Basty bet
Жауапты саланың жанашыр маманы
Әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Одан бөлек, жүрек қалауымен таңдаған мамандықтың артылар жауапкершілік жүгі де болатыны жасырын емес. Қай салада болсын өрлеу мен дамуға, жетістікке жету үшін сол мамандықтың үдесінен шығып, өз жұмысыңа жауапкершілікпен қараған абзал.
Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – мейірбикелердің арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Осы ретте, аудандық орталық ауруханада 343 мейірбике тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде 192 жоғары санатты, 18 бірінші санатты және жеті екінші санатты мейірбике бар. Сонымен қатар, бес жылға дейінгі жұмыс өтілі бар 62 жас маман ұжымда қалыптасып, аға буын өкілдерінің жолымен еңбек етуде.
Ал, қарапайым мейірбике қызметінен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында аудандық орталық аурухананың бас емшібикесіне дейін жеткен Нұрғайша Сыздықбаеваның денсаулық саласында еңбек еткеніне 36 жылдай уақыт болған екен.
Оның бала күнгі арманы хирург болу еді. Алайда, оның бұл арманы орындалмай, тек дәрігердің жүгін арқалайтын мейірбике болу бұйырады. Яғни, Б.Момышұлы ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген ол Мыңбұлақ орта мектебін бітірген соң, Ресейдегі Владимирский медициналық училищесіне оқуға түседі. Осында мейірбикелік мамандықтың қыр-сырын оқып, жедел жәрдем ауруханасында оқуын еңбекпен өтейді. Жас маман тәжірибеден өткең соң 1989 жылдары туған жеріне оралады.
Ол көлбастаулық Исағали Сыздықбаевпен отау құрып, Тараз қаласындағы теміржол ауруханасында мейірбике болып жұмыс істейді. Бүгінде ол өмірлік жолдасы екеуі екі ұл, бір қыздан үш немере сүйіп отырған жайы бар.
Одан кейін Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жұмысқа қабылданады. Ауруханадағы Т.Борашев, С.Жұмашев, Қ.Байрамов, Д.Мамедов сияқты білікті дәрігерлермен бірге ота жасау бөлімінде қоян-қолтық жұмыс істеп, науқастардың өмір үшін күресіне куә болады.
Ота жасау бөлімінде жас маманға Тоты Байтоқова, Алтыншаш Тілеуқұлова секілді тәжірибелі мейірбикелер жол көрсетіп, білгендерін үйретеді. Нұрғайша Алғабайқызы бұл ұстаздарының ақыл-кеңестерін әлі күнге дейін жанына түйіп, оны тәжірибесінде қолданады.
Аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде шыңдалған ол кейіннен қабылдау бөлімінде емшібике, емханада аға мейірбике болып жұмыс істеп, 2020 жылдан бастап аға мейірбикелік қызметіне кіріседі.
-Мейірбикенің жұмысы қиын, тірлігі қауырт. Қиын да қызықты жұмыс. Ең бастысы, өз жұмысыңды, мамандығыңды жақсы көре білсең болғаны. Жұмысыңды жан қалауымен, жауапкершілікпен атқарсаң, онда дертіне шипа іздеп келген науқастың да көңілін табуға болады.
Өмірім мейірбикелік қызметпен байланысты өрбіп келеді. Бұл жұмыстың әр сатысынан өттім. Әр бөлімдегі мейірбикенің қызметі тиісінше әртүрлі. Міндет біреу болғанымен, жүктелер жұмыс ауқымды.
Әр баспалдақтан өткен сайын менің әлі де үйренерім көп екен деген ой да боламын. Жас маман ретінде жұмысқа кіріскен сәттен бастап, әр күніміздегі оқиғадан, жанымыздағы әріптестерден үйренерім көп болды. Ең жауапты кезеңдерім ота жасау бөлімінде өтті. Бұл кезеңде маған дәрігермен бірге үлкен жауапкершілік артылды. Дәрігер ота жасау барысында аса мұқият болуы қажет болса, маған да сондай міндет артылды. Отаға қажетті әрбір құрал-сайманды ажырата алуым керек. Әрқайсысын сұраған уақытында дер кезінде дәрігердің қолына беруге міндеттісің. Дәрігерге бір сәт басын басқа жаққа бұруына болмайды. Сол себепті, мейірбикеге шапшаңдық, ұқыптылық, ең басты талап ретінде тазалық тұруы қажет. Одан бөлек, дәрігердің қолында ота үстеліндегі науқастың өмірі бар екенін есімнен шығармайтынмын.
Ал, қазіргі таңда аудандағы барлық мейірбикелердің жұмысына жауап беремін. Әр бөлімдегі мейірбикенің жұмысын білуім керек. Мәселен, емханадағы мейірбике мен хирургия, жұқпалы аурулар бөліміндегі мейірбикелердің жұмысын салыстыруға мүлдем болмайды. Дәрігердің нұсқаулығын орындағанымен олардың жұмыстары бөлек. Біздің мейірбикелер, әсіресе, аты жаман індет тараған тұста асқан табандылық пен шыдамдылық таныта білді. Өз өмірлерін қатерге тіге жүріп, тынысы тарылған науқастың көңілін тауып, уақтылы ем-домын алуға күш салды, – дейді Нұрғайша Алғабайқызы.
Аға емшібике өз сөзінде, мейірбике өз жұмысына жауапты болуы керек дейді. Сонымен қатар, мейірбике адамның жанын түсініп, оған әрдайым көмектесуге дайын тұруы қажет екенін, бір ұжымда еңбек еткен соң қызметтік этиканы да әрдайым сақтауы керек екенін тілге тиек етті.
-Мейірбике адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуы керек. Жұмыста ғана емес, кез келген уақытта көмек сұраған адамға медициналық антына адалдығын танытып, көмек көрсетуі тиіс.
Ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқаныммен, менің де білмейтінім көп. “Білгенім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз” демекші, бүгінгі жаһандану заманында бір орында тұралап қалуға болмайды.
Менен де білікті мейірбикелер бар. Олардың тәжірибесіне жүгініп, заманауилықты да қоса меңгеру керек. Сондықтан қиын да қызықты жұмыста ізденіс пен жаңашылық ешқашан өзінің маңызын жоймайды. Ширақтық пен ұқыптылық, жұмысқа деген ынта әрдайым мейірбикенің бойынан табыла білуі тиіс. Өйткені, науқас бізден жанына жылулық пен мейірімділік күтеді, – дейді ол.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»