Basty bet

Еңсесі биік Елорда

Бүгінде елордасы Астана қаласы – барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналды. Астана – қарыштап дамыған мемлекеттің басты нышаны, әлеуметтік-экономикалық өркендеудің айқын дәлелі. Сайын дала Сарыарқаның төсінде орналасқан бас қалада әлем елдерінің Президенттері мен дін көшбасшылары бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешімдер қабылдайды. Көкке ұмтылған бірегей, зәулім ғимараттар жүрек тебірентіп, мерейімізді тасытады. Елорданың заманауи келбетіне шетелдік қонақтар да таңданыспен қарайтынын жақсы білеміз.
Астананың қазіргі күн санап, биіктей түскен еңсесінен Ел Тәуелсіздігінің тегеуріні мен елдіктің қасиетін, жасампаздықтың жаңғырығын айқын байқайсың. Ерке Есілдің жағасында жаңаша сәулетпен бой түзеп келе жатқан әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды.
Қазақстанның астанасы неге өзгертілді?! Қоғамда осы сұраққа жауап беріліп қойған. ХІХ ғасырдың табалдырық аттар тұсында Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен жаңа астана туралы арнайы мәлімделген. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімі аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың Желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандық қасиеті терең тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқығы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастың ерік-жігері бар. Осы таңдауға дәйім лайық болайық!
Астана дегенде кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, бойымды тәтті сезім билейді. Өйткені, мен Ақмола (бұрынғы Целиноград) қаласында бес жыл оқып, жоғары білім алдым. Солтүстік пен орталық облыстардың дәстүрі мен менталитетін үйреніп, диалектісіне де бейімделдім. Қызықты студенттік жылдарым сонда өтіп, азамат болып қалыптасуымның негізі сонда қаланды деуге әбден болады. Маған «Ақмола-Целиноград-Астана» атаулары өте ыстық әрі қымбат!
Тарихқа көз жүгіртсек, бұл күні қалаға астана мәртебесін беруге қатысты алғашқы құжат қабылданды. 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады. Елорданы Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы шешімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстанның оңтүстік шекарасында орналасқан Алматының өнеркәсіп орталығынан шалғай орналасуы ықпал етті. Ақмола облыстардың ішінде алдыңғы қатарда болды. Сонымен қатар, бұрынғы астананы одан әрі кеңейту мүмкіндігі аз болды. Ал, Ақмоланың бұл жағынан перспективасы зор еді.
1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми көшірілгеннен кейін елордаға қатысты тағы бір маңызды шешім қабылданды. 1998 жылдың 6-шы мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы – Астананың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан қомақты үлестеріне, ерен еңбектеріне белсене қатысқандары үшін барша әлеуметке алғысым шексіз! Жалпы, Ақмола – Қазақстан елордасы Астананың 1968-1998 жылдар аралығындағы атауы.
Қазақ елі Ресей империясының бодандығын қабылдағаннан кейін патша әкімшілігі қазақ жерін басқару мәселесі бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырғаны белгілі. 1822 жылы Александр І қол қойған «Сібір қырғыздарын басқару» туралы жарлығына сәйкес, Орта жүз жері Батыс Сібір губернаторлығының Омбы облысының құрамына енгізіледі. Осы кезде (1824 ж.), Қарқаралы, Көкшетау сыртқы округтері ашылады. Ал, 1832 жылы тамызда Ақмола сыртқы округі (облысы емес) ресми түрде ашылады. Семеке ханның шөбересі Қоңырқұлжа Құдайменді аға сұлтан болып сайланады. 1868 жылы қазан айында «Далалық облыстарды басқару туралы уақытша ережеге» сәйкес, орталығы Омбы болған Ақмола облысы құрылады. Уақыт өте келе облыс орталығын Омбыдан Ақмолаға көшіреміз деп ойлаған үкімет қаланы «Ақмола» деп атап кетті.
Ақмоланың алғашқы 30 жылының (1898 жылға дейін) соңына қарай тұрғындардың саны 2000-нан асты, ал келесі 30 жылда үш есеге өсті. 6 428 тұрғыны бар Ақмола уездік қалаға айналды. Қалада 3 шіркеу, 5 мектеп, 3 зауыт болды. ХІХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында қаланың басқару мәселесі, қонақүй мен өрт мұнарасы және А.Невскиий шіркеуі салынған кезде халық саны айтарлықтай өскен. Саудагерлер сарайы пайда болды. ХХ ғасырдың басында Ақмола 18 мың халқы бар (1915 ж.) сауда қаласына айналды.
Қаланың көркі 1892 жылы салынған сәулет ғимараты А.Невский шіркеуі болды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қала қарқынды өсті. Өнеркәсіп қолөнер сипатында болды. 1913 жылы статистика бойынша Ақмолада май қайнататын, ішек-қарын тазалайтын, жүн жуатын, 9 кірпіш зауыты және 2 қой терісін өңдейтін зауыт, 21 ұста, 70-тей жел диірменде 208 адам жұмыс істеген.

