Basty bet

Мықты отбасы – мықты мемлекеттің тірегі

Елімізде жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Бұл айтулы күн – отбасын қоғамның іргелі негізі ретінде нығайтуға, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, әрбір отбасының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Отбасы күніне орай 7–13 қыркүйек аралығында ауданда отбасы құндылықтарын дәріптеу, отбасылық қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараларда әр күнге тақырыптық бағыттар белгіленіп, отбасы институтын нығайтуға, саламатты отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыруға және ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде оқушылар аға буын өкілдерімен, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысушылармен, көпбалалы, еңбекқор және үлгілі отбасының өкілдерімен кездесулер өтті. Кездесуде бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар өздерінің өмірлік тәжірибесімен, отбасылық құндылықтарымен және дәстүрлерімен бөлісті. Сондай кездесулердің бірі аудан орталығындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте «Мықты отбасы – мықты мемлекеттің кепілі» тақырыбында ұйымдастырылды.
Тағылымды жиынға өмірдің талай белесін бірге еңсеріп, қуанышы мен қиындығын қатар бөлісіп, бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан үлгілі отбасылар қатысты. Кездесуге келген отбасылар мектептің екінші қабатында орналасқан ұлттық бұрышта қарсы алынды. Мұнда қазақтың ұлттық тағамдары қойылып, халқымыздың қонақжайлық дәстүрі дәріптелді. Отбасылар дастарқан басына жайғасқан соң, алдымен үлкендерден бата сұралды. Бата беріліп, дәмнен ауыз тиді. Балалар да өз кезегінде бата айтып, отбасында алған өнегелі тәрбиенің үлгісін көрсетті. Дастарқан басында өнерлі балалар ән шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.
Ұлттық дәстүр мен заманауи тәрбиені сабақтастырған тағылымды шара одан әрі мектептің акт залында жалғасты. Қатысушыларды залда мектеп ұжымы мен оқушылар қошеметпен қарсы алды. Басқосуға отбасылық өмірде өзара сыйластық пен түсіністікті берік қалыптастырып, өнегесімен кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген Сейтжановтар, Төлегеновтер, Досынбектер және Әміре отбасылары қатысты. Сейтжановтар шаңырағының отасқанына – 16 жыл, Төлегеновтер отбасының бірге ғұмыр кешіп келе жатқанына – 25 жыл, Досынбектер әулетінің жарастығына – 26 жыл, ал Әміре отбасының отбасылық өміріне – 10 жыл толған.
Бұл шаңырақтардың әрбір мүшесі қоғамның түрлі саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Атап айтқанда, Әміре отбасының анасы Айман апа пошта саласында қызмет етсе, Төлегеновтер отбасының анасы Манаткүл Сембекқызы туған ауылдың көркеюіне, табиғаттың түлеп, гүлденуіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген жан. Сонымен қатар, шараға төтенше жағдайлар бөлімінің маманы, мейірбике, мұғалім, жеке кәсіпкер, «Алтын алқа» алқасының иегері атанған өнегелі жандар қатысты.
Отбасы күніне арналған іс-шара үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде отбасылар өздерін таныстырып, шаңырақтағы тәрбиенің бастауы – үлкенге құрмет, кішіге ізет екенін атап өтті. Қатысушылар сәлемдесу мен амандасудың бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, бұл қарапайым көрінгенімен, адам бойындағы әдеп пен мәдениетті қалыптастыратын құндылық екенін жеткізді.
Екінші кезеңде әр отбасы өз әулетінің шежіресіне тоқталып, ата-бабасы туралы сыр шертті. Балалар жеті атасын жатқа айтып, ұлттық тәрбиенің ұрпақ сабақтастығындағы маңызын көрсетті. Бұл кезең халқымыздың «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деген тағылымды сөзінің мәнін айшықтай түсті.
Үшінші кезеңде отбасылар арасында түрлі ойындар ұйымдастырылып