Basty bet

Дінді қате түсіну неге ұрындырады?

Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі маңыздылығы артып отырғанын көріп отырмыз. Тәуелсіз қазақ елінде діни жаңғыру үдерісі ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлінің артуынан және жастар арасында діндарлық деңгейінің өсуінен байқалады.
Дін – дұрыс түсінген адам үшін бақытқа жетелейтін нығмет десек, қате түсінген адам үшін үлкен қасірет. Дінді қате түсіну бүтіндей елдер мен қоғамдарды берекетсіздікке ұшырататын құрал екенін тарихтан да білеміз, жекелеген елдердің бүгінгі ахуалынан да көріп отырмыз. Мұны жақсы түсінген қара пиғылдылар осы құралды қолдану арқылы діннің атымен өздеріне саяси ұпай жинауды мақсат тұтып, діни сауаты төмен жастардың санасын улауға тырысады. Шеттен келген теріс діни ағымдардың идеялары қаншалықты қисынды көрінгенімен, оның артында біздің еліміздегі ислам дінінің дәстүрлі түсінігіне қарсы мәнге ие дүниелер жатыр.
Қазіргі таңда да жер бетін мекендеген адамзатқа ең ықпалды нәрселердің бірі – дін деп айтсақ, қателеспейміз. Осы ерекшелігі себепті діни манипуляция жасалатын тақырыптардың алдыңғы қатарынан табылады. Міне, діннің осындай ерекшелігі себепті кейде дінді құрту, кейде жат пиғылдарына жету үшін түрлі адамдар дінді, өкінішке қарай, бұрмалауда. Бүгінгі таңда бүкіл әлемді шулатқан террорлық іс-әрекеттер көбіне ислам атынан дін бетпердесін қолдануда. Лаңкестік жасау Құдайдың бұйрығына жатпайды. Онымен Жаратушының разылығын тауып, кемелдену мүмкін емес. Сондықтан дін атынан лаңкестік болмайтындықтан, бұл жерде дінді бетперде етіп отырғаны анық.
Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Ішкі және сыртқы қауіптердің алдын алу, Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – мемлекет еншісіндегі дүние. Сол себепті мұндай мәселеге дін мен мемлекет жұмыла жұмыс жасайды. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де – елдiң тұтастығы мен бірлігі, дінаралық келісім мен тұрақтылық. Осы тұрақтылықты сақтауда біз ортақ пікірді біріктіру арқылы аянбай еңбек етуіміз қажет.

Мәлік СЕЙТАЕВ,
Көкбастау ауылдық
округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close