Ақмоланың Кеңес дәуірі кезіндегі сипаты
Ақпан төңкерісінен кейін (Кеңес дәуірі кезеңі) қала басшылығы Ақмола уездік атқару комитетін ұйымдастырды. Большевиктік топ 1917 жылдың желтоқсанында Ақмола қалалық депутаттар кеңесін құрды.
1929 жылы «Ақмола-Бурабай» теміржолының құрылысы басталды. 1939 жылдың қазанында Ақмола облысы Қарағанды облысының құрамынан бөлініп, орталығы Ақмола қаласы болды. Бұл кезде 32 мың тұрғыны және бірнеше өнеркәсіп қана болды. Ұлы Отан соғысы қаланың экономикалық әлеуеті мен қала бейнесінің дамуына кері әсерін тигізді. Ірі зауыттардың әскери жағдайға көшірілуі өндіріс орындарының санын көбейтті. Одақтық маңызы бар «ҚазахСельМаш» зауыты пайда болды. 1944 жылы 16 кәсіпорында 2 800 адам еңбек етті. Қалаға сырттан күшпен қоныс аударылып келгендер көбейді. Олардың көбісі Солтүстік Кавказдан келген ингуштар болды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру Ақмола облысы өңірінің аса маңызды кезеңі болды. 1954 жылдың 2 наурызында еріктілер Алматыдан, 5 наурызында Мәскеуден келді. 1953-1958 жылдары облысқа 270 мыңдай адам келіп, Ақмола қаласы елдің басты қамбасына, ауылшаруашылық машиналарын жасау орталығына айналды. 1953-1956 жылдары облыста 3,5 млн гектар тың жер игерілді. Тың игеру науқаны қала дамуында шешуші фактор болды.
1960 жылдың желтоқсан айында қала тың өлкесінің орталығы болды. Ал, 1961 жылы қаланың аты Целиноград болып өзгертілді. Тұрғындардың саны тез өсті. 1961 жылы қаланың тұрғын үй қоры 115 мың адамға шаққанда 600 мың шаршы метрге жетті. Жарты жыл ішінде құрылысшылар 650 пәтер мен төрт-бес қабатты мектеп үйін пайдалануға берді.
Целиноград қаласының құрылысына Мәскеудің 29 құрылыс зауыты қатысты. Ленинград жобалау институтының бас жоспары бойынша «Хрущев кезеңінің» типтік қалаларын салды. Целиноград кеңестік қала мектебінің принциптерін бейнелейтін үлгі болды. 1963 жылы 2 355 орындық «Тың игерушілер» сарайы ашылды. (қазіргі Конгресс-холл). «Есіл» қонақүйі салынып, классикалық бағыттағы сәулет өнерінің сипатын сақтаған.
1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола деп аталды. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болды. Қаланың дамуы үшін елдің орталығындағы тиімді геосаяси және ірі көлік жолдарының түйіскен жерінде болуы, қажетті көлік және телеорталық инфрақұрылымының, бос жерлердің болуы осы шешімді қабылдауға әкелді. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Ақмола атауының шығу тарихы
Елорданың тарихи Ақмола атауының шығу төңірегіндегі ойлардың түрлі нұсқалары бар, ол орынды шығар. Өйткені қазақтың сайын даласының әрбір төбесіне атау қоюы сол бетте мөр басылып, қағаз бетінде құжатталмаса да, ауыздан ауызға тарап, мәңгілікке орнап қалады емес пе?! Бұрын Ақмола атанған қала туралы талассөздер тым көп болды ғой. Тіпті, Астана қаласының маңындағы бұрын «26-шы нүкте» немесе « Алжир» аталған елді-мекеннің аты «Ақмол» деп ауыстырылып, жергілікті әкімдіктің қуаттаған шешімі де шыққан. Бәлкім, Ақмола атауының түбірі ақ, сүт, айран сияқты малдан алынатын ағарған өнімінен шыққан шығар деп ойлаған да болар… Бұлай ойлаған адамдарға ренжудің еш реті жоқ шығар. Туған өлкесінің атауын тартысқа салған жандарға тоқтау қойылатын шығар деген үміттеміз..
«Осы орайда өзім білетін деректі көпшілікпен бөліскім келеді» деп еске алады 92 жастағы, отставкадағы полковник Жанболат Әшербеков. «Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров (1912-1970) туралы 2002 жылы жарыққа шыққан «Ильияс Омаров. Жизнь и философия» деген кітап авторлары Мұхаммед Хален және Жанар Сүлейменовтар атақты қоғам қайраткерінің бесінші атасы Ақмолла атты би болған деп жазады. Бидің әкесі белгілі Қарабалуан деген батыр ауылына тосыннан келген Ақмолла есімді татар молдасының жаңа туған баласының атын Ақмалат деп қойғанын айтады. Кейіннен батырдың ауылына Абылайхан келіп, ханның жас балаға берген есімді жаратпағанын ескеріп, атын Ақмолла деп өзгертеді. Сөйтіп, баланың есімі әлгі молданың атымен аталып кеткен екен.
Кейіннен жасөспірім Ақмолла Абылайханның ұлы Уәли сұлтан тұңғышының жанында жүріп, би атағын алып, жасы 40-қа тақағанда сұлтанмен бірге Көкшетаудағы негізгі хан ордасына бара жатқан жолда кенеттен қайтыс болып, сүйегі осы күнгі Астана, бұрынғы Ақмола атанған қала маңындағы төбе басына қойылады. Ол кезде ел арасында өздері танымайтын жерге белгілі азаматтың сүйегі қойылса, жер аты соған сәйкес ауызша өзгертетінін ескерсек, Ақмола атауының сыры осында жатқан болуы әбден мүмкін» деп еске алады Жанболат Әшербеков.
Қалай болғанда да, бүгінгі таңда Ақмола қаласы ресми астана статусын алды. Осы орайда мемлекеттік мереке – Астана күнімен барша жуалылықтарды шын жүректен құттықтап, амандық-саулық тілеймін! Қысқа ғана кезеңнің ішінде елордамыз саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығына, серпінді дамып келе жатқан Тәуелсіз Қазақстанның символына, көпұлтты және көпконфессиялы еліміздің достығы мен бірлігінің кепіліне айналғаны даусыз!
Жасай бер, жайнай бер, елордасы – Астана!

Әбдікерім Уркумбаев,
бұрынғы Целиноград ауыл шаруашылығы
институтының түлегі.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close