Basty bet
Жарқырап өткен жасын жыр ғұмыр
күрескер ақын Бауыржан Үсеновтың 65 жылдығы туған жерінде кеңінен атап өтілді
Биыл Алаштың арда туған күрескер ақыны, сазгер, журналист, қасиетті Жуалы өңірінің перзенті Бауыржан Үсеновтың туғанына 65 жыл толып отыр. Бауыржан Мұқанұлы 1960 жылы ауданға қасиетті өңірге қарасты Қошқарата ауылында туған. Осындағы Абай атындағы орта мектептің түлегі. Бауыржан көпбалалы отбасында туып-өсіп, жастайынан қасиетті сөз өнеріне жақын болып, бала кезінен-ақ өлең жаза бастаған.
Бауыржан Үсеновтың алғашқы балауса өлеңдерін 1976 жылы аудандық «Жаңа өмір» газеті жариялап, таланттың тұсауын кеседі. Бұл туралы газеттің редакторы болған ақын-композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мырзахан Ахмет Б.Үсеновтың «Маңдайыма жазылған мәңгілігім» атты жыр жинағына жазған алғысөзінде бала ақынмен, оның отбасымен қалай танысқанын толғана еске алады: «Бауыржан атын атасам мұнан ширек ғасыр бұрынғы мына сурет көз алдымда көлбеңдеп, көкейімде қимастық сезімнің сыбызғысы сыңсиды» деп бастап, сол кездесуді әрі қарай әсерлі суреттейді…
Иә, өмірден тым ерте озған дара талант иесі Бауыржан Үсенов туралы әңгіме бола қалса, ең алдымен оның сал-серілерге ұқсайтын асыл бейнесі көз алдымызға көлденеңдеп тұра қалады. Ол жан-жақты талант болуымен қатар, қасиетті Жуалы жерінде туған оның бойында күрескерлік пен ұлтжандылық сияқты дара қасиеттер молынан табылатын. Кеше ғана Жуалының төрінде Бауыржан Үсеновтың туғанына 65 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жарқырып өткен жыр-ғұмыр» аталатын еске алу кешінде көзі тірісінде ел мен ұлт Тәуелсіздігін асқақ жырларымен толғап, азаттықты аңсап өткен ардакүрең ақынның ерекше қасиеттері туралы, оның соңына қалдырған әдеби мұралары туралы кеңінен айтылды.
Аудандық «Достық» мәдениет үйіндегі «Жарқырып өткен жыр-ғұмыр» аталатын еске алу кешінің өтуіне Жуалы ауданының әкімдігі ұйытқы болып, оған Б.Үсеновтың сонау студенттік жылдарынан бергі достары мен курстастары, туған бауырлары, облыстың бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, ардагерлер, жалпы өңірдің жыр мен өнерсүйер қауымы шақырылды.
Кештің өн бойы аудандық халық шығармашылығы және мәдни демалыс орталығы қызметкерлерінің орындауындағы әсерлі композициялармен өріліп, шымылдық ақынның өлеңдерімен ашылды. Атап айтқанда, «Шағала арман», «Ауыл» және «Жазу керек…» өлеңдері оқылды. Онымен бірге, Назерке Ахмет «Есіңе мені алғайсың» әнін тарту етіп, кеш көрерменін ақынның келбеті мен жыр әлеміне деген сағыныш сазына еліте түскендей…
Кештің ашылуында алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
– Құрметті жерлестер!
Биыл қазақтың танымал ақыны, журналист, сазгер, талантты әнші, айтыскер ақын Бауыржан Үсеновтың туғанына 65 жыл толып отыр. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген Бауыржан Мұқанұлы Қошқарата ауылында біраз жыл ұстаздық етіп, аудандық «Жаңа өмір» газетінде еңбек ете жүріп артында мол әдеби мұра, айрықша із қалдырған көрнекті тұлға екенін Жуалы жұрты жақсы біледі.
Бауыржан Мұқанұлы санаулы ғұмырын жастарды тәрбиелеуге, қазақ әдебиетін дамытуға арнаған дара талант иесі еді. Ақын 180-нен аса өлең және прозалық шығарма, естеліктер, арнау өлеңдер жазған, онымен қоса, бірнеше жыр кітабы жарық көрген. Оның өлеңдерін жастар да жатқа оқиды. Аудан көлемінде жыл сайын ақын Бауыржан Мұқанұлын еске алу шаралары өтіп, өскелең ұрпаққа ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталып келеді.
