Basty bet
Ауыл тұрғындары тіршілік нәрінен тарықпайды
Ақтөбе және Түктібай ауылдарында ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілуде
Адами капиталды басты орынға қоятын Қазақстан Республикасында азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне және ел өңірлеріндегі ауыл тұрғындарына тұрмыста қолданылатын игіліктердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр.
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында басымдық берілуде. Атап айтқанда, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген мәселені Президент жайдан-жай айтып отырған жоқ. Сондықтан, барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты жұмысы – азаматтар мен тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуы тиіс.
Кейінгі жылдардың бедерін алып қарайтын болсақ, қасиетті Жуалы ауданына қарасты ауылдық округтердегі ауылдарға магистральды табиғи газ құбыры және ауызсу жүйелері қарқынды жүргізілу үстінде.
Ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалып атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда қасиетті өңірге қарасты ауылдардың бірқатарына ауызсу құбырлары, сонымен қоса, көгілдір отыны жоқ елдімекендердің барлығына дерлік табиғи газ құбыры тартылуда.
Атап айтқанда, осы бағыттағы жұмыстарға тікелей жауапты саналатын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне жүгінсек, аудан көлемінде тұрғындарды таза ауыз су жүйелерімен қамтудың үлесі әлдеқайда артып отырғанын анық байқаймыз.
Алдыңғы жылдарды қоспағанда, тек 2023 жылдың өзінде ауданға қарасты алты бірдей елдімекенде, атап айтқанда, өңірдегі – Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында жаңа ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Мұнымен қоса шалғайдағы – Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу, дәлірек айтқанда, онда кешенді-модульді блок (КМБ) орнату жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне берілді.
Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтудың үлесі туралы айтар болсақ, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, өңірде орналасқан барлығы 49 елдімекеннің 42-сі таза ауызсу жүйелеріне қосылып, тұрғындарды таза ауызсумен қамтудың үлесі – 85,7 пайызды құрап отыр.
Иә, су – тіршілік нәрі. Әсіресе таза ауызсудың тұрғындардың күнделікті тұрмысына ауадай қажет екенін жақсы білеміз. Ауданда ауызсу мәселесі өте өзекті болып отырған Түктібай және Ақтөбе ауылдарына таза ауызсу құбырын тарту мақсатында былтыр тиісті жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, биыл міне аталған елдімекендерде құрылыс жұмыстары басталып та кетті.
Жоғарыда аталған екі ауылды таза ауызсу жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстарын мердігер компания «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС жүргізу үстінде. Қазіргі таңда екі ауылда да жұмыс қатар атқарылу үстінде. Ақтөбе ауылына кіреберістің оң жақ бөлігінде су тарату стансасының құрылысы басталып, жұмыстар кестеге сәйкес атқарылу үстінде. Мұнда стансаның айналасын темір-бетон қабырғамен қоршау жүргізіліп, онымен қоса, жалпы сыйымдылығы 150 куб болатын су жинайтын екі бірдей резервуардың шұңқыры қазылып дайындалу үстінде. Онымен қоса, сусорғы стансасының да құрылысы жүруде. Ең бастысы, су қорының мол болуы алдын ала зерттеліп, тереңдіктен су бұрғылау бағытында жасалып жатқан жұмыстардың маңызы зор.
-Мұндағы су қорына мамандардың тарапынан алдын ала барлау жүргізілген. Кеңестік кезең кезінде мұнда судың мол қоры болғаны анықталып отыр. Оның орындары әлі де бар. Сондықтан мамандардың ауызсуды бұрғылауды осы маңнан жүргізу жөнінде шешімге келгенін баса айту қажет. Қазір су тарату стансасына су бұрғылау машинасын (су бұрғылау станогы) орналастыру үшін негіз жасалу үстінде. Бұрғылауға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы түгенделгеннен кейін бұрғылау жұмыстары басталады. Мамандардың пайымынша, ішуге жарамды ауызсу 150-200 метр тереңдіктен шығуы тиіс. Қалғанын құрылыс жұмыстарының барысы көрсетеді,- дейді бұрғылау шебері Ғабит Мүсіров.
Қызыларық ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылындағы үш көшеде 141 аула бар. Тиісінше, мұнда ауызсу құбырларын жүргізу кезінде барлығы жеті шақырымға жуық магистральды құбыр қазылу көзделсе, қазіргі таңда оның бір шақырымға жуығы қазылып, оған диаметрі 110 мм болатын пластик құбырлар мен бетон құдықтар орнатылу үстінде. Құбырлар көмілетін траншеяны көпфункциялы әмбебеп экскаватор-жүктиегішпен жүргізуші Жарас Сағырбаев қазып дайындаса, су жүретін негізгі магистральдық пластик құбырларды жерге орналастыру жұмыстарын Серік, Талғат есімді жұмысшы шеберлер сапалы атқаруға күш салып жатыр.
