Basty bet
Сапалы тұқым ғана мол өнім береді
Егін шаруашылығында еткен еңбегіңіз жанып, пайдаға кенелу үшін тұқымның сапалы болғаны маңызды. Сондықтан қолда бар тұқымды тұқым зертханасына уақтылы өткізіп, оның маңызды көрсеткіштерін анықтап алу қажет. Әйтпесе, сапасыз тұқым сан соқтыруы мүмкін.
Аудандық тұқым зертханасы “ҚазАгроЕгіс” АҚ Жамбыл облыстық филиалына қарайды. Мекемеде меңгеруші болып Нұрдәулет Сыдықов және эксперт қызметін Дариға Тоқтыбаева атқарады.
-Биыл аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі бекіткен жоспар бойынша 27 521 гектарға арпа (қажетті тұқым көлемі 4954 тонна), 16780 гектарға мақсары (қажетті тұқым көлемі – 503 тонна) егу көзделген. 4554 тонна арпа тұқымының ішінде 4094 тоннасы тұқым зертханасында тексерілген. Тұқым зертханасынан тексерілген тұқымның 609 тоннасы І класс, І репродукциялы “Бәйшешек” сорты, 25 тонна І класс, І репродукциялы “Сымбат”, 8 тоннасы І класс супер элита “Бәйшешек”, 29,4 І класс элита “Сымбат”, 2195 тонна ІІ класс, ІІ репродукциялы “Бәйшешек”, 1227,6 тоннасы ІІІ класс, ІІІ репродукциялы “Бәйшешек” сорты.
Жаздық арпадан 29,4 тонна “Сымбат” элита сорты мен 8 тонна супер элита “Бәйшешек” сортын Мыңбұлақ ауылдық округіндегі “Орақ балға”, “Ренат” шаруа қожалықтары мен Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылындағы шаруалар егуде. Жалпы тұқымды жаңартып отырған дұрыс. Келесі жылы шаруалар осы шаруа қожалықтардан тұқым алып ексе, еткен еңбегі өнімді болады.
Майлы дақылдар, оның ішінде мақсары егуге шаруаларға 503 тонна тұқым керек. Бүгінгі таңда зертханаға 200 тонна тұқым әкелінді. Бұдан басқа жоңышқа, күнбағыс тұқымы да тексеруден өткізіледі. Ал, сүрлемдік жүгерінің тұқымы өзі дайын келеді.
Ақпан айынан бастап көктем мезгілінде зертханада тұқым тексерумен айналыссақ, жаз мезгілінде егін алқабында арпа, бидайды негіздеуден өткіземіз. Яғни, дәннің пісуінің алдында 10-15 күн бұрын алқап басына барып, дәнді дақылдың сапасы мен сортын тексереміз.
Күз мезгілінде бидай тұқымын тексеруден өткізсек, қыста есеп-қисап жұмыстарымен айналысамыз,- дейді зертхана меңгерушісі.
Зертханаға әкелінген тұқымдардың тиісті көрсеткіштерін анықтау әдістерімен эксперт маман Дариға Тоқтыбаева таныстырды.
-Шаруалар әкелген тұқымнан төрт сынамаға 100-100-ден 400 дән санап аламыз. Оны електен өткізіп, термостатқа саламыз. Термостатта дән жеті күн тұрады. Бұл аппараттың температурасы 20 градус. Термостатқа бір салғанда 16 шаруаның тұқымы сыяды. Термостатан шыққан тұқымды топыраққа егіп қоямыз.
Термостатта тұқымның өсу қарқындылығы мен өнімділігі тексеріледі. Басты көрсеткіш осы. Ал, електен өткізуде өзінің мөлшері бойынша арам шөптері тексеріледі. Арамшөптер мәдени, жабайы, карантинді болып бөлінеді. Егер карантинді болса, оны егіп әуре болудың қажеті жоқ.
Тұқым бірнеше електен өткізіледі. Електен түскен арам шөптер мен зиянкестерді санап, жұмыс кәртішкесіне жазып отырамыз. Егер олардың саны нормадан асса, оны егуге болмайды, тұқымды ауыстыру керек.
Үшінші көрсеткіш – тұқымның ылғалдылығын тексеру. Ол 100 дәннен өніп шыққан өскіндерді есептеу арқылы жүзеге асады. Төртіншіден, 100 дәннің салмағын электронды таразыға тартып салмағы өлшенеді. Сондай-ақ, тұқымның тазалығы тексеріледі.
Осы сәтті пайдаланып шаруаларға айтарымыз – тұқымды зертханаға алып келерде тазалап алып келсе. Сонымен бірге уақтылы алып келгендері өздеріне жақсы. Себебі, көктемнің әр күні маңызды.
Арамшөптер барлық тұқымда кездеседі. Алайда нормадан көп болса, жарамсыз деген сөз. Өкінішке қарай, көп шаруалар тұқымды зертханадан тексертіп алуды ескере бермейді.
Ал, егін алқабы көп ірі шаруашылықтар өздері міндетті түрде келіп, тексертіп алады. Жалпы тұқымның сапасын тексеріп, көз жеткізіп алып егу – шаруалардың өзі үшін тиімді. Еткен еңбек, маңдай тер, кеткен шығын өтелуі үшін тұқымның сапасы үлкен рөл атқарады,- дейді тұқым зертханасының эксперт маманы Дариға Тоқтыбаева.
Лаборатория ескі, қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген ғимаратта орналасыпты. Ол жерде жұмыс істеудің өзі қиын. Мамандар шаң басқан, тоз-тозы шыққан жиһаздарда жұмыс істеуде. Қажетті құрал-жабдықтары да ескі. Лабораторияға кіргенде өткен ғасырға қайта кіріп кеткендей болдық.
Шаруалардың тұқымының сапалы болуы көп мәселені шешсе, олардың тұқымын тексеріп, кеңес беретін орынның мұндай халде болғаны ойланарлық жағдай…
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»