Basty bet
Адалдықты ардақ тұтқан асыл жан еді
Өмірде мамандықтың түрі көп. Ал адамзатты өсіретін, жас ұрпаққа жарқын болашақты адастырмас темірқазықтай бағыт-бағдар етіп нұсқайтын Ұстаздық қызметтің жөні бір бөлек. Бұл мамандықты: «Ұстазым менің, ұстазым!» немесе «Ғалым да, шахтер де бас иетін» деп қадірлеп, оны елге кеңінен дәріптейтініміз де сондықтан. Ал ұлағатты ұстаздың жөні бір басқа…
Ауданға қарасты Кәріқорған ауылының байырғы тұрғыны, саналы өмірінің санаулы жылдарын қасиетті ұстаздық жолға арнап, шәкірттердің бірнеше буынының қанатын қатайтқан ардагер мұғалімнің бірі – Ұлжалғас Әліпбекова болатын. Қазіргі Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысының Ордабасы ауданының «Бөген» су қоймасы ауылындағы ұлағатты ата-аналар – Әліпбек пен Әсемнің өнегелі отбасында туып-өсіп, кейіннен Алматы қаласындағы шет тілдері институтында жоғары білім алған бойжеткен 1977 жылы Жуалы ауданының Ертай (бұрынғы Кеңес) ауылындағы өніп-өскен ордалы әулеттердің бірі – Шыршынбаевтардың отбасына келін боп түседі. Міне, содан беріде Ұлжалғас апайдың өмір және еңбек жолы отбасында өнегелі де салиқалы ұрпақ тәрбиелеумен қатар, ұстаздықпен тікелей байланысты өрбіді.
Отағасы Халел Шыршынбаевтың мамандығы зоотехник болғандықтан, оны сол тұста басшылық арнайы жолдамамен «Большевик» колхозына жұмысқа жібереді. Алматы зооветеринарлық-мал дәрігерлік институтын үздік бітірген жас маманның алғашқы еңбек жолы аудандағы алдыңғы қатарлы ұжымшарлардың бірі – «Большевик» колхозында басталды. Жұбайы Ұлжалғас апай Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастап, шет тілі, оның ішінде, неміс тілі пәнінен оқушыларға сабақ берді. Онда отағасы аталған ауылдағы «Бурненский» әскери совхозында қызметте болатын.
1979 жылы Халел ағаның ұжымшардағы жұмысы Күреңбел ауылындағы «Чапаев» колхозына ауысып, Ұлжалғас апай осындағы қазіргі Күреңбел орта мектебінде (бұрынғы Ленин атындағы ОМ) жұмысын лайықты жалғастырды. Ерлі-зайыптылар мұнда 10 жылдан астам жемісті қызмет еткеннен кейін Кәріқорған ауылындағы М.Горький колхозына жұмыс ауыстырады. «Өзі жақсы адамға біркісілік орын бар» деген сөз бекер емес екен. Олар Күреңбел ауылында жемісті еңбектерімен ауыл тұрғындарының құрметіне бөленіп, аузы дуалы қариялардың батасын алды. Ақ бата ерлі-зайыптылардың жолын ашты деуге болады.
М.Горький колхозында жұмыс істеген жылдар Шыршынбаевтар отбасының өмірінде айшықты із қалдырғаны анық. Отағасы аталған колхозда экономист, бас экономист, одан бухгалтер, бас бухгалтер қызметтерінде сатылап өсті. Зоотехник мамандығымен қоса, кейіннен Алматыда ауыл шаруашылық институтында оқып есеп-қисап ісін де терең меңгерген тәжірибелі маман Халел Шыршынбаевтың одан кейінгі 13 жылы аудандық статистика басқармасымен байланысты өрбіп, ол аталған мекемеде бас маман қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шықты.
Ал Ұлжалғас апай Кәріқорған ауылындағы қазіргі Т.Әкімов атындағы (бұрынғы Жетітөте ОМ) орта мектепте ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиеледі. Алғашқыда неміс тілі пәнінен сабақ берсе, кейіннен аталған пәннің мектеп бағдарламасынан алынып тасталуына байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін еңбек және технология пәнінің мұғалімі мамандығын бітіріп алып, мектептегі қызметін одан әрі жалғастырып, 2014 жылы құрметті зейнет демалысына шықты. Ауданның бірқатар мектептерінде ұстаздық қызмет атқарып, әріптестері мен шәкірттерінің ерекше құрметіне бөленген ұлағатты ұстаз, көпбалалы ана Ұлжалғас Әліпбекқызы бірқатар салалық жоғары марапаттарға ие болған жан.
Тағдырдың жазуы солай шығар, кім білсін?! Ұлжалғас апай зейнетке шыққаннан кейін қапияда ауыр дертке шалдығып, онымен біраз жыл алысуына тура келді. Ол болмысында қайсар жан болғанымен, бірақ аңдыған жау алмай қойсын ба? Ақыры сол ауыр науқастан 2022 жылдың маусым айында дүние салған еді…
«Орнында бар оңалар» демеуші ма еді, мұндайда?! 45 жыл бірге отандасқан ерлі-зайыптылар Халел Шыршынбаев пен марқұм Ұлжалғас Әліпбекқызы екеуі ауданның дамуына еңбек сіңіре жүріп, отбасында ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірді. Олар төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп, барлығына жоғары білім әперді. Төрт қызы да анасының салып берген сара жолын жалғастыруды мақсат етіп, барлығы ұстаздық мамандықты таңдады.
Үлкені Әлия Шыршынбаева бүгінде Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етуде. Екіншісі Мадина Түркістан облысының Отырар ауданында балабақшаның меңгерушісі қызметінде, үшінші перзенттері Майя Күреңбел ауылында орта мектепте математика және информатика пәнінің мұғалімі. Үш қыздан кейін өмірге келген ұл Нұржігіттің мамандығы – стандарттау және сертификаттау. Мамандығымен біраз жыл жұмыс істеген ол қазіргі таңда жеке кәсіпкерлік саласында еңбек етуде. Ал бұл отбасының кенже қызы – Балнұр да педагог. Тараз қаласындағы балабақшалардың бірінде психолог болып жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл отбасының қыздары білім саласында жемісті еңбек етіп жүр.
Ауданның дамуына еңбек сіңірген еңбек ардагері Халел Шыршынбаев және ардагер ұстаз болған (марқұм) Ұлжалғас Әліпбекова екеуі ұл-қыздарынан бірнеше немере сүйді. Бір өкініштісі, отанасының кенеттен мезгілсіз дүние салуы отағасының да жанына қатты батқаны анық.
Ғалымның жас ұрпаққа қалдырған хаты мәңгілік болса, жақсының аты да өлмек емес. Ауданның білім саласына 40 жылға жуық уақыт еңбек сіңіріп, отбасында ұлағатты ана атанып, өнегелі, көргенді ұрпақ тәрбиелеген Ұлжалғастай ұстаз-ананың үлкен жүрегінің тоқтағанына биыл маусым айында жыл толып отыр. Артында асыл жары және ұрпақтары қалды. Соның өзі жабырқаған көңілге үлкен медеу.
Жаны жайсаң, жүрегі кең, адалдықты ардақ тұтқан асыл жанның өнегесі мен ұстаздық жарқын келбеті ұрпақтары мен шәкірттерінің жадында жаңғыра беретініне сенеміз. Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»