Basty bet

“Ауыл халқына” пилоттық жобасы өтуде

Денсаулық – зор байлық. Деніміз сау болмаса, ауру меңзеп, қалжыратса, шалқыған байлықтан, ақшадан не пайда?! Дені сау кедей – ауру патшадан бақытты.
Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың хадисінде «Ауырмай тұрып қадірін біл» деген өсиеті бар. Яғни, зор байлығымызды көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
Денсаулықты шартты түрде 100 пайыз етіп алсақ, оның 20 пайызы тектік факторларға, 20 пайызы экологиялық факторлардың әсеріне, 10 пайызы денсаулық сақтау жүйелерінің жұмысына, 50 пайызы адамның өзіне байланысты екен. Дегенмен денсаулық сақтау жүйесінің жан-жақты бәсекеге қабілетті болғаны халық үшін қашанда маңызды.
Мемлекеттің байлығы – адам. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлуде. Президент “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауында да ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласында едәуір оңды өзгерістер болды. Оның дәлелін өзіміздің аудандағы жүйедегі жұмыстардан анық байқауға болады. Мәселен, тәуелсіздік алғалы ауылдарымызда қаншама жаңа заманауи медициналық мекемелер бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Заманауи медициналық аппараттар алынды. Дегенмен, әлі атқарылар жұмыстар қыруар. Кемшіліктер де аз емес.
Осы орайда аудандық емхананың меңгерушісі Көмек Еркебұлан Бердалыұлымен емхана мен ауылдық медициналық мекемелердің тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан едік.

-Еркебұлан Бердалыұлы, ауданда аудандық емханадан басқа ауыл-ауылда қанша медициналық мекеме бар? Олардың материалдық-техникалық базасы қандай? Тәуелсіздік жылдары жалпы қанша жаңа ғимарат соғылды және қанша ескі ғимарат бар?
-Ауданда бір аудандық емхана, сегіз ауылдық дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік акушерлік пункт, 32 медициналық пункт бар.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ауданымызда 2017 жылы 12 ғимарат, 2018 жылы үш ғимарат, 2019 жылы сегіз, 2022 жылы екі ғимарат, барлығы 25 жаңа ғимарат соғылды. Енді жаңа құрылысты қажет ететін 13, күрделі жөндеуді қажет ететін үш ғимарат бар.
-Медициналық ғимараттардың қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталу деңгейі қандай? Соңғы жылдары қандай жаңа аппараттар алынды?
-Ауылдардағы медициналық мекемелер қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған.
Соңғы жылдары аудандық емханаға бір УЗИ аппараты, клиникалық диагностикалық зертханаға бес анализатор алынды. Сонымен бірге бір жылжымалы кешенді автобус алынды. Жылжымалы кешенді автобуспен дәрігерлер аптасына бір рет әр сенбіде алыс ауылдарға барып, халыққа қызмет көрсетеді.
-«Дені сау ұлт” ұлттық жобасының мақсаты – аурудың алдын алу. Яғни, тұрғындарды жас ерекшелігіне қарай скринингтен өткізу. Осы орайда айтыңызшы, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі көтерілді ме?
-Скрининг дегеніміз – белгілі бір жастағы сау адамдарға қауіп факторлары мен ауруларды ерте сатысында анықтау үшін профилактикалық медициналық тексеру. Тексерулер ауруды ерте кезеңде немесе оған бейімділікті анықтауға, оңтайлы емдеуді таңдауға және алдын алу шараларының кешенін тағайындауға көмектеседі. Тұрғындардың басым көпшілігі скринингтен дер кезінде өтуде. Яғни, халықтың жылдан-жылға өз денсаулығына деген жауапкершілігі көтеріліп келеді деп айтуға болады.
-Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған адам скринингтен өте алады ма?
-Сақтандырылмаған адам негізі өте алмайды. Алайда қараша айынан бастап, яғни қараша, желтоқсан айларында «Ауыл халқына» пилоттық жобасы қолға алынып, жоба аясында барлық 18 бен 70 жас аралығындағы тұрғындар тегін скринингтен өткізілуде.
-Диспансерлік есепте тұрғандар қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылуда ма? Жалпы қандай ауруларға тегін дәрі-дәрмектер беріледі?
-Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы №75 бұйрығына сәйкес тізім бойынша беріледі. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен де тегін дәрі-дәрмектер беріледі. Жалпы, министрліктің бұйрығы бойынша тегін дәрі-дәрмектер берілетін аурулар түрі көп. Оның бір қатарына тоқталсам, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, бронх демікпесі, өкпенің созылмалы аурулары, инфекциялық және паразитарлық аурулар, ас қорыту ағзаларының аурулары, қант диабеті, т.б.
-Аудандық емхана мен ауылдық медициналық мекемелерде қанша медициналық қызметкерлер бар? Жалпы ауданда маман тапшылығы бар ма? Бар болса, қандай мамандар?
-Аудандық емханада 33 дәрігер, 74 емшібикелер, 18 техникалық қызметкер бар. Ал ауылдық жерлерде 13 дәрігер, 108 емшібикелер, 84 техникалық қызметкерлер еңбек етуде. 84 техникалық қызметкерлердің ішінде қарауыл, от жағушылар да бар.
Маман тапшылығы бар. Атап айтқанда, емханаға фтизиатр дәрігер, онколог, эндокринолог мамандар қажет.
-Халықтың арасында медициналық қызметкерлердің мәдениеті туралы жиі айтылады. Яғни, кейбір мамандардың емханаға келушілерге дөрекі сөйлеуі, немқұрайды қарым-қатынасы жайлы айтылады. Жалпы бұл мәселе бойынша өзара жұмыстар жүргізіледі ме?
-Әрине. Көбінде шағым жасаушыны дәрігермен бірге шақырып, әңгімелесіп, мәселені көзбе-көз шешеміз. Негізді мәселелер орын алса, этикалық кеңесте қараймыз. Кеңесте дәрігермен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, қажет жағдайда тіпті оқытылады.
Халық болғаннан кейін әр адамның көзқарасы, мінез-құлқы да әртүрлі. Сондықтан негізді де, негізсіз де шағымдар болып тұрады. Дегенмен дәрігер барлығымен дұрыс тіл табыса білуі, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Дәрігердің жұмысы да оңай емес. Кейде жағдайға қарай кей мәселені қаттырақ түсіндіру қажет болады. Қалай дегенде де жылы сөз, дұрыс қарым-қатынас кез келген науқас адам үшін үлкен демеу, қолдау. Кез келген дәрігер үшін бұл басты ұстаным болуы керек.
-Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Алдағы жылы Жаңа-Теріс ауылында фельдшерлік акушерлік пункт, Жылыбұлақ, Қызтоған, Сұрым ауылдарында медициналық пункт салу жоспарлануда.
Медициналық аппараттардан момография, цифрлы флюрография, КТ аппаратын алу жоспарланып отыр.
Алда 16 желтоқсанда Бәйтерек және Күреңбел ауылдық дәрігерлік амбулаторияларының ашылуы болады деп күтілуде. Бұл ауылдықтар үшін үлкен қуаныш болғалы тұр.
-Әңгімеңізге көп рақмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close