Basty bet
Таза ауызсу – ауыл тұрғындарының игілігі үшін
Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылы сапалы ауызсумен қамтылды
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау, әсіресе, ауылдық аймақ тұрғындарының тұрмыстық игіліктерге қол жеткізуін қамтамасыз ету – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елдімекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп, бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылу үстінде.
Табиғи ауызсу – тұрғындардың игілігі. Өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, ауданның 49 елдімекені ауызсумен толық қамтылған. Ауызсу құбырының ұзындығы – 542,56 шақырымды құрайды. 2024 жылы екі елдімекенде ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Олар – Түктібай және Ақтөбе ауылдары. Сонымен қатар, 4 елдімекен кешенді модульды блок (КБМ) орнату арқылы ауызсумен қамтылды. Олар – Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдары. Ауызсу жүйелерінің әбден тозып, ескіруіне байланысты былтыр өңірге қарасты Көлбастау, Күреңбел және Бақалы ауылдарында қайта жаңғырту жұмыстарының басталғаны белгілі. Жалпы бұл жобалардың құны – 2,831 млрд теңгені құрайды. Аталған құрылыстардың 2026 жылға өтпелі екенін айта кеткен жөн.
6 шілде – Елорда күні мерекесінің қарсаңында ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі –Көлбастау ауылын ауызсумен жабдықтау жобасының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Су тарату стансасының басында ұйымдастырылған ауызсу құбырының қолданысқа берілуіне арналған жиынға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жатқанбаев, ардагерлер мен ауыл ақсақалдары және тұрғындар қатысты.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жатқанбаев ауыл тұрғындарын ел дамуындағы маңызды жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтап, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған мұндай инфрақұрылымдық бастамалардың мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтіп, алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлардың жасала беретінін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов өз сөзінде: «Мемлекет басшысының «2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауызсумен қамтамасыз ету» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ел өңірлерінде ауызсумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Халықтың тұрмысын жеңілдетіп, инфрақұрылымға қолжетімділікті арттыру бағытында Жуалы ауданында да бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұның ішінде, ауданға қарасты үлкен елдімекендердің орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, ал шағын ауылдардың кешенді-модульді блок орнату арқылы ауызсумен қамтамасыз етіліп отырғанын баса айтуға тиіспіз.
Көлбастау ауылы тұрғындарының игілігіне бағытталып, мемлекет қаржысы есебінен жүзеге асырылған бұл жобаның жұмысына сәттілік тілеп, ауызсу жүйелері тұрғындарға ұзақ жыл қызмет көрсетеді деп сенемін. Қуаныш құтты болсын!» деді комитет төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Бейбітбекұлы.
Ел дамуындағы маңызды инфрақұрылымдық жоба – «Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау ауылының ауызсу құрылысы» жобасының аясында Көлбастау ауылының көшелерінде жалпы ұзындығы – 21 шақырымнан астам магистральды ауызсу құбыры тартылып, нәтижесінде осындағы – 714 тұрғын аула сапалы ауызсумен қамтылды. Айта кету керек, барлығы – 3 927 ауыл тұрғыны таза ауызсуға қол жеткізіп, тұрмысты арттыруға да мүмкіндік жасалды.
Ауызсу жүйелерін тартуға бағытталған құрылыс жұмыстарын тараздық мердігер мекеме «Интеллект Азия» ЖШС жүзеге асырды. Ауызсудың ашылу жиынында жобаның уақтылы әрі сапалы орындалуына үлес қосқан мердігер мекеме мен құрылысшылардың еңбегі де ерекше аталып өтті.
Көлбастау ауылындағы жаңа ауызсу нысанының лентасын қию рәсімін аудан әкімінің м.а. Қ.Жатқанбаев және ҚР Құрылыс және коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Н.Керемқұлов, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков және ауылдық билер кеңесінің төрағасы Нұрғазы Қыстаубаев салтанатты жағдайда қиды.
Иә, ауыл тұрғындарының игілігін арттыру – маңызды міндет. Аталған игі жоба – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларының нақты көрінісі екені анық. Елдімекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады деп сенеміз!