Basty bet
Бабын тапсаң, балық та байлық
Ақпарат ағыны толассыз ағылып жатқан бүгінгідей шақта көзі қарақты оқырманды жағымды жаңалықпен қуантып, сүбелі сөзбен өрілген қажетті дүниелерді ұсыну газет ұжымының қалыптасқан дәстүріне айналды. Бүгінгі мақаламыз еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығы жайында болмақ. Тірліктің көзін тапқан адамға балық шаруашы¬лығы да берекесі мол кәсіптің түрі. Бір балықтың өзінен алуан түрлі өнім алуға болады. Бұл өз кезегінде балықтан несібе тапқысы келетін халықтың берекелі тірлігін келтіруге таптырмас зор мүмкіндік.
«Мал баққанға бітеді» дегендей, балық та баптауды қажет етеді. Біздің ауданымызда да балық өсіруге мол мүмкіндіктер бар. Алайда жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі мен табыс көзі мал және егін шаруашылығы болғандықтан, өңірде балық өсіруге ден қойып жатқан шаруашылықтар саусақпен санарлық деп айтуға болады. Жуалы ауданында «Ислам» шаруа қожалығы облыста алғашқылардың бірі болып форель балығын өсірумен айналысуда.
Бұл кәсіпті қолға алған кәсіпкер – Қанат Жұманов. Міне, сондықтан болар, өңірде балық өнімдеріне нарықтағы сұраныстың жоғары болуына байланысты балық өсіруді қолға алып отыр. Қашанда сабақты иненің де бір сәті бар емес па? Шаруа азамат балық шаруашылығын дамытуды 2021 жылдан бастап, қолға алған. Бұл кәсіпке ден қойған кәсіпкер Диқан ауылының сыртындағы тоғанға бассейн салып, алғашқыда оған форель балығының екі және бір айлық шабақтарын жіберген. Ал шабақтарды 2021 жылдың мамыр айында Алматы облысының Есік қаласынан бес мың данаға жуық форель балығының шабақтары әкелінсе, кейінгілері Тараз қаласындағы Шайқорық ауылындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығынан тұрақты алынып отыр.
Осыған дейін егін егіп, диқаншылықпен айналысқан Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылының тұрғыны Қанат Жұманов бұлақ суынан жиналған 5 бассейнде 150 мың форель шабағын өсіруде. Бұған дейін 250 мыңдай шабақ алынған. Бұл шаруамен айналысу үшін бас-аяғы 33 млн қаржы жұмсалған.
– Балық шаруашылығын қолға алғаныма екі жарым жылдың жүзі болды. Отбасылық қожалығымызды 1990 жылы құрғанбыз. Қазіргі таңда қожалықты ағам Ілияс басқаруда. Бұған дейін егін және мал шаруашылығымен айналысып келдік. Енді, міне, отбасыммен ақылдаса келіп, балық өсіруге бел будық,- дейді кәсіпкер.
Мал және егінмен қатар балық өсіруді қолға алып отырған кәсіпкер бұл саладан аздап хабары болғанын, балықты қолда өсірумен бұрын айналыспағанын жеткізді. Алғашқыда шабақтардың бабын таппай, бірнеше жүздеген данасын өлтіріп алған кездері де болған. Барлық жұмыстың нәтижесі тәжірибемен келеді емес па? Қазіргі таңда өзінің табандылығы мен іскерлігінің арқасында бұл саланың қыр-сырына қанығып, балықтың бабын тауып отқан еңбекқор азамат. Қанаттың бастамасына жергілікті билік те қолдау білдіріпті. Ерекше айтар болсақ, Ақсай ауылдық округінің әкімі Мақсат Мәтен Диқан ауылының сыртынан жер телімінің құжаттарын рәсімдеуге көп көмегі тигенін, сонымен қоса ұдайы ақыл-кеңесімен бөлісіп отыратынын аса зор ризашылықпен жеткізді.
– Форель – ерекше күтімді қажет етеді. Жер бетіндегі 20-дан астам ауру түрі балықта кездесер болса, форель соның бәрімен ауырады. Сондықтан да судың тазалығы басты орында. Яғни, бассейнге келіп жатқан су бір жағынан құйылып жатса, екінші жағынан арна қуалап ағып кетеді. Тіпті, балықтар жүзіп жүрген бассейн суына қол салуға болмайды. Осылайша су тоқтаусыз тазаланып тұрады. Шабақтар қысқа мерзімде өсіп жетілсе, күзде сатылымға шығаруға жарап қалады,- дейді Қанат Әділбайұлы өз сөзінде.
Қазіргі таңда ең кіші шабақтың салмағы 150 грамм болса, үлкені 3,5 килограммға дейін барады. Бүгінгі күнде сол елді мекеннің бір тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Ол азаматтың есімі – Бақытжан Мәмбетұлы. Мұндағы шағын баспанада жыл он екі ай болып, балықтардың өсіп-өнуіне жағдай жасайды. Ит-құстан да қорғайды. Ашық алаңқайда қорғансыз шабақтарға сырттан келетін қауіп-қатер көбірек. Айтпақшы, балыққа күнделікті төрт мезгіл жем беріледі. Балыққа қажетті құражемнің тым қымбаттауына байланысты шаруашылық мүшелері жемді өздері дайындай бастаған. Өнімнің құрамында зиянды заттардың болмауын басты назарда ұстайтын Қанат Әділбайұлы өз өнімімен облысымыздағы кафе-мейрамханаларды ғана қамтып қоймай, қазіргі таңда Алматы қаласының ірі шаруа қожалықтары да қызығушылық танытып отыр. Өсіріп отырған «форель» балығының келісі 2500 теңгеден.
Балық шаруашылығы ел экономикасының негізгі бағыттарының біріне айналуы керек. Осы байлығымыздан түрлі өнімдер өндіріп, нарыққа шығару – кәсіптің түрін дамытып қана қоймай, жаңа белестерге жол ашатынына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Керек кәсіпті қолға алып, елге қызмет етуді көздеген елжанды азаматқа біз де сәттілік тіледік.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»