Basty bet
Ауылда көпбалалы болуға ниетті аналардың қатары артуда
Ақтөбе ауылдық фельдшерлік акушерлік пункті 1983 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан. Ғимарат ескі болғанымен іші тап-тұйнақтай, жылы. Бәрінен бұрын мұндағы медициналық қызметкерлердің науқастарды қабылдауы, адамдармен қарым-қатынасы көңілге қонымды. Тұрғындарды жылы, ашық-жарқын қабылдап, тыңдап, қарап, тексеріп, ем-домын жасап, жолдамаларын беріп, қысқасы өз міндеттерін тиянақты атқарып жатыр. Сырттай қарап отырып риза болдық. Ұжымдағы небәрі үш-ақ қызметкердің жылы қарым-қатынасы үлкен жақсылықтың бастауы болып тұр. Ол әрине, қызметкерлердің өз жұмыстарына деген сүйіспеншілігінен, адалдығынан, кісілік қасиеттерінен бастау алып тұрғаны сөзсіз.
Фельдшерлік акушерлік пунктте аға дәрігер болып Севара Тоқтарбекова жұмыс істейді. Жалпы тәжірибелік дәрігердің бұл мекемеде қызмет атқарғанына үш жылдай уақыт болыпты. Ал акушер маман Ғалия Әкімқұлованың бұл саладағы еңбек өтілі 27 жыл болса, дәл осы ауылда еңбек еткеніне 16 жыл толып отыр.
Жас маман, медбике Әсел Азатқызының жалпы еңбек өтілі бес жыл.
Ғимарат 2009 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, шатыры мен жылу жүйесі ауыстырылыпты. Жылу жүйесі табиғи газға қосылған. Алайда ішінде су кіргізілмеген. Қызметкерлер суды көрші үйлерден тасиды екен. Берекелі ауыл тұрғындарының игі тілектерінің бірі – ауылдан заман талабына сай жаңа ғимараттың соғылуы.
Аға дәрігердің бізбен сұхбаттасуға қолы тимеді. Басы ауырып, балтыры сыздаған келушілер үзілмеді. Сондықтан әңгімеге акушер маман Ғалия Төренқызын тарттық.
-Мен аймақтық акушер маман болғандықтан Ақтөбе, Алатау, Қызыларық, Сұрым, Теріс Ащыбұлақ ауылдарындағы жүкті әйелдерге жауаптымын. Қазіргі таңда осы бес ауылда 24 жүкті әйел бар. Ай басынан бері төрт әйел аман-есен босанды.
Жүкті әйелдердің тең жартысының денсаулығы жоғары топқа жатады.
Үкімет тарапынан келесі жылдан бастап бала туылуына байланысты және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың көлемі артады деген жақсы жаңалықты естіген ауыл әйелдері арасында соңғы айларда алтыншы, жетінші баласын жоспарлап, көтергендердің саны артты.
Менің міндетіме тек жүкті әйелдер ғана емес, 15 жас пен 70 жас аралығындағы барлық әйелдердің денсаулығын бақылау кіреді.
24 учаскеде туу жасындағы 422 әйел бар.
Қазіргі таңда жүкті әйелдерге барлық жағдай жасалуда. Әйел бала көтерер алдында медициналық тексеруден өтіп, емделіп, дәрігердің рұқсатымен көтергені дұрыс. Себебі, дені сау анадан ғана дені сау бала туылады.
Біздің аймақта «Аңсаған сәби» бағдарламасына үш әйел қатысуды жоспарлап отыр. Оның біреуі қажетті құжаттарын дайындап болды, ЭКО жасатуға дайын.
Қазіргі таңда жаңа туылған балаға берілетін “Алғашқы көмек жинағы” (аптечка) перзентханадан шығарда бірден беріледі. Баланың туу туралы куәлігі де электронды түрде бірден рәсімделеді.
Ақтөбе ауылында 700-ге жуық жан бар. Мен 2006 жылы ауылға жаңа келгенде 830 тұрғын болатын. Тұрғындар жан-жаққа көшті. Қазір қалғаны осы.
Жуалы ауданы таулы аймақ болғандықтан, жоғары қан қысымымен есепте тұратындардың саны көп. Мәселен, 45 тұрғын жоғары қан қысымымен диспансерлік есепте тұрады.
Жүректің ишемиялық ауруымен 10 адам, бронхиялық астмамен төрт ересек адам, 18 жасқа дейінгі екі бала, төрт қант диабеті диагнозымен ауыратын жандар, инсульт алып, төсек тартып жатқан бір кісі бар. Бұл кісі үнемі дәрігердің бақылауында. Мүгедектігімен үш бала, алты ересек адам есепте тұрады.
Психиатрдың есебінде үш науқас бар. Оның екеуі көктем мен күзде тұрақты түрде ауруханаға жатып, ем қабылдап тұрады.
Диспансерлік есепте тұрғандар тиісті дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз етіледі. Яғни, аудандық емханадан алып келіп, уақтылы үйме-үй таратып береміз.
Скринингтен өту аурудың алдын алуда көмегі өте көп. Скринингтің арқасында көптеген аурулар ерте анықталып, ем қабылдап, адамдардың өмірінің ұзаруына септігін тигізуде. Тұрғындар арасында өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын азаматтар көбейді. Әсіресе, Ақтөбе ауылының тұрғындары.
Ауылда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан өтпеген адамдар көп. Оларға 1406 ға хабарласып, ЖСН-ін айтып, төлем жасау керектігі жайлы түсіндіріп отырамыз. Төлеп жатқандар да бар. Сақтандырылмаған азаматтарға тек алғашқы көмек қана көрсетіледі.
Ауылға тоқсанына бір рет жылжымалы медициналық кешенмен дәрігерлер келіп, тұрғындарды қабылдайды. Жылжымалы медициналық кешен келгенде тұрғындарды барынша қамтуға тырысамыз.
Қазір халықтың басым көпшілігінің көзі ашық. Ізденіп, уақтылы дәрігерге көрініп тұрады. «Дені сау ұлт» жобасы аясында скринингтен өтетін аурулар қатарына 50 жастан асқан ер кісілер простата обыры ауруы бойынша өтеді. Бұл скринингтен өтетін аурулар қатарына жаңадан қосылды. Себебі, ерлер арасында бұл ауру да көбеюде.
Біздің міндетіміз – уақытпен санаспай халыққа сапалы, қолжетімді қызмет көрсету. Бірлесіп, ұйымшылдықпен еңбек ету.
Дәрігеріміз біздің аймаққа қарасты бес ауылда бір-бір күннен кезектесіп отырып, тұрғындарды қабылдайды. Тұрғындар дәрігердің жұмыс кестесіне үйреніп алған, күтіп отырады. Біз қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз,- дейді акушер маман Ғалия Төренқызы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»