Basty bet

Өлең-өмірі!

Шаңырақ үлкен киелі

Шаңырақ үлкен киелі,
Аяулы менің мектебім,
Өзіңді жаным сүйеді,
Өтіпті сенде көктемім.

Киелі алтын ұям-ау,
Жазымда сенде өтіпті.
Аңсаған сені күндерім,
Сағыныш болып жетіпті.

Сарғайған мынау күзімде,
Енесің кейде түсіме,
Сан жылдар қалған артымда,
Қараймын басқан ізіме.

Үйрете жүріп балаға,
Тоқыдым бәрін көңілге.
Көзқарасымды өзгерттің,
Ғажайып мынау өмірге.

Сүйікті менің мектебім,
Өзіңде гүлдеп, көктедім.
Әрдайым сені еске алып,
Жырымнан жақұт төккенмін.

Жүрегім сені жырласын,
Шәкіртпен тұлғаң нұрлансын.
Ұл-қызды жылда түлетіп,
Қарсы алып жылда тұрасың.

Өзіңде өткен күндерім,
Ойласам қазір жыр-аңыз,
Кетсек те шығып зейнетке,
Өзіңді аңсап тұрамыз…
Пластиктер дәуірі

Қозғасақ та, айтпасақ та әріні,
Мына заман – пластиктер дәуірі.
Онсыз сірә, күніміз жоқ, жоқ тірлік,
Адамзаттың бәрі соған зәрулі.

Бар нәрсенің оңай жолын көздейміз,
Сәл ауырлау қиындыққа төзбейміз.
Табиғат пен адамзатқа қаншама,
Залал барын сезбейміз-ау, сезбейміз.

«Бір реттік» ыдыс, шөлмек, құтылар,
Күн жоқ шығар одан сірә, құтылар.
Десек-дағы пластикті оңтайлы,
Жоқ емес-ау жеріміз де ұтылар.

Тау-тау болып полигоны қоқыстың,
Бықсып жатыр, алаулайтын жоқ ұшқын.
Жемтік іздеп қарқылдайды қарғалар,
Оларда да мәз боларлық жоқ ұсқын.

Ағаш ыдыс, қыш құмыра бәрі аңыз,
Пластик боп бара жатыр санамыз.
Киген киім синтетика талшығы,
Өзіміз де жасанды боп барамыз.

Таң қалмаймыз, бәрі-бәрі өзгерген,
Өзімізде тек шикізат,
дайынның бәрі өзге елден.
Пластик дейтін дәуірге де жетіппіз,
Тас дәуірі, қола дәуір кездерден.

Демалыста табиғатты ластадық.
Қораптарды төгіп-шашып тастадық.
Сөйтіп тұмса табиғатты бүлдіріп,
Жасадық-ау, жасадық-ау қастандық…

Жоқ қой қазір ағаш есік, кереге,
Бәрі пластик терезе де, еден де.
Үй ішінің бәрі дерлік пластик,
Кермелер тұр кердең қағып төбеде.

Табиғат ана берсе дағы нәрлі уыз,
Оған берер мейірімге жарлымыз.
Пластиксіз күніміз жоқ, жоқ тірлік,
Пластикке зәруміз-ау, зәруміз…

Жаралы дала

(«Қызжылаған» фильмін көргенде полигонның Абайдай ұлы ақынның туған жеріне, туған халқыма әкелген қасіретін көзбен көргендей болдым…)

Көрген кезде фильмін «Қызжылаған»,
Қасіретіңе қанықтым қайран далам.
Кең төсіңді тілгілеп, тоз-тоз етіп,
Бірлігіңді ірітті-ау мызғымаған.

Қайран елім,
Көрдің небір зобалаң,
Кең далаңды жарылыстар тонаған,
Жойқын шақты бастан талай өткеріп,
Сонда-дағы рухың жоқ қой жоғалған.

Жарылыстар тоз-тоз етіп, жер төсін,
Бомба жарып, қиғандай ғып желкесін.
Аямастан тілгілепті-ау жаралап,
Қазағымның шұғылалы өлкесін.

Айыра алмай адал менен арамды,
Айыра алмай жақсы менен жаманды.
Бәрін теріс ұғындырып, сендіріп,
Мәңгүрт етіп уландырған санаңды.

Мал қырылып, ер боздап, қыз жылаған,
Зәбір көрдің қайран ел құзғындардан.
Көрген азап, бейкүнә тағдырыңның,
Кімдер төлеп, өтеуін кім сұраған???

Айналғанда жарылыс алаңына,
Қайран далам ұқсадың жаралыға.
Көріністер мұңайтып көңілімді,
Аяныштан жас келді жанарыма…
Қыз жылаған, қыз жылаған…

Жыр-Фариза – ақын ең ойы терең
Жалынына оранып жалын жырдың,
Қайталанбас жарығың жалын күннің.
Жүрек сөзін арнаушы ең қазағыңа,
Қалың қазақ еліңді сағындырдың.

