Қашаннан қазақ халқының негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік малмен және атакәсіпті дамытумен тығыз байланысты болғаны белгілі. Қорадағы төрт түлік малды аман сақтап, оны тұрмыстық қажетке жарату жолында мал иелері ақ қар, көк мұзда, ызғырық пен үскірік боранда, жылдың қай мезгілі болсын, малдың жайымен бірге жүріп бейнеттенеді. Содан да болса керек, қазекең бір-бірімен кездесе қалғанда ең алдымен: «Мал, жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасып, жаннан бұрын малдың жайын сұрайды.
Түліктің төлден өсетінін жақсы білеміз. Төрт түлік малдардың көбісі жылдың наурыз айында төлдей бастайды. Оларды халқымыз «Наурыз төлі» деп атаған. Төлдің басы болған мал тұқымы сатылмайды және сыйға да берілмейді. Мұндай малды көп жағдайда өз қызығына жұмсайды, не Құрбан айт күніне құдайы жасап, құрбандыққа шалады.
«Қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» деп тұрмыстық өлең-жырда айтылатын тамаша мезгіл, наурыз айы да келіп жетті. Наурыз айы – жылдың басы, онымен бірге ырыс-берекенің де бастау көзі осы ай саналады. Сондықтан біз Наурыз мерекесінің бір нышаны – наурыз төлі туралы әңгімелейміз.
Ауылда төрт түлік ұстап, оны көбейту арқылы отбасының, қала берді өңірдің берекесін арттырып отырған шаруашылықтың бірі – «Мият» шаруа қожалығы. Теріс ауылында орналасқан шаруашылықта бүгінде 150 басқа жуық қазақы қылшық жүнді қой тұқымы бағылуда. Шаруашылық басшысы Алтынбек Райымбаевтың айтуынша, қойлар жыл он екі ай бойы төлдейді екен. Бірақ мұның ішінде Наурыз айында туған төлдің орны ерекше екенін айтады.
-Отардың ішінде жыл он екі ай бойы қошқар қосылатындықтан, қойлар да жыл бойы төлдей береді. Қозылардың да жас шамасы, денелері де әртүрлі. Бірақ қазақша жыл басы – Наурыз айы болғандықтан, бұл айда туған төлдер – төлдің басы саналады. Қорадағы қойлар желтоқсан, қаңтар айларында төлдей бастады. Ол уақытта туған қозылар қазір бірішама өсіп, отығып та қалды. Ал наурыз айында шамамен 20-30 бастай саулық және тоқты төлдеді. Туған қойларға тиісінше, тиісті күтім жасалуда. Оларға күніне екі мезгіл құнарлы жем және шөп беріледі. Осыған сәйкес, қазір енелерінің де, қозылардың да қоңы жаман емес. Мал қыстату науқанының көбі кетіп, азы қалды. Қолдағы бар малды қыстан аман-есен алып шықсақ деп ниеттеніп отырмыз,- дейді шаруашылық басшысы, еңбекқор азамат Алтынбек Миятұлы.
2000-шы жылдардың орта тұсында құрылған шағын шаруашылықтың жұмысын ағайынды азаматтар Затыбек пен Алтынбек бірігіп жүргізіп отыр. Шаруа қожалықта Шопан ата түлігінен бөлек, 50 басқа жуық қылқұйрық жылқы да бағылуда. Көктем шығып, күн жылына салысымен, малдар Қаратауға қарай жайылымға шығарылады. Қазіргі басты жауапты міндет – қолдағы малдың қоңын түсірмей, қыстан аман алып шығу. Ол үшін жемшөп қоры алдын ала жасалған. «Мият» шаруа қожалығының иелігінде 27 гектар егістік жері бар. Жыл сайын оның 14 гектарына жаздық арпа егілсе, қалғанына мал азығына көпжылдық шөптен жоңышқа және эспарцет егіліп, бапталады. Одан тиісінше, малдың қыстық азық қоры жасақталады екен.
Еңбексүйгіш ағайынды азаматтар көпбалалы отбасында тәрбие алған. Бір отбасында алты ұл, үш қыз тәрбиеленген. Қара шаңырақтағы ұл Алтынбек өз сөзінде, еңбек ардагерлері Мият пен Күмістің жетінші перзенті екенін айтады. Өкінішке орай, әкелері өмірден ерте озыпты. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі балаларды отанасы Күміс апайдың өзі тәрбиелеп, азамат қатарына қосқан. Қазіргі таңда 85 жасты алқымдаған ақ жаулықты ардақты ана немере-шөберелерінің сүйікті әжесі.
-Өмірге әкеліп, жақсы тәлім-тәрбие берген ата-анамызға рақмет. Олар бізді өсіріп-өндіріп, осындай халге жеткізіп отыр. Өз отбасыма келетін болсам, келіншегім Жадыра екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Құдайдың бергеніне шүкір. Басымыз аман, бауырымыз бүтін. Ел қатарлы еңбек етіп жатырмыз.
Наурыз мерекесі қасиетті өңірдің халқына жақсылық алып келсін, Ұлу жылы молшылық болсын! Ақ мол болып, елдің ынтымақ-бірлігі мен ырыс-берекесі арта берсін!- дейді шаруа азамат.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»