Basty bet
Қауіпсіздік шараларын сақтау – қауіп-қатерден құтқарады
жеке тұрғын үй секторларында сақтық шаралары барынша күшейтілуі қажет!
Тұрмыстық газ күнделікті өмірде кеңінен қолданылатынын барлығымыз жақсы білеміз. Тұрмыстық игіліктердің ең маңыздысы саналатын табиғи газды магистральды құбыр арқылы тұрғын үйлерге тартып, оны үй ішіндегі газ плиталарында және суды жылыту үшін газ колонкаларында қолдануға болады. Тұрмыстық мақсатта қолданылатын газдың екі түрі болады. Біріншісі – баллондағы сұйытылған газ және қалалық магистральдық газ. Тұрмыстық газдың түсі де, иісі де жоқ. Бірақ оның ағып кетуін анықтау үшін оған ерекше иісі бар арнайы заттар қосылады.
Газ аспаптарымен қауіпсіз жұмыс істеу қағидаларына тоқталатын болсақ, газдың ағуы адамның улануына және бөлменің, тіпті тұрғын үйдің жарылуына әкеліп соғуы мүмкін. Тұрмыста мұндай тосын оқиғаларға жол бермеу үшін тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың қажеттілігі аса маңызды.
Ал, бұл мәселе туралы әңгіме қозғамас бұрын біз өз өңіріміздегі тұрғындардың табиғи газбен қамтылуы туралы айтуды да жөн санап отырмыз. Қазіргі таңда соңғы есеп бойынша ауданда барлығы 49 елдімекеннің (Билікөл ауылдық округінен басқа) барлығына магистральды табиғи газ құбырлары тартылған. Демек, қазір ауданның орталығы және оған жақын орналасқан ауылдық округтер, сонымен қатар, соңғы жылдары таулы өңірдегі ауылдардың барлығы көгілдір отынның игілігін көре бастады. Атап айтатын болсақ, соңғы 5-6 жылдың бедерінде ауданға қарасты Күреңбел, Жетітөбе, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріне қарасты елдімекендердің барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Былтыр Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата, Қызтоған және Ақтасты ауылдарында кварталішілік газ тарту жұмыстары толығымен аяқталып, қазіргі таңда ондағы тұрғындардың дені көгілдір отынның игілігін көріп отыр деуге болады.
Ауызсу, табиғи газ, электр жарығы – бұлардың қай-қайсысы болсын, ауыл тұрғындары күнделікті тұтынатын тұрмыстық игіліктер болып саналады. Ауызсу мен табиғи газдың қолжетімділігі тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге үлкен көмек. Ал қауіп-қатердің аяқ астында екенін ескерсек, аталған тұрмыстық игіліктерді пайдалануда тұрғындар қауіпсіздік шараларын барынша сақтағаны абзал. Ал оны сақтамаған жағдайда адамның өміріне төнетін қауіптің де орасан болатынын түсіндіріп жатудың өзі артық. Соның ішінде, табиғи газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану – адам өмірі үшін аса маңызды. Алайда, көгілдір отынды пайдаланушылардың барлығы дерлік техникалық қауіпсіздік шараларын сақтай бермейтіні өте өкінішті. Мұндай салғырттықтың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы әбден мүмкін. Соған қарамастан тұрғындар көп ретте өздерінің жеке басының қауіпсіздігі үшін қауіпсіздік ережелерін жақсы білмейді және көп ретте оны сақтай бермейді. Сақтансаң, сақтайды! Осыны әркез ұмытпағанымыз жөн.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. Мәселен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылы елімізде жыл басынан бері 9 647 өрт тіркеліп, онда 249 адам қаза тапты, 212-сі әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен уланулар алды.
