Basty bet
Болашаққа бастар маңызды таңдау
Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңы. Бұл – мемлекетіміздің демократиялық даму жолын айқындап, халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын тарихи құжат. Конституциялық реформалар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтып қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты мақсаты – әділетті, ашық және халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру. Осы жолда азаматтардың саяси белсенділігі мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Әрбір сайлау – елдің ертеңіне әсер ететін маңызды қоғамдық-саяси науқан.
Алда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау да – ел дамуына бей-жай қарамайтын әр азамат үшін жауапты кезең. Қоғамдық келісімді нығайтып, халықтың талап-тілегін билікке жеткізе алатын, ел мүддесін қорғайтын азаматтарды таңдау – баршамға ортақ парыз. Бұл сайлау халықтың бірлігі мен елдің тұрақты дамуына қызмет етеді деп сенемін.
Жаңа Конституция азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына кең жол ашты. Әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды. Сондықтан сайлауға қатысу – тек азаматтық құқық қана емес, Отан алдындағы жауапкершілік.
Ардагерлер қауымы қай кезеңде де елдің бірлігі мен ынтымағын, жас ұрпақтың отансүйгіштік рухта тәрбиеленуін басты құндылықтардың бірі санайды. Біздің міндетіміз – кейінгі буынға тұрақты мемлекет, берік қоғамдық келісім және заң үстемдік ететін қоғам қалдыру.
Барша жерлестерімізді алдағы сайлауға белсенді қатысып, ел болашағына бей-жай қарамауға шақырамын. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыздың мәртебесі әрдайым биік болсын!
Мұхтар ТҰРҒҰМБЕКОВ,
Мыңбұлақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы