Basty bet
Шыңбұлақ аймағында жол төселуде
Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 561,2 шақырымды құрайды десек, соның ішінде республикалық мәндегісі – 58,1, облыстық мәндегісі – 132, аудандық мәндегісі – 108,12 шақырым, ал ауыл көшелерінің автомобиль жолдары 263,0 шақырымды құрайды. Осы жолдардың қанағаттанарлық деңгейі 70-90 пайыз аралығында.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, биыл өңірде облыстық мәндегі Бауыржан Момышұлы-Қызтоған бағытындағы автомобиль жолының Шахан асуы-Қошқарата бөлігі, аудандық мәндегі «Жүрімбай-Шыңбұлақ», «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» және «Ақбастау-Қарасу-Жүрімбай» автомобиль жолдары, сонымен қатар ауыл-аймақтардағы бірқатар көшелердің жолдары орта және ағымды жөндеуден өткізілмек.
Андрей Фризен басқаратын тараздық «ЖамбылДорМостСтрой» ЖШС-ның «Жүрімбай-Шыңбұлақ» бағытындағы жалпы ұзындығы 7,0 шақырымдық автожолды орта жөндеуге сәуір айының соңғы онкүндігінде кіріскен.
Серіктестіктің учаске бастығы Александр Поповты объекті басында жолықтырып, сөзге тарттық.
– Бұл жолдың жөндеу көрмегеніне он жылдан астам уақыт болыпты. Осы аралықта жол төсемінің кей тұстары мүлдем ойылып, жарамсыз күйге түскен. Жоба бойынша бұрын төселген жарамды деген 3,5 шақырымды қалдырамыз. Оның айналасын арнайы машинаның көмегімен кесіп, жаңа салынатын асфальтпен тұтастырамыз. Ал пайдалануға жарамайтын тұстары толығымен сүріліп, астындағы табаны тегістелді, – дейді учаске бастығы.
Серіктестік негізінен облыс аумағында жол жөндеумен 15 жылдан бері шұғылданып келеді екен. Мұның алдында бес жылдай бұрын Жуалы ауданында «Талапты ауылы-Шекара заставасы» бағытында жаңа жол салыпты. Өткен жылы Жамбыл ауданында Әулиебастау бастауына апаратын жолдың құрылысын жүргізген.
Жөндеу жұмыстары Шыңбұлақ ауылына кіреберістен басталған. Қазір 800 метрге жуық жол жөнделген. Серіктестік жол жөндеу жұмыстарының технологиялық талаптарын қатаң сақтай отырып, жүргізуде. Тегістелген жол табанына қиыршық-құм қоспасы төгіліп, ауыр салмақты таптағышпен тапталады. Бұл қоспа тиісті деңгейде тапталғаннан кейін үстіне ыстық битум төгіледі. Бұл төселетін асфальттың жол табанымен жымдасуы үшін қажет. Содан кейін ғана «КамАЗ» автокөліктерімен жеткізілген ұсақ дәнді ыстық асфальт төселеді.
Асфальт серіктестіктің өз асфальт зауытында дайындалады. Ол арнайы асфальт төсегіш машинаның көмегімен төселеді. Сапасы стандартқа сай. Бізде сапа жөндеу жұмыстарының барлық кезеңдерінде тексеріліп отырады.
Құрылыс жұмыстарына тоғыз бірлік мамандандырылған техника мен 10-ға тарта жұмысшы тартылған. Жолшылар арнайы жабдықталған вагонда тұрады. Үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Александр Фризен геодезистің көмекшісі, Валерий Цепков жол таптағыш машинаның механизаторы болып жақында орналасыпты. Ал тәжірибелі маман Денис Петровтың асфальт төсегіш машинада жұмыс істегеніне 12 жылдан асқан. Мұнда барлығы оның ақыл-кеңесіне ден қойып, тыңдайды.
– Мезгіл мамыр айының ортасынан ауды. Біз жұмысқа кіріскелі үш аптадан асты. Негізі биылғы көктем айы жаңбырлы болып тұр. Бұл іске аздап қолбайлау болатыны рас. Дегенмен, біз әр сәтті пайдаланып, мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысудамыз. Бұйырса, жөндеу жұмыстарын мамыр айының аяғында толық аяқтайтын боламыз, – дейді серіктестік директоры Андрей Фризен.
Сонымен жоба аяқталып, жол толық пайдалануға берілген кезде, Шыңбұлақ аймағындағы Қосмұрат, Шыңбұлақ, Майбұлақ ауылдарының тұрғындары жылдар бойына созылған азаптан құтылып, тақтайдай тегіс жолмен қатынайтын болады.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»