Basty bet

Әдеп нормаларын сақтау – басты міндет

Әдеп сөзі арабтың «адаб» сөзінен шыққан. Яғни, әдеб, ең біріншіден, қоғамдағы адамдар мінез-құлқына қойылатын этикалық талаптардың жиынтық атауы.
Қазақ халқының салтында үлкенді сыйлау әдептіліктің бір үлгісі болып табылады. Ата-ананы сыйлау, оларды қадірлеп, ізет көрсету адамның ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Кіші үлкенді сыйласа, үлкендер де өз тарапынан оған лайық ықылас білдірген. Содан барып үлкен мен кіші арасында жарасымды қарым-қатынас орнаған. Ол әдетке айналып әдептілік ережелерін тудырған. Үлкендер отырған жерде сөз жарыстырмай, ізет көрсете білу, көңілге қарай сөз айту, қажет кезде өзіңді ұстай білу халық дәстүрінде қалыптасқан қасиеттер.
Сол секілді мемлекеттік қызметшілерге қойылатын, мемлекеттік қызметкер сақтауы тиіс әдеп жиынтығы бар. Ол «Әдеп кодексі» деп аталады. Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді. Кодекстің негізгі мақсаты – халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қызметтік әдеп нормаларын сақтамау қоғамдағы түрлі сыбайлас жемқорлық фактілеріне, әр түрлі құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа алып келеді, сондай-ақ тәртіптік шара қолдануға алып келеді. Сондықтан да, әдеп кодекесінің орны мен маңызы бөлек.
Кодексте мемлекеттік қызметшілердің ұстануы тиіс мінез-құлықтарының жалпы стандарттары мен қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары бекітілген. Жалпы стандарттарға мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Яғни мемлекеттік қызметшілер азаматтармен, ұжымда, халықпен сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстануы қажет.
Өз кезегінде, халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде халықтың сұранысына бағдар ұстану талаптарын қояды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мақсаты – әдеп ережелерін бұзушылықтың алдын алу. Әдеп кодексі – түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер үшін айқын бағдаршам. Ендеше, оның орындалуы мен сақталуы қашанда назарда болғаны жөн.

Еркебұлан Қамбарбеков,
Билікөл ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close