Қазақ әдебиетіне қомақты олжа салған арда ақын Бауыржан Үсеновтың жарқын бейнесі мен ұлағатты есімі кейінгі ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы арқылы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады,- деді Жалғас Әлижанұлы. Осылай деп жүрекжарды тілек білдірген аудан басшысы ақынның жары, ардагер ұстаз Гауһар Тәжікеноваға Құттықтаухатпен бірге, қазақы салтпен камзол мен орамал жауып, гүлдестесін сыйға тартты.
Осыдан кейін еске алу кеші «Өмір парағы…» аталатын арнайы бейнесюжетпен жалғасып, ары қарай артистердің орындауында ақынның жасын жырларымен және сазды әндерімен жалғасын тапты.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазақ қара өлеңінің көгінде жұлдыздай жарқырап көрінген аз ғана ғұмырында соңына өшпестей әдеби мұра қалдырған ардакүрең ақын Бауыржан Үсеновты еске алу кешіне Жуалы жеріне алыс-жақын өңірлерден арнайы келген бірқатар сыйлы азаматтардың төрден табылғанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында Б.Үсеновтың достары мен курстастары – ақын, баспагер, журналист Темірғали Көпбаев (Алматы қаласы), Ал Тараз қаласынан – Шоқан Шөже, Қуаныш Иембердиев, Ғалым Қасабай, Жарылқасын Нұралиев, Ақылжан Мамыт, Мұрат Бердалиев, Марат Құлибайұлы, облыстық «Ақ жол» газетінің Бас редакторы Оралхан Дәуіт, сонымен қатар, ақынның туған бауырларынан Үсеновтар әулетінің мүшелері – Ботакөз, Күнсұлу, Біржан, Әлия, Ақкенже, ақынның аяулы жары Гауһар Тәжікенова, ұлдары Талғат және Мұхамедсалық бар.
Бауыржан Үсеновтың туғанына 65 жыл толуына орай өткізілген еске алу кешінде сөз сөйлеген азаматтардың барлығы да арда туған күрескер ақын Бауыржан Мұқанұлының қазақ әдебиетіне салған мол олжасын, оның күрескерлік һәм қайраткерлік қырын, қазақ азаматына тән бірегей қыры мен асқақ қасиеттерін кеңінен сөз етіп, ақын мұрасына иелік етіп, оның насихаттаудағы еңбегі үшін Б.Үсеновтың асыл жарына да алғыс білдірді. Кеште ұсынылған ақынның күреске толы өмірбаяны туралы маңызды мағлұматтардың және өз даусының көрерменге ерекше әсер сыйлағанын анық сезгендейміз.
Азаттықты аңсаған ақын еліміздің Тәуелсіздік алған қуанышты күнін көре алмай 1991 жылдың 29 шілдесінде бақиға аттанып кете барды. Бауыржанның Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнаған «Желтоқсан» поэмасы «Жалын» журналының жабық бәйгесінің жүлдесіне ие болғанын жақсы білеміз. Ақынның артында «Табиғат терезесі», «Маңдайыма жазылған мәңгілігім», «Менің бұлтым» атты сыр мен жырға толы тамаша кітаптары, «Ақ шағала», «Қарлығаш», «Тымырсық» деп аталатын сазды әндері қалды. Өзі туып-өскен қасиетті Қошқарата ауылындағы үлкен көше, аудан орталығындағы бір көше Бауыржан Үсеновтың есімімен аталады. Дара дарынның осынау бай мұрасы, оның бірегей азаматтық келбеті туған елімен бірге мәңгілік жасай бермек…
Бауыржан ақынның артында жары Гауһар апай және көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлы – Талғат пен Мұхамедсалық қалды. Үлкен ұлы Талғат әскери қызметте Отанға адал қызмет етіп жүрсе, ал, кенже ұлы Мұхамедсалық жеті тілді жетік меңгерген мамандық иесі. Жары Гауһар апай ұзақ жылдар аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда ұстаздық етіп, зейнет демалысына шыққан ардагер ұстаз.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»