Basty bet
«Мемлекеттік тілге құрмет білдіру әр азаматтың парызымыз»
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келді. Барлығымыз жұмыла жұмыс жүргізіп мемлекеттік тілді барлық салада араластырып қолдау көрсетсек, ана тілімізді біз ғана емес елге келген шетел азаматтары да үйренуге үміттенеді, сол себептен тілдің мәртебесі бізден осы қазіргі ұрпақтардан басталуы абзал ағайын.
Әрбір қызметкер, әсіресе, басшылық құрам өзі еңбек етіп отырған мекемеде мемле-
кеттік тілге басымдық берсе, сол аумақтың тұрғындары үшін үлкен үлгі-өнеге болар еді.
Мәселен, мемлекеттік қызметшілер халыққа қызметті қазақша сауатты әрі мәдениетті түрде көрсетсе, қоғамның мемлекеттік тілге деген құрметі, сол арқылы қажеттілік артады. Сондықтан, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруда мемлекеттік қызметкерлерден үлкен жауапкершілік талап етіледі. Солардың тиімді тетігінің бірі ретінде әрбір мемлекеттік мекеме мен құқық қорғау органының кіріс-шығыс құжаттарын, сондай-ақ, хат-хабарламаларды мемлекеттік тілде дайындауды атауға болады.
Мұны айтып отырғанымыз, «Тіл туралы» заңның 9-бабында мемлекеттiк органдар
актiлерiнің мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданатыны, қажет болған жағдайда ғана басқа тiлдерге аударылатыны және оны ресми тiлде жүргiзу мүмкiндігі көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілер актілерді тек қана мемлекеттік тілде әзірлесе, оның мәртебесін көтеруге өз үлестерін қосар еді.
Соттар мемлекеттік тілді халыққа жақындату бағытында кіріс-шығыс құжаттарын қазақ тілінде рәсімдеп, тіл заңдылықтарын қатаң сақтайды. Мемлекеттік тілдегі сот актілерінің сапасына айрықша көңіл бөледі. Судьялар мен сот қызметкерлері екі тілге бірдей жетік, сотқа келушілер сұраған тілде жауап бере алады. Соттарда мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту мәселелерімен айналысатын құрылымдық бөлімшелер бар, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты тұлғалар белгіленген.
Мемлекеттік тілге қатысты басты мәселе қазақ тілінде қаралатын істер санының аздығымен байланысты. Жасыратыны жоқ, заңды тұлғалар тарапынан берілетін талап қоюлардың көпшілігі ресми тілінде түседі. Бұл банктер қарыз алушымен несие шарттарын қазақ және орыс тілдерінде рәсімдейді. Шарт бойынша дау шығып, сотқа жүгіну қажеттігі туындағанда талапты мемлекеттік тілде емес ресми тілде береді. Бұл жағдай көбінесе банктер мен қаржы ұйымдары тарапынан көрінуде.
Алайда аудандық сотпен банк пен қаржы ұйымдарына талап қоюларды мемлекеттік тілде жолдау туралы үнемі хат жолдануда, оған қосымша талап қоюдың үлгілері жіберіледі.
Әрбір адам өзінің конституциялық құқығын дұрыс пайдаланып, арызды өзі жақсы білетін қазақ тілінде жазса нұр үстіне нұр. Сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің орны ҚР Жоғарғы Сотының «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысымен де айқындалған. Бұл өз кезегінде сот процесіне қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда жалпы қоғам болып мемлекеттік тілде сөйлеуді басты ұстанымымызға алу қажетпіз.
«Адамды өзі жүрген қоғамда қалай тануға болады, солай оны сөйлеп жатқан тіліне қарай бағалауға болады» ағылшын жазушы философы – Свифт Джонатан.
Жуалы аудандық
сотының төрағасы
Бабырхан Абуев