Мамандардың айтуынша, 60% жағдайда өрттен жұмыссыздар мен зейнеткерлер, яғни жұмыс немесе оқу орны бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының оқыту жүйесіне тартылмаған адамдар қайтыс болатын көрінеді. Бұл – әрине жақсылық хабар емес. Десе де, аталған мәселе туралы ТЖМ-ның жауапты мамандарының тарапынан ел тұрғындарына, оның ішінде, тұрмыстық газды пайдаланушыларға қатаң ескертілгеніне қарамастан, өкінішке орай, өңірлерде адам өміріне орасан зор қауіп-қатер төндіретін мұндай оқыс оқиғалар жиілемесе, азаймай отыр.
Ал тұрмыстық улы газдан улану, сонымен бірге, жеке тұрғын үй секторларында қауіпсіздік және сақтық шараларын сақтау жұмыстары қай деңгейде жүргізілуде? Егер бұл жұмыстар тиісті мекемлердің тарапынан жүргізілсе, одан қандай нәтиже бар? Ендігі кезекте Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты мамандарының бізге берген мәліметтерін сөйлетіп көрсек…
Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, 2023-2024 жылғы жылыту маусымы кезеңінде ауданға қарасты елдімекендердегі жеке тұрғын үй секторларында тұрмыстық улы газдан уланудың үш оқиғасы тіркеліп, одан барлығы жеті адам зардап шеккен. Оның төртеуі – жас бала. Ал улы газдан зардап шеккендердің басым бөлігі аудандық орталық ауруханада жатып емделіп шықты. Әлбетте, бұл оқиғадан басқа азаматтар да сабақ алып, тиісінше, тұрғын үй секторларында газды пайдалануда сақтық шараларын қатаң сақтаса дұрыс болар еді…
-Өңірдегі биылғы жылы жылыту маусымы басталардың алдында жергілікті атқарушы орган және волонтерларды тарта отырып аудандағы әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі 357 отбасына, оның ішінде, 1 445 адам өрт қауіпсіздігі және улы газдан уланудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарымен 100% қамтылды.
Жүргізілген алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша және жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметтеріне сәйкес, әлеуметтік осал, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларды қолдауға бағытталған «Әлеуметтік тапсырыс» түрінде жылыту жүйелерін және электр желілері жүйелерін талапқа сәйкестендіру, сондай-ақ, өрт дабыл қондырғыларын және улы газ датчиктерін орнатуға мұқтаж 100 отбасына улы газ датчиктерін орнатып беру туралы аудан әкіміне 11.11.2023 жылы 21-14-25/287-И, 16.01.2024 жылғы 21-14-25/15-И шығыс хаттарымен ұсыныстар жолданды.
Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде тұрғын үйлерде және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде орнатылған жылу өндіргіш аппараттарды пайдаланудың нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары әлі де жалғаса береді.
Бұл ретте тұрғындарды жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін БАҚ-та жарияланған ақпараттар мен ескертпелердің маңызы ерекше деп айтуға болады. Осыған сәйкес, 2023 жылдың 12 айында жергілікті бұқаралақ ақпарат құралдары арқылы жылыту маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігі, тұрмыстық улы газдан уланудың алдын алу және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыптарында жергілікті баспасөзде барлығы 57 мақала жарық көріп, басым дауысты радиоторабы арқылы – 2 400 мәрте және әлеуметтік желілерде 76 материал шығарылды. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен барлығы 36 білім беру мекемесінде 15 562 оқушыға 92 интерактивті сабақ жүргізілді.
Сондай ақ, әр аптаның сенбі күндері аудандық электр желілері және аудандық газ шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлерімен бірлесе отырып аудан аумағындағы елдімекендердегі жеке тұрғын үй секторларында жалпы тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыптарында үгіт-насихат жұмыстарына арналған сенбіліктер тұрақты жүргізіліп келеді. Онда 15 503-тен астам үй араланып, 49 224 тұрғынға арнайы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар 2023 жылы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-ның «Жуалы газ шаруашылығы» мекемесінің тарапынан өңірдегі магистральды табиғи газ құбырларына жаңадан қосылған – Жетітөбе, Боралдай және Қошқарата ауылдық округтеріндегі тұрғын үйлерге 850 дана улы газ анықтағыштар (газоанализатор) орнатылды,- дейді Жуалы ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Балқыбек Жұманов.
