Шетелде табыс тауып жүр талай қазақ баласы…. Иә, соңғы кездері қазақ жастары шекара асып, өз елінен жырақтап, аз уақыттың ішінде жақсы табыс табу үшін шетелге баруда. Біз көбінесе Оңтүстік Кореяға жұмыс істейтін отандастарымыз жайлы жиі еститінбіз. Ал, соңғы уақыттары отанынан жырақтағандардың арнасы кәрі құрлық елдеріне бұрылуда. Соның бірі – Ұлыбритания. Көпшілік арасында, әсіресе жастар қауымы «Англияға барып, жақсы табыс тауып келейік» деген сөздерді жиі айтуда. Отбасын, ата-анасынан алыстап, тіпті балаларын туыстарына уақытша тастап, шетел асып жатқандар жайлы да бірең-сараң естіп қалатынымыз бар.
Отбасынан біршама уақыт жыраққа кетіп, кәрі құрлықта білімін шыңдаған жастар да бар. Аудан жұртшылығы жеке кәсіпкер, хореограф Гүлдана Әшкенді «Фламинго» би студиясының жетекшісі ретінде жақсы таниды. Балалардың бойындағы өнерін шыңдап, үлкен сахнаға шығарып жүрген жас маман Ұлыбританияда қазақ жастарының уақытша табыс тауып, оларға жұмыс қарастырып, орналастыру үшін арнайы мамандардан білім алып келді.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегенді ұстанатын Гүлдана Англия жеріне баруға ұзақ ойланып жүріп шешім қабылдаған жастың бірі. Әрине, өз үйінен, балаларынан аз уақытқа болса да жырақтау оған оңайға соқпасын жақсы білді. Дегенмен, осы уақытқа дейін алған білімін шыңдауға өткен жылдың тамыз айында Англияға аттанған еді. Ол Ұлыбританияда білімін шыңдап қана қоймай, Ай қаласындағы зауытта оператор болып қосымша жұмыс істеген.
-Топырағыңнан айналдым, қасиетті туған жерім! Әр адам туған жердің, өз елінің қадір-қасиетін өз Отанынан алыстаған кезде жақсы түсінеді екен. Қазақ жерінің кең-байтақ даласы, саф алтындай таза ауасы, табиғаты бәрі ерекше. Өмірімнің аз ғана уақытын өзге елде өткізуім маған көп нәрсені ұғындырды. Отбасыңның, жақынның қадірін, әсіресе, ата-ананың ыстық ықыласы, балалардың мейірімі мен махаббатын түсіндірді. Жаныма жақын жандар бір сәтте естен шықпады. Әрине, өзге елге барып, онда үйренісу бастапқыда қиындау болды. Отаныңа, отбасыңа деген сағынышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті, алғашында келісімшартты бұзып, ауылға қайтқым келді. Бірақ, уақыт өте келе, өзімнің көздеген мақсатыма жету үшін аяғына дейін шыдауға бел будым,- дейді Гүлдана.
Гүлдананы Англия халқының қарапайымдылығы таңқалдырыпты. Оның айтуынша, халықтың үлкен-кішісі де кішіпейіл. Олар қарапайым өмір сүргенді ұнатады. Басқа ұлттарға, яғни, мигранттарға деген көзқарастары жақсы. Қарт кісілер, зейнеттегі адамдар өте белсенді, қаржылық жағдайлары жақсы. Оның ойынша, онда қаржылық сауаттылық өте жақсы дамыған. Адамдар арасында миллионер мен қарапайым адамдарды бір-бірінен ажырата алмайтыныңды, мақтан дегенді білмейтіндерін айтады. Онда тек қазақ жастары ғана емес, сонымен қатар, қырғыз, украин, өзбек, тәжік тағы да басқа ұлттың өкілдері еңбек етеді екен.
-Қайда барсаң да бірінші кезекте өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бойымыздан бірден көрініп тұрады. Өз еліңді, туған жеріңді бәрінен биік қоясың. Қанша жағдай жасалса да, өз Отаныңа еш нәрсе жетпейді. Кәрі құрлық саналатын Англия елінің ауа райы жаңбырлы. Біздің еліміздің климатынан өзгешелеу. Ас мәзірі де өздеріне сай. Ауылда ет жеп, қымыз ішіп өскен мен үшін англиялықтардың тағамдарын тұтыну қиын болды. Сол себепті де көбінесе, ол елдің ас мәзірін көбірек зерттедім. Ол елдің тағамдары біздікінен бөлектеу. Дүкендерінің ішіндегі заттардың бәрінде өз елдерінің жалаулары таңбаланған. Өз өнімдерін жоғары бағалайтыны, оны көп тұтынатыны байқалады. Әрі өз еліне деген патриоттық сезімнің жоғары екені аңғарылды.
Англия жастарына барлық жағынан жағдай жасалған. Ондағы әр жастың ойы мен мақсаты әртүрлі. Неге көпшілік ол жақта адамдар тек қара жұмыс істейді деп ойлайды? Онда жұмыс істеймін деушілерге жұмыс түрлері өте көп. Қазір барлығы тик-ток көріп, онда тек алқаптағы ауыр жұмыстар ғана бар деген ойы қалыптастырған. Алқаптағы ауыр жұмыстар ғана емес, түрлі фирмалар, зауыттар және жылыжайлар көп соғылған. Еңбекқор халық. Жұмыс көзі көп. Ал, біздің елде жұмыссыздық көп, адамдардың айына алатын жалақысы да анағұрлым төмен. Біздің елде де жастарға жағдай жасалған, бірақ оны дұрыс пайдалана алмайтындар бар. Бәрі оңай жерден ақша тауып, бірден пайдаға кенелуді ойлайды. Қарапайым жұмыс орындарында еңбек етуге ерінеді, – дейді Гүлдана.
Жастар алыстан арқалағанша қолдағы бар дүниенің қадірін білуі керек. Өйткені, мемлекет әрбір азаматтың өз мақсатына жетуіне бар жағдайды жасап қойған. Ол үшін жастар үнемі білімін шыңдап, мемлекеттен көрсетілетін қолдауларды дұрыс пайдаланып, ерінбей еңбек етуі арқылы өз елімізде де табысқа жетуге болатынын түсінуі тиіс. Қандай шаруада да ынта болмаса, жұмыс нәтиже бермейтіні белгілі. Ынтамен атқарылған іс қана нәтижелі және сапалы болады. Сондықтан, қандай істі қолға алса да жақсы нәтижеге жетемін деген жастардың бойында нақты мақсаты, үміт және ынта, құлшыныс болуы керек-ақ.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»