Basty bet

Еңбекпен жеткен биік абырой

“Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болар” дейді дана халқымыз.
…”Етек-жеңі кең болар” дегенде оның атымтай жомарттығы немесе кең қолтық дарқандығы ғана емес, алдымен мінез-құлқы, білімі, ақыл-ойы, адамдарға, қоғамға, қоғамның ыстық-суығына төзімділігі, іскерлігі, қайраткерлігі сияқты қасиеттері ескерілсе керек. Яғни елмен бірге болу, тіл табысу, олардың мұң-мұқтажын кезінде шешуге нақты қарекет жасау, адамдардың құқығын сыйлау, заң аясында тұрмыс құрып, сөз бен істің бірлігін байланыстырып, еңбек ете білген басшы халық қалауына ие болып, ыстық ықыласына кенелері де сөзсіз. Өзін-өзі бақылау тетігі де өте сізімтал болуы керек. Қысқасы, “Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болар” деген мақалымызды бүгінгі мақаламыздың кейіпкері ашып тұрғандай.

Аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Нұрғазыұлы туралы әріптестері тек жағымды пікірде. Ол кісінің жан дүниесінің тазалығы, қарапайымдылығы, еңбекқорлығы әріптестеріне, жас мамандарға қашанда үлгі. “Сегіз қырлы, бір сырлы” демекші, ән айтып, аспапта ойнауы, спортқа құмарлығы бір бөлек әңгіме. Ең бастысы, өзінің саласын жақсы білетін білікті басшы.
Рақымғазы Құниязов бұрынғы Семей облысы Көкпекті ауданы Шұғылбай ауылында өмірге келген. Орта мектепті бітірген соң екі жыл совхозда мал бағып, жүгері суғарып жұмыс істейді. Москва облысында екі жыл әскери борышын өтеп келген соң, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығы бойынша оқуға түседі. Институттың жолдамасымен 1986 жылы Жуалы ауданына келеді. Еңбек жолын қазіргі Көлтоған ауылындағы “Путь коммунизма” колхозында агроном-тұқым өсіруші болып бастайды. Кейін бас агроном, шаруашылық басшысы қызметтерін атқарады.
2003 жылы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөліміне бас маман қызметіне ауысады. 2009-2022 жылдары ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін атқарса, 2022 жылдан бастап аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
-4 сыныптан бастап жазғы каникулымыздың екі айында совхоздың бау-бақшасында жұмыс істедім. Көкөністің түр-түрін егіп, арам шөбін жұлып, суғарып еңбектің қыр-сырын үйрендік. Әрі оқу жылына өзімізге керек-жарағымызды алып, ата-анамызға көмектестік. Бұл – біз үшін еңбек қана емес, тәрбие және өзімнің мамандығымды қателеспей табуыма үлкен көмек болды.
Міне, биыл өзім таңдаған ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқаныма табаны күректей 40 жыл болыпты.
Мемлекеттік қызмет халықпен жұмыс істеуді, шаруалардың жұмысын бағалауды, жауапкершілік пен ұстамдылықты үйретті.
Аудан әкімдігі – ауданның айнасы. Әр жұмыстың қасиеті, мәдениеті болады. Сондықтан көмек, кеңес сұрап келген тұрғындарды жылы қабылдап, қолымыздан келгенінше жұмысын тындырып беруге тырысамыз.
Басшы ретінде өзімнен де, әріптестерімнен де ең бірінші тәртіпті талап етемін. Бауыржан атамыз айтқандай, “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды”. Әрбір тапсырмаға мұқият, жауапкершілікпен қарау керек. Мен мамандарға үнемі айтатын кеңесім – әрбір маманның өзінің идеясы, пікірі болуы керек. Басшы айтты екен деп бас шұлғып отыра беруге болмайды. Басшы қателесуі де мүмкін. Сондықтан маман өзінің идеясын ұсынып отыруы керек. Жақсы идеяларды басшы қолдап, жұмыс тәжірибесіне енгізіп отырғаны дұрыс.
Мемлекеттік қызметші, мейлі кім болсын, адам бірінші қарапайым, ізденімпаз болғаны абзал. Заман талабына сай жаңа технологияларды үйреніп, іске асырып отырмасақ, дамымаймыз. Мен шаруаларды үнемі түрлі семинарларға қатысуға шақырамын. Семинарда салаға қатысты жаңалықтар айтылады, озық технологиялармен жұмыс істеу әдіс-тәсілдерін үйретеді. Дамуды мақсат еткен әрбір шаруа жаңалықты үйренуі керек. Әйтпесе, шетелдің өнімдері бізді жауып тастайды. Біз заман көшіне ілесе алмай қаламыз.
Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік жүгі ауыр қызмет. Адамдардың барлығының көңілінен шығу мүмкін емес. Кейбір сәттерде тұрғындардың арыз-шағымын орындай алмай қалуымыз мүмкін. Сондай сәттерде артық сөздер естейміз. Сондықтан біз шыдамды, мәдениетті, сабырлы болуымыз қажет. Сонда ғана мемлекеттік қызметшіні халық сыйлайды.
Мен бүгінгі жастарға сенемін. Жастарға әрдайым сенім арту керек. Олар заман талабына сай өмір сүрулері тиіс. Жастарда түрлі жаңа иедеялар көп. Біз оларды қолдауымыз керек.
Мен жастарға үнемі “Жас кезінде абырой жинасаң, абыройың қартайғанда өзіңді асырайды” деген мақалды айтамын. Ал абырой кісіге еңбекпен, биік адамгершілік қасиетпен келеді,- дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.
Рақымғазы аға отбасында аяулы жар, үлгілі әке. Ұл-қызын адалдыққа, еңбекке, әділдікке, тазалыққа үйрете білген үлгілі әке. Ұл-қыздарының барлығы бір-бір мамандықтың иесі. Ұлдарының мамандығы қаржыгер, мұғалім, электрик болса, екі қызы да ағылшын тілінің білікті маманы. Алайда ұлдары бос уақытында отбасылық шаруашылығының жұмыс басынан табыла біледі. Бұл да әке тәрбиесінің нәтижесі.
Иә, кейіпкеріміз айтқандай, бұрынғы ақсақалдарымыз: “Алладан абырой сұра, абыройдың ішінде құрмет те, ізет те, ат пен шапан, бақ пен береке де бар” деп бекер айтпаған… Қайда жүрсек те Алла разы болатын сөз бен істің үстінде жүрейік!
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” демекші, Рақымғазы Нұрғазыұлының көңілінің кеңдігі мен мінезінің байлығы көптің көңілінің төрінен түспесін!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close