Basty bet
«Өзім салған зәулім үйлер көзіме ыстық көрінеді»
дейді көлбастаулық құрылысшы Тахир Сатанқұлов
1998 жыл. Екі ғасыр тоғысында Ақмола қаласының Қазақстан астанасы болып жариялануымен Алатаудың баурайынан жаңа қоныстанушылардың үлкен көші қозғалды. Алдымен мемлекеттік аппарат қызметкерлері мен олардың отбасылары келіп орнықты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жүздеген, тіптен мыңдаған адамдар болашақтың қаласын бетке алды. Олардың қатарында шенеуніктер де, ғалымдар да, ұстаздар да, әртістер, әскерилер де, сәулетшілер де, құрылысшылар да, студенттер де, тіптен қарапайым еңбек адамдары – көше тазалықшылары да, етікшілер де болды. Осылайша, көптеген армандар мен тілектер Есілдің жағалауында тоғысып жатты…
Оқу бітіріп, арман қуған Тахир Сатанқұлов та келешек тағдырын Арқа төсінде жаңадан салынып жатқан Елордамен байланыстырып, өмірінің жаңа парағын осында бастау үшін аттанған көп жастың бірі еді. Бұл кезде қала үлкен құрылыс алаңына айналған. Төңіректің бәрінде ұзын мойынды крандар. Бойшаң ғимараттар бірінен соң бірі жарысып, бой көтеріп жатты. Тахир көп ойланбастан құрылыс фирмасына қарапайым жұмысшы болып қабылданады. Көпқабатты етіп салынған үйлердің сылау-әрлеу жұмыстарына кірісті. Ең қиыны, ішкі жұмыстарда құрылысшылар көп еңбектенді.
Уақыт өте келе Тахир Рақымжанұлының шеберлігі шыңдала түсті. Құрылыс саласында әжептәуір тәжірибе жинақтап үлгерген жігіт әуелі V разрядты сылақшы, тас қалаушы бола жүріп, ауысым шебері, бригада жетекшісіне дейін жоғарылатылады.
– Арасында зәулім үйлердің де құрылысына қатыстық. Өзім Астананың алғашқы құрылысшысы болып, бас шаһардың сәулеттік келбетіне үлес қосып, көптеген нысандарда қолтаңбамды қалдырғаныма қуанамын. Соңғы рет осыдан алты жыл бұрын елордаға барғанымда өзім салған үйлер көзіме оттай басылып, көңіліме жылулық сыйлады,- дейді Тахир.
Елордада арман қуған талапшыл жастардың мақсаттары іске асқан, жаңа өмірді қол ұстасып бірге бастаған жас жұбайлардың тілектері орындалған құт мекен. Тахир да өзінің болашақ жары Жадыраны осында кездестіріп, екеуі отау көтерді. Іргесі сүйіспеншілікпен өріліп, келешекке қатар нық қадам басқан жас шаңырақтың тұңғыштары дәл Астана күні мерекесінде дүние есігін ашқан Рамазан биыл 10 жасқа толды.
Он жылдай еңбек етіп, қаланың сәулеті мен бет-бейнесіне өзіндік үлесін қосқан құрылысшы жігіт 2014 жылы туған ауылына қайта оралды. Тахир құрылыс саласында жинаған тәжірибесін қолданып, өзіне кішігірім үй алып, оның орнына жаңа үй тұрғызды.
– Астанада болған жылдарымда өмір маған көп нәрсені үйретті. Қазір, Құдайға тәубе деймін, жағдайымыз ел қатарлы. Ауылда қолы қимылдағанның тұрмысы жаман болмайды. 10 жылдан бері «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясында жұмыс жасаймын. Бес балалы болдым, – дейді Тахир Сатанқұлов.
Бүгінде Астана күллі қазақ баласын біріктірген ұлы ордаға айналды. Қазақстандықтардың асқақ арманы мен ұлы мұраттарын жүзеге асыратын ірі мегаполис ретінде көшбасшылық міндетті абыроймен атқаруда. Ерке Есілдің жағасындағы бұл әсем шаһар көз алдымызда гүлденіп, дамып келеді. Аз уақытта қаланың экономикасы мен даму динамикасы көтеріліп, ішкі жалпы өнім көлемі өсті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар осында жұмыс тауып, армандарына қол жеткізді
Елорданың мерейтойы – жалпыұлттық мереке. Астананың тойы – қазақтың тойы. Біртұтас Қазақстанды Мәңгілік Ел ету жолында әрбір қазақ еңбек етуі тиіс. Ал, ұлтты ұлы істерге жұмылдыруда Астананың орны ерекше. Ендеше, еңселі елордамыз мәңгілік жасай берсін!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»