Basty bet

Сапалы көше жолы – тұрғындар игілігіне!

Ауыл – елдің алтын бесігі. Елдімекендердің өркендеуі тұтас мемлекет дамуының кепілі. Соңғы жылдары «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Соның бір жарқын дәлелі Шақпақ ауылдық округінде атқарылып жатқан игі істер.
Бүгінде Т.Дүйсебайұлы ауылындағы С.Тотайұлы атындағы көшеде ұзындығы 1,6 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Көп жылдан бері тұрғындардың негізгі қатынас жолы болған бұл көшеге асфальт төселіп, ауылдың ажарын аша түсті.
Жөндеу жұмыстарын тәжірибесі мол «ПМК-109» ЖШС жүргізуде. Компания мамандары мен техникасы толық жұмылдырылып, белгіленген мерзімде сапалы нәтиже көрсетуге бар күш салуда. Бүгінде жолдың басым бөлігі аяқталып, аз ғана бөлігі қалды. Жақын күндері толықтай бітіп, тұрғындардың игілігіне берілмек.
Жаңа жолдың салынуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Өйткені ол тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен қатар ауылдың келбетін көркейтеді, тұрмыс сапасын арттырады. Әсіресе мектеп оқушылары мен қариялар үшін жолдың ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы үлкен жеңілдік.
Ауылдың ардақты анасы, зейнеткер Хадиша Рахманбекова апай өз ойын былайша жеткізді: Біз бұл күнді көптен күттік. Бұрын көшемізде жүру қиын еді: жаңбыр жауса лай-батпақ болатын. Әсіресе жаяу жүрген адамдар мен балаларға оңай соқпайтын. Ал қазір ауылымыздың көшесіне асфальт төселіп жатқанын көріп қуанып отырмыз. Жаңа жол баршамыздың игілігіміз. Еңбектеніп жатқан жұмысшыларға да, осындай қамқорлық танытқан басшыларға да алғысымыз шексіз. Бұл ауылдың берекесін арттыратын үлкен жақсылық” дейді ақ жаулықты ана.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Т.Дүйсебайұлы ауылындағы барлық көше толықтай асфальтталып, елді мекен 100% жолмен қамтылды. Ал жалпы Шақпақ ауылдық округі бойынша асфальт төселген көшелердің үлесі 90%-дан асты. Бұл ауылдық округ тарихындағы зор жетістік әрі мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдаудың жемісі. «Жол экономиканың күретамыры» десек, осы бағыттағы жұмыстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өміріне жаңа тыныс сыйлауда.

Ақжан Ілиясұлы,
Шақпақ ауылдық округі

Таңдаулы материалдар

Close