Basty bet
Ұстаз – ұлттың шамшырағы!
өнегелі өмір иесі, танымал ұстаз, профессор Гүлтас Сайынқызымен тағылымды кездесу өтті
Өткен аптаның жұма күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен танымал ұстаз білім саласының ардагері, ұзақ жылдар бойы ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан Гүлтас Сайынқызымен «Даналық пен парасат» атты кездесу кеші өтті. Тағылымды кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы және білім мекеме ошақтарының ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Кездесудің мақсаты – жас ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар беру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және еңбекқорлықтың, білім мен парасаттың маңызын ұғындыру.
Кездесу «Ұлт анасы – ұрпақ ұстазы» атты бейнекөрсетілімнен басталды. Мұнда Гүлтас Сайынқызының туған жерінен қазіргі күнге дейінгі өмірі LED экран арқылы көрерменге көрсетілді. Одан бөлек, оның білім саласындағы еңбегіне қысқаша тоқталып өтті.
Әрі қарай ортада ұстаздардың орындауында «Ұстазым» әнімен жалғасты.
Ана құрсағынан ұлылыққа дейінгінің бәрі де мұғалім – ұстаз алдынан өтеді, барлық іргетасы ұстаз қолымен қаланады, жүрек жылуынан өнеді. Кеш тақырыбының «Даналық пен парасат» деп қойылуы да кездейсоқ емес. Өйткені даналық – терең ойдың түйіні, парасат – асыл мінездің биігі. Осынау қос қазынаны өмір жолына серік етіп, ұрпаққа өнегесін арнаған тұлға, ұлт мүддесін өз мүддесі тұтқан аяулы ұстаз, жұлдызы биік Жуалының төл перзенті – Гүлтас Сайынқызы.
Көрермендердің ыстық ықыласымен және зор құрмет қошеметпен сахна төріне Гүлтас Сайынқызы шақырылды.
Ол өзінің балалық шағы, ұстаздық жолға келу себептері және өмірлік ұстанымдары жайлы жүрекжарды әңгіме өрбітті. Ол қазіргі заман жастарына керекті басты қасиеттер – адалдық, табандылық және білімге деген құштарлық екенін атап өтті.
«Мен ұстаздықты мамандық деп емес, миссия деп түсіндім. Білім – болашақтың кілті. Еліміздің кемел келешегі – Сіздердің қолдарыңызда. Ең бастысы – армандаудан қорықпаңыздар және сол армандарға жету үшін аянбай еңбек етіңіздер. Әр шәкірт – тұтас бір әлем. Ұстаз болу – тек сабақ беру емес, жан-тәніңмен баланың тағдырына араласу. Әр оқушы – бір үміт, бір болашақ. Ал сіздер сол болашаққа бағыт беретін жарықсыз шамсыз. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Осыны ұмытпаңыздар. Сендер де өз армандарыңа сеніңіздер. Күнде бір қадам жасасаңыздар, армандар орындалады», деді Гүлтас Сайынқызы.
Кездесу еркін форматта өтті. Жоғары сынып оқушылары қонаққа түрлі сұрақтар қойып, қызығушылық танытты. Мәселен, «Сізге қиын сәттерде күш берген не нәрсе?», «Қазіргі жастарға қандай кеңес берер едіңіз?» деген мазмұнды сұрақтар қойылды. Гүлтас апай әрбір сұраққа шынайы жауап беріп, оған өмірлік мысалдар келтіре отырып, жастарды жігерлендіре түсті. Оның сөзіне қарап, шәкірт тәрбиелеудің қаншалықты жауапты әрі мағыналы іс екенін ұғынуға болады.
Сөз кезегі аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаеваға берілді.
– Сізбен болған сырлы сұхбаттан көп тағылым алдық. «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» дейді дана халқымыз. Бүгінгі кешіміз соның айқын дәлелі болды. Ұстаз бақыты шәкіртімен бірге қуана білу, басты бақыт – оқушы қуанышы, ата-ана алғысы, ұстаз еңбегінің өтелуі. Біз сізге мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, ғылым мен ұстаздық жолда биік табыстар тілейміз,-деді бөлімінің басшысы.
Кездесудің соңында аудандық білім бөлімі мен мектеп ұжымдары Гүлтас Сайынқызына алғыс айтып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады. Ал өз кезегінде кештің қонағы Гүлтас Құрманбай білім бөлімінің басшысына өз кітаптарын табыстады. Көпшілік бұл кездесудің тәрбиелік мәні мен рухани құндылығы ерекше болғанын атап өтті. Өйткені жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі, ал ұстаздар үшін кәсіби шабыт көзі болды. Осындай кездесулер арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұстаз мәртебесін биіктете түсу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»