Ауызсу – ауыл тұрғындарының игілігі дейтін болсақ, ұзақ жылдан бері ауызсудың зарын тартып келе жатқан Ақтөбе ауылының тұрғындары үшін ауызсу жүйелерінің тартылып, құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқаны қуанышты оқиға. Сәтін салса, ауылдықтардың таза ауызсу тұтынатын қуанышты күні де алыс емес…
***
Сөз басында атап өткендей, ауызсу жүйелерінің құрылысы биыл Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылында да жүргізілуде. Иә, ақтөбеліктер сияқты Түктібай ауылының тұрғындары да көп жылдан бері ауызсудың зарын тартудай-ақ тартып келеді. Сәтін салса, таяу жылдары бұл олқылықтың да орны толғалы отыр. Олай дейтініміз, жақында мұнда да ауызсу жүйелерінің құрылысы басталды. Айта кету керек, аталған ауылда барлығы 143 аулада 825 тұрғын тұрғылықты тіркелген.
Ауылдың кіреберісінде орын тепкен су тарату стансасында әрқайсысының сыйымдылығы 200 кубты құрайтын екі резервуардың шұңқыры қазылып, бетон құюға дайындалған. Мұнда сусорғы стансасының да құрылысы қоса атқарылады. Жақында мұнда да су бұрғылау жұмыстары басталып кетті. Жұмысшы мамандар су бұрғылайтын арнайы машинаның көмегімен жердің тереңдігінен суды бұрғылап шығаруға кірісіп кеткендерін айтады.
-Мұнда келгенімізге 10 күндей уақыт болды. Мамандар су қоры бар деп белгілеген аумақтан таза ауызсуды бұрғылау жұмыстарын бастап кеттік. Ішуге жарамды таза су шамамен 150 метр тереңдіктен шығуы керек. Егер бұл тереңдіктен шықпаса ары қарай бұрғылай береміз. Өйткені таза ауызсу шығаруға міндеттіміз. Қазір бұрғылау машинасының көмегімен 60 метр тереңдікке жеттік. Жұмыс қалыпты жағдайда жүруде. Таза су шығаруға күш саламыз,- дейді аға бұрғылаушы шебер Сапарғали Арыстанбайұлы.
Бұрғылау машинасының машинисі қызметін Бауыржан Қоспан атқарса, Айдархан Мырзабаев бұрғылаушының көмекшісі ретінде өнімді жұмыс істеу үстінде. Айта кету керек, бұрғылау жұмыстары кезінде диаметрі 219-295 милиметрлік темір құбырлар пайдаланылу үстінде. Бұрғылау жұмыстарын барлығы төрт жұмысшы атқаруда.
Құрылыс басында болғанымызда, ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компания «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС-ның учаске бастығы, құрылыстың білгір маманы Бақтияр Қарабасовпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
-Біздің мекеме Жамбыл облысының бірқатар аудандарында дәл осындай ауызсу жүйелерінің құрылысын ұтып алып, сапалы жұмыс атқару үстінде. Жуалы ауданына қарасты Ақтөбе және Түктібай ауылдарына ауызсу құбырларын тарту міндеті біздің серіктестікке тиесілі. Қазір екі құрылыс нысанында 20 шақты жұмысшы маман кестеге сәйкес еңбек етуде. Екі нысанда да жұмысты қатар жүргізудеміз. Су жинайтын резервуардың орны жасалып, ендігі кезекте бетон құю жұмыстары қалып отыр. Жақын арада облыс орталығынан құрылысқа қажетті бетон қоспасы жеткізілсе, жұмыс та қызып сала бермек. Мұнда сусорғы стансасын салуға қажетті материалдар да жеткізілген. Қабырға қалауға арналған кірпіштер де дайын. Құрылысқа қолданылатын материалдың барлығы отандық өнімдер. Жұмыстардың кестеге сәйкес атқарылуына барынша күш салудамыз,- дейді учаске бастығы Б.Қарабасов.
-Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Сонымен қатар аула және тұрғындар саны аз бес елдімекен, олар – Көктас, Қарасу, Амансай, Күркіреусу және Қазбастау ауылдарындағы ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу және кешенді-модульді блок орнату жұмыстарын жүргізу арқылы тұрғындарды ауызсумен қамту жұмыстары 2024 жылға жоспарланған.
Одан бөлек, тұрғындар саны әлдеқайда көп – ауданның орталығы Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы және Күреңбел ауылдарындағы ескіріп, әбден тозығы жеткен ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту (реконструкциялау) жұмыстарына да қосымша жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде,- дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»