Жыр-Фариза – ақын ең ойы терең,
Өткір тілді рухың бар, өрлігі ерен.
Әділдіктің таймаған ақ жолынан,
Семсердей жарқыраған Сен ақберен.

Үніңде дүбірі бар арғымақтың,
Ағыны асау жырды арқыраттың.
Жандайшап, қорқауларды, арыны асқақ,
Алмас қылыш жырыңмен қақыраттың.

Биікке шықтың әркім шыға алмайтын,
Шындықты айтпай әсте тұра алмайтын.
Мінезің бар дауылға қарсы тұрар,
Шыңға біткен жалғыз түп шынардайын.

Турашыл, дәлдігіңмен ерен едің,
Семсер жырмен тілгілеп, төге бердің.
Жағымпаз, жемқорлықты жою үшін,
Мына біздің қоғамға керек едің…

Арашашы болдың да ізгілікке,
Жауап таппай қиналдың мың күдікке.
Қазақ деген еліңе адалдықтың,
Дәнін сеуіп қалдырдың мәңгілікке,
Дәнін сеуіп қалдырдың мәңгілікке!

Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардақты ана, ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы

Өткеннің бәрі сағыныш…
Бәрі де бұлдыр бұл күнде,
Ұласып бір күн бір күнге.
Өткеннің бәрі сағыныш,
Уақытты қайтару мүмкін бе?

Өмірдің өткен белесін,
Аңсаумен алға келесің,
Өткеннің бәрі сағыныш,
Жастықтың еске ап елесін.

Ажары тайып түрдің де,
Қарттыққа жеттік бұл күнде.
Еліктей ерке күніңді,
Қайтару достым, мүмкін бе?

Анық қой мүмкін емесі,
Өтінем, бірақ демеші.
Тулаған өмір-өзенде,
Жүзіп жүр тағдыр кемесі.

Өмірде мынау зулаған,
Алладан тілек сұрағам.
Аспаным ашық, ел тыныш,
Балалар болсын, дін аман!!!

Ауруханада
Тұнжыр ойға батырды аурухана төсегі,
Сайран күндер артта қалды-ау кешегі.
Терезеден көз тастасам сырт жаққа,
Мына басың небір ойлар кешеді.

Келеді әне, келеді әне, күн шығып,
Оянуда бар адамзат тіршілік!
Қарап алып мына жарық әлемге,
Шүкір дейміз, Бір Аллаға құлшынып.

Өмір деген – ұзақ жол ғой сан түрлі,
Өмір деген – жанарыңның жарқылы.
Қымбаттығын сезінесің өмірдің,
Мына өмірге ғашық болу арқылы.

Тағдырлар бар неше түрлі, сан қилы,
Көрген кезде жан-жүрегің толқиды.
Бір жан үшін арпалысып жүр бәрі,
Тіршіліктің кермек иісі аңқиды…

Мекен болған аурухана, осы ара,
Алда әлі жарқын күндер тоса ма?!
Құшақтаған жас сәбиін түсінде,
Ояна сап, жылап алды жас ана.

Үміттене қарайды болашаққа,
арманға,
Бұл өмірге құштар боп,
сүймейтұғын жан барма?!
Барлығына қуат берсін, Бір Алла,
Денсаулықтан қымбат не бар жалғанда?!

Астананың аспаны
Тұнжырайды Астананың аспаны,
Кеше ғана ашық еді арайлы,
Зәулім үйлер тік көтеріп бастарын,
Айналаға маңғаздана қарайды.

Күн көзінен күтсек-дағы жылылық,
Ызғарлылау салқын самал еседі.
Бірін-бірі ығыстырып құмығып,
Қара сұр бұлт арлы-берлі көшеді.

Көз қырымен терезеден қараймын,
Тұнжыр қабақ, ал кешіп ой,
Көктемі де кештеу келіп жететін,
Бұл – Астана Сарыарқаның төсі ғой.

Асқақтаған ғимараттар
көз тартады қарашы,
Бұл – қазақтың күн дидарлы қаласы,
Күннен күнге құлпырады нұрланып,
Оғна сірә, ешкімнің жоқ таласы.

Бірақ, бірақ ызғарынан жасқандым,
Өңі солай ашылмай тұр аспанның.
Ағаштар да беймаза бір күй кешіп,
Бұтақтары иіліп, шұлғиды кеп бастарын.

Бұлт торлап тұр Астананың аспанын,
Науқастардың көңілі күпті, басында мұң,
Ақшаң болса, бәрін сатып аларсың,
Күн нұры мен денсаулықтан басқаның.

Уақыты келгенде аспан шайдай ашылар,
Күн көзінен жібек сәуле шашылар,
Сауығып үйге қайтарда,
Жадырап жаның, көңіл шіркін тасынар…
Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардақты ана, ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close