Basty bet

Болашаққа арыз жазып кетейін…

Поэзия! менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Дәл осылай, өмірінің қалтарыс-бұлтарысынан өлең іздеп, талайлы тағдырын жыр етіп толғап, сезімнің нәзік сырларын өлеңмен өрген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың – 9 ақпан туған күні.
Жеке меншік мерекесін дүркіретіп тойлауды арман қылған ақынның, болашаққа жазған арызы аудандық «Достық» мәдениет үйінде аталып өтті.
Атап айтсақ, «Мыңбұлақ» және «Жуалы» халық театрлары бірігіп, «Бүгін менің туған күнім» атты ақын өлеңдерінен құралған әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Туған күнімен ешкімнің құттықтамағанына назданып отырған жігітті, тосын сый жасап келген достары кеп қуантып басталған қойылымда Мұқағалидың бірнеше адамның өмірін сүрген бе деген ойға қаласың. Театр әртістері әртүрлі адамның әр қилы тағдырын бір ақынның өлеңдерімен шебер жеткізе білді.
Қойылым барысында Мұқағали ақынның қуаныш пен қайғысы, шаттығы мен мұңы, албырт жастығы, махаббат мұңы мен достық сенімі бәрі бір арнаға тоғысты. Яғни, бірде тұрмыс тапшылығына күйінсе, артынша оны әнімен жұбатты. Қарабастың қайғысынан елінің тыныштығын артық қойып, туған жерге ән арнады. Жастық шағын елестетіп албырт сезімге бөленгісі келді, есейгенін сезініп сәби де болғысы келді.
Сонымен қатар, шарада көрермен болып келген бір топ мектеп оқушылары да ақын өлеңдерін бірінен соң бірі жатқа оқыды.
…жыла жаным, жылай бер.
Мен де мәңгі тұрмаймын.
Ертең келіп басқа ақын,
Бақытыңды жырлайды, –деген ақынның әнімен қойылым аяқталып, шымылдық жабылды.
Ербол Бекжан,
«Мыңбұлақ» халық
театрының режиссеры

Таңдаулы материалдар

Close