Basty bet
Адам саудасына және адам еңбегін заңсыз пайдалануға жол жоқ!
Мемлекеттің басты байлығы – адам, оның азаматтары. Сондықтан, азаматтардың заңды құқықтарын қорғау негізгі міндет болып табылады. Бұл – өте маңызды.
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында адам саудасының алдын алу және адам еңбегін пайдалануға жол бермеу мақсатында адам саудасы және адам еңбегін пайдаланудың алдын алу туралы облыстық моблильді топтың кезекті отырысы өткізіліп, онда бірқатар мәселелер талқыланды.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, көші-қон қызметінің өкілдері, ауылдық округтердің әкімдері және аудан аумағындағы шаруа қожалықтар мен ірі кәсіпорындардың басшылары шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегі Жамбыл облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция капитаны Байжан Сатылғановқа берілді. Ол адам саудасының алдын алу және еңбектік қанау құрбандарын анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады.
-Құрметті әріптестер!
Адам саудасымен байланысты қылмыстардың қоғамға қаншалықты қауіпті екенін және соңғы кезде қоғамда жиі талқыға түсетін мәселе екенін барлығыңыз жақсы білесіздер. Осыған байланысты Үкіметтің 2021 жылғы тиісті қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Адам саудасына байланысты қылмыстардың профилактикасы, алдын алу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар» жоспары бекітілген. Іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры А.Баймурзинмен адам саудасының алдын алу және еңбектік қанау құрбандарын анықтау жөніндегі ведомстволық мобильдік топтың аудандарға шығу кестесі бекітілген. Мобильдік топтың құрамына полиция, прокуратура, еңбек инспекциясының өкілдері және ҮЕҰ-ның мүшелері кіреді.
Осының негізінде «Стоп-трафик!» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш кезеңі өткізілді. Соңғы бес жылдың ішінде қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс аумағында адам саудасына байланысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде, адамның ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе заңсыз алып қою, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жезөкшелікпен айналысуға тарту, одан бөлек, кәмелетке толмағандардың саудасы, сонымен қатар адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту бағытында бірқатар заңбұзушылық анықталды.
2022 жылдың шілде айында ҚР ішкі істер министрлігімен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті қайта құрылып, облыстық полиция департаментінде де адам саудасына қарсы арнайы бөлім құрылды. Қазіргі таңда аталған бөліммен адам саудасына қарсы қылмыстарды ашу, оның алдын алу және болдырмау мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізілу үстінде. Бұл шаралардың барысында есепте тұрған тұлғалармен, соның ішінде, жезөкшелікпен айналысатын тұлғаларға қатысты профилактикалық жұмыстар өткізіліп, адам саудасына қатысты болуы мүмкін орындарда тексерулер күшейтіліп, адам саудасының құрбандарын анықтау бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Бұл шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады. Қорыта келе айтарым, қандай жағдайда да адам саудасына және адам еңбегін қанауға жол берілмейді,- деді баяндамашы.
Келесі кезекте сөз алған аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев та күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ой-пікірін білдіре келе, адам саудасына қатысты мәселелерді сөз етіп, оның ішінде, шалғайдағы мал қыстақтарында және шаруашылықтарда мал бағатын жұмысшылар мен қожайынның арасында арнайы еңбек шартының жасалуына баса назар аударудың қажеттілігін атап өтті.
Айта кету керек, адам саудасының алдын алуға арналған жиында «Жандану» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдрахман Зайнутдинов бұл мәселеде адамның еңбегіне лайықты жағдай жасаудың қажеттігін айтып, заңсыз фактілердің алдын алу қажет екенін жеткізді.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Р.Құниязов қорытып, адам еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытында аудан аумағындағы шалғайдағы мал қыстақтарында және құрылысы жүріп жатқан нысандардарға жеке-жеке талдау жасау қажеттігін және жұмыс беруші шаруалармен арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»