Ресей Федерациясының палуандары болса, финалда Өзбек палуаны болды. Бірақ, менің ойымда тек қана алға ұмтылып, байрақты додада жеңіске жетуім керек деген ой болды. Осылайша намысты қолдан бермей күміс жүлдегер атанған жайым бар. Дзюдодан мені Жанат Қанатбекұлы, Оразалы Ермекбай, Нұрбек Мықтыбеков сынды мықты бапкерлер жаттықтырады, – дейді Ержігіт Ерғалиұлы.
Жас спортшының жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ, өткен жылы Шардара қаласында өткен Қазақстан біріншілігінде I орын және Словения мемлекетінде Еуропа кубогының күміс және қола жүлдегері атанған. Одан бөлек, үстіміздегі жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан біріншілігінде III орынға қол жеткізген.
Олимп шыңын бағындыруды алдына мақсат етіп қойған Ержігіт бос уақытында балық аулағанды ұнатады. Сонымен бірге қазақстандық дзюдошы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Сметовке еліктейтінін жасырмаған кейіпкеріміздің әкесі Ерғали Өтегенов те кезінде еркін күреспен айналысқан көрінеді.
Ендеше, спортсүйер жас спортшымызды жеңісімен тағы да құттықтап, тек биік шыңдардан көрінсін деп тілек білдіреміз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»