Basty bet
Тоқыма өнері адамды сабырлыққа тәрбиелейді
“Өнер талаптан туады” дейді дана халқымыз. Ұлы ойшыл Абай атамыз отыз үшінші қара сөзінде “Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол” дейді. Иә, олжаның ең үлкені – өнер үйренген.\
“Ел іші – өнер кеніші” демекші, ел ішінде түрлі өнерді меңгерген жандар көп. Жұмыс барысымен ауыл-ауылға барғанда сондай өнерлі жандарды іздейміз. Ондағы мақсатымыз – ұлттық өнерімізді дәріптеу, еңбек адамын үлгі ету.
Сабыр Жанеркенінің өнері жайлы бізге аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова айтқан болатын. Жақында Жанеркемен сұхбаттасудың сәті түсті.
Жанерке негізінен тоқымамен айналысады екен. Оның балаларға арнап тоқыған түрлі киімдері көздің жауын алады. Кішкентай қыздарға арналған небір көйлектері, жемпір, бас киім, сөмкелері сондай сапалы тоқылған. Түрлі стильдегі, ірі, нәзік бедерлермен тоқылған киімдері кім-кімді болса да қызықтырары сөзсіз.
Біз барғанда Жанерке комбинезон бас киімімен, басқа да түрлі бас киімдерді тоқып, сатуға дайындау үстінде екен. Әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Әрбірі өзінше әдемі.
-Мектепте еңбек сабағында тігін тігуге қатты қызығатынмын. Үйде жаңа мата болмаса, анам ескі киімдердің матасын беретін. Одан түнде ұйықтағанда киетін киім тіккенім есімде. Кейін тоқуды үйрендім. Тоқымашылық өнер өзімнің әпкелерімде, нағашыларымда да бар. Олар өздеріне керек киімді өздері тоқып алады.
Мен бұл кәсіппен тұрмыс құрған соң айналыса бастадым. Алматыдан жіптер алғызып, интернеттен тоқылған киімдердің түрлі үлгілерін көріп, өзіме ұнағандарын тоқып үйрендім. Ұнаған киімді тез бастап кеткім келеді.
Алғаш туыстарым, достарым тапсырыс берді. Сосын сөмкелер тоқып, құрбыларыма саттым. Үйрене келе кардиган тоқыдым.
Тоқу бір жағы көп уақытты алады. Тоқып отырып жаңаша жасауды ойланасың. Өкініштісі, еңбегің кейде дұрыс бағалана бермейді. Жіп қымбат, оның үстіне жұмысы күрделі. Бәрінен бұрын көп уақыт жұмсайсың. Былайғы жұрт тоқуды апалардың жұмысы деп ойлайды. Арзан бағалағысы келетіндер де көп.
Тоқып отырып, тағы не тоқысам болады, неге сұраныс жоғары деп, көбінде трендтен қалмауға тырысамын. Тоқыма өнері адамды сабырлылыққа тәрбиелейді.
Тұрмыс құрған соң біраз уақыт “НұрайПлаза” бизнес орталығында сұлулық салонында кірпік жабыстыру ісімен айналыстым. Салонда қолым қалт етсе, отырып тоқыма тоқимын. Өнерімді көрген Нүрила Едіханқызы “Мынауың тамаша ғой. Тоқтатпа, тоқи бер. Өнерің нәсібең, кәсібің болады” деп қолдау білдірді. Жалпы ол кісі үнемі жастарға қолдау білдіріп жүретін жан,- дейді Жанерке.
Кейіпкеріміздің ұстанымы – кісіге қиянат жасамау.
-Өмір алма кезек. Кімге не жасасаң да, өзіңе қайтады. Сондықтан тілімді де тартып сөйлеуге, әрекетіме да абай болуға барынша тырысамын,- дейді Жанерке.
Жанерке бүгінде базарда сатушы болып жұмыс істейді. Қолы боста тоқыма тоқиды. Үйге келген соң қолдан қамыр жайып сатумен де айналысады екен. Уақытты бос өткізбей, еңбекпен, ізденумен өткізген Жанеркенің алға қойған жоспары, мақсаты көп.
Жанерке Саматқызы Қайрат ауылында өмірге келген. Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияны тамамдаған соң Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің физика-математика факультетіне физика мамандығы бойынша оқуға түседі. 2018 жылы Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің магистратурасына педагог-психолог мамандығы бойынша оқуға түседі.
2019 жылы Аса ауылының азаматы Нұржан Аушеновқа тұрмысқа шыққан. Нұржан Бекболатұлы жоғары білімді мал дәрігері. Алматы қаласындағы аграрлық университетті тамамдаған Нұржан бүгінгі таңда “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Жетітөбе ауылында мал дәрігері болып жұмыс істеуде. Жас отбасы мемлекеттік бағдарлама аясында аудан орталығынан шағын үй алыпты.
Болашақтан үміті көп жас отбасының үйінің іші базарлы, сырты ажарлы болуына тілектестігімізді білдірдік. Лайым, араға біраз жылдар салып, Жанеркені көпбалалы ана деп газетке мақала жазуды Аллам нәсіп етсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»