Аудандық газетте тұрмыстық улы газдан сақтану, жалпы тұрмыстық газ жабдықтарын дұрыс пайдалану мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы материалдар аз жарияланып жатқан жоқ. Бұл туралы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің мамандары өңірдегі газ пайдаланушыларға мынадай түсініктемелер мен ескертпелерді қаперде ұстауды ескертеді. Мұны ұдайы қаперде ұстаған жөн!
Көмірқышқыл газы түссіз, иіссіз ұлы зат, ауадан жеңіл болғандықтан, жай көтеріледі және адам өзінің уланып жатқанын байқамауы мүмкін. Тартуы нашар жылыту газ құралдарын пайдалануға тыйым салынады. Бөлме ішінде газдың иісі пайда болса, тез арада газ құралдарының шүмектерін жауып, терезелерді және желдеткіштерді қосып, бөлмені желдетіп, «104» телефонына қоңырау шалып, апаттық газ қызметін шақыру қажет.
Жылыту газ құралдарын қауіпсіз пайдалану мақсатында оларға дер кезінде техникалық қызмет жүргізілмеген болса, сондай-ақ түтін және желдеткіш каналдарының күйі тексерілмеген болса жарылыс, өрт, көмірқышқыл газымен улану секілді орны толмас қайғылы оқиғаға алып келуі мүмкін.
Тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету жүйелерін техникалық пайдалану ережелеріне сәйкес, пәтердің, тұрғын жайлардың жалға алушы жекеменшік иелері қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуі тиіс.
Ең өкініштісі сол, біздің кейбір тұрғындар көбіне-көп осындай қарапайым қағидаларды сақтамай, осының салдарынан бақытсыз оқиғаларға тап болып жатады. Бұл ретте уландырғыш газдың адам ағзасына өте баяу әсер ететінін, адам уланғанын сезген кезде, көбінде қимылдау, сөйлеу мүмкіндіктерінен айырылып қалатынын тағы да баса айтқымыз келеді. Тағы бір айта кетерлігі, жылыту маусымында тұрғындар ұйқышылдыққа беріліп, қауіпке аса назар аудармайды. Өкінішке орай, кейбір қаперсіз азаматтар осындай белгілерді елемей, ауыр улануды тосып отырады. Өкініштісі де сол, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан өңірде жыл сайын ондаған жазатайым оқиғалар орын алып, оның кейбірі өліммен аяқталады.
Мамандардың айтуынша, 1 текше метр газдың жанып кетуі үшін оған он есе көп ауа қажет. Сондықтан газ қондырғылары тұрған бөлменің дұрыс желдетілуі аса маңызды. Мұржалар әр үш ай сайын тазалануы керек. Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамастан өз бетінше әрекет етуі де газ жарылысына себеп болып жатады екен. Сондықтан ТЖ қызметінің мамандарымен бірге газ шаруашылығы да қауіпсіздік шараларын тұрғындарға жеткізу, оны түсіндіру жұмыстарын жыл сайын күшейтіп келеді.
Ал газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуіне үй иесінің өзі жауапты екенін естен шығармауымыз керек. Өз өміріміздің өз қолымызда екені сияқты, өз қауіпсіздігіміз де көп ретте өзімізге байланысты.
Сөз соңында айтарымыз, қауіпсіздік шараларын сақтау – қауіп-қатерден сақ болуымыздың ең бірінші кепілі. Тұрмыстық газ – тұрғындардың тұрмыстық игілігі. Ал жеке тұрғын үй секторларында сақтық шараларын барынша күшейту қажет. Бұл – өте маңызды!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»