Basty bet
Отбасы. Кәсіп. Белсенділік
Қарасаз ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова төрағалық еткен жиынға комиссия мүшелері, тиісті сала мамандары және ауылдық округтегі әйелдер қауымы қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Қарасаз ауылдық округіндегі гендерлік саясаттың іске асырылуы туралы округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы баяндама жасады.
Екінші, үшінші мәселелер бойынша ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов пен аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова өз жұмыстары туралы баяндады. Сағындық Тоқбергенов ардагерлерге санаторийлерге тегін барып ем қабылдауға мүмкіндік жасалса деген өтінішін жеткізді.
Айгүл Омарова жас отбасылармен жұмыс барысы, жасөспірім қыздармен өткізілген түрлі тақырыптағы кездесулер, жеке қабылдаулар, “Әжелер” ансамблінің жұмысы, ардагерлердің ұйымдастыруындағы қайырымдылық шаралар туралы айтып өтті.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселеде ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйел-аналар Жазира Есенғали, Құндызай Жарылқапова, Гүлмира Құралқызы өз кәсіптері туралы баяндады.
Аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова ауыл әйелдеріне қауымдастықтың мақсатын, мүмкіндіктерін түсіндірді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ардагерлер ұйымының мақсат-міндеттерін түсіндіре келіп, ардагерлерді санаторийларға жіберуге қатысты мәселеге тоқталды.
Анар Садыққызы ардагердің жауабын толықтырып өтті. Яғни, ардагердің отбасындағы табысты жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен болса, ардагер санаторийге барып-келген соң, барып-келгендігін анықтайтын түбіртегін өткізгеннен кейін 87 мың теңге төленетінін түсіндірді.
Комиссия отырысын қорытындылаған Анар Садыққызы көшпелі комиссияның отырысы облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаевтың тапсырмасымен өткізіліп отырғанын айта келіп, шара алдағы уақытта Ақтөбе ауылдық округінде жалғасатынын жеткізді.
Сонымен бірге комиссия отырысында күн тәртібіндегі екінші, үшінші мәселелер бойынша баяндамашылардан тақырыпқа негізделіп, өздері атқарған жұмыстарын, оның ішінде отбасы құндылықтары, отбасын сақтап қалу бағытында атқарған жұмыстары туралы әңгімені естігісі келгенін қынжыла жеткізді. Дегенмен, жалпы Қарасаз ауылдық округінде ардагерлер кеңесі мен аналар алқасының жұмысы жолға қойылғандығына ризашылығын білдіріп, әрі қарай жұмыстарын аудан көлемінде іс-тәжірибелерін таратуға тұрарлықтай етіп ұйымдастыруға және ауылдағы ағайынның амандығы, ауызбіршілігі, ынтымағы, дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”