Basty bet

Көп бала көгергенімізге жақсы

«Ұл тәрбиелей отырып – рухыңды, қыз тәрбиелей отырып – ұлтыңды тәрбиелейсің» дейді дана халқымыз.
Отбасы – адам баласының баға жетпес байлығы. Ұрпақ тәрбиесі ұлағатты болуы үшін ата-ананың тәрбиесі аса маңызды. Әрбір отбасының өздеріне тән құндылықтары, ережелері, қағидаттары болады. Адамдар отбасын сақтау үшін бір-бірімен ортақ тіл табысып, үйлесімділікте, кешірімділікте өмір сүргенде ғана беріктігі жыл санап арта түспек.
Ата-ана отбасының – сәулетшісі. Болашақ ұрпақты тәрбиелегенде олардың бойына жастайынан имандылық пен сауаттылық қасиеттерін тереңірек сіңірсе рухы мықты, Отанның гүлденуіне қызмет ететін азаматтар қатары көбейе түседі. Бүгінгі біздің әңгімеміз бала тәрбиесіне, ұлт болашағына, демографиялық саясаттың ілгерілеуіне үлес қосып жүрген Күреңбел ауылындағы үлгілі отбасылардың бірі Қонақбайлардың шаңырағы жайында болмақ.
Ерлі-зайыпты Руслан мен Қуаныш отбасын құрған кезден бастап көпбалалы отбасы болуды армандаған. Жаратушының пендесіне берген үлкен нығметі ұрпақ жалғастығында. Олар бүгінде Диана, Арман, Алмас, Аружан, Айжан, Бақберген есімді Алланың берген алты перзентін тәрбиелеуде.
Отағасы Руслан Қонақбай тірліктің көзін таба білген еңбек адамы. Құрылыс жұмыстарына ептілігінің арқасында ауылдағы түрлі мекемелердің, үйлердің соғылуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда ауылдағы мешіт ғимаратының жөндеу жұмысымен айналысуда.
Ал, отанасы Қуаныш Қалыбаева Жамбыл ауданының тумасы. Ол «Күреңбел» бөбекжай -балабақшасында 15 жылға жуық тәрбиеші болып жұмыс істейді. Куаныш тоғыз баланың ортасында өскендіктен, баланың көптігі қиындық тудырмайды деп есептейді. Қуаныш Қалыбаеваның бала тәрбиелеудегі ұстамдылығы, сабырлығы, білімі өзіне көп пайда беретіндігін айтады. Балабақшадағы түрлі байқауларда, ертеңгіліктерде тәрбиелеген жас өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, көптің алғысын алуда. Бұл жұмысты ерекше махаббатпен жаны сүйіп атқарады.
Қазақ «Қарты бар – үй қазыналы» деп бекер айтпаса керек. Әкелері марқұм Еркембай Қонақбаев мал шаруашылығымен айналысқан жан. Қонақбай әулеті ауылдағы көпке үлгілі көпбалалы отбасылардың бірі. Бала тәрбиесіне, үй шаруасына енесі үнемі жәрдем беріп, отбасының татулығы мен бірлігін барынша сақтауға септігін тигізуде. Енесі Ирма Қонақбаева неміс ұлтының қызы. Жылдар бойы ауылда сауыншылықпен айналысқан. Анасынан дарыған емшілік қасиеті, түрлі жағдайда алдына келген адамдардың дертіне шипа табуына себепкер. Бұл жақсылықтары арқылы көптің ризашылығын алып келеді. Қазақ қызының өзге ұлт өкіліне келін болып түсуі аса қиындық тудыра қоймады. Себебі, үнемі ақыл-парасатымен, көрегенділігімен отбасының татулығын сақтауда қазыналы қарияның да ықпалы зор болды. Соның бәрін бағындырып, бір арнаға тоғыстыра алу бүгінгі күннің жемісі деп бағамдаймыз.
Үлгілі отбасының ұл-қыздары ауылдық, аудандық түрлі ән-би байқауларында жүлделі орындармен өздерін жақсы жағынан көрсетуде. Мәселен, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастырумен өткен «Егіз-лебіз», «Инабатты ару» байқауларында өз өнерлерін ортаға салып, ата-анасын қуантуда. Оқуда озат балалары болашақта әртүрлі мамандықта білім алуды көздейді. Ата-анасы әр баласымен жеке-жеке жақынырақ сөйлесе отырып, ішкі жан дүниелерін зерттеп, тәрбиенің асыл діңгегін себуде. Қонақбай әулеті жүріс-тұрысымен, ақыл-парасатымен көпшілікпен қарым-қатынастары арқылы отбасылық құндылықтарын мейлінше сақтаған.
-Енді ғана шаңырақ көтеріп бастары құралып жатқан жас отбасыларына барынша ұстамды болуға, тату болуға, арадағы мәселені ашық сөйлесу арқылы шеше білуге, екеуара сый-құрметтің жыл санап артуына және отбасының ырыс-берекесі әйел адамның қолында болатынын ерекше атап айтқым келеді дейді,- Қуаныш Қалыбаева.
Отбасы – қоғам айнасы. Оның ыдырамауы үшін отбасы мүшелерінің барлығы ортақ мүддеге жұмыс істеуі қажет. Шаңырақ көтерген отбасылар некенің жағымды үлгісін қалыптастыра отырып, отбасы мәртебесін арттыруға еңбек етуі тиіс. Қоғамда осындай ынтымақы мен татулығы жарасқан көпке үлгі отбасылар қатары көп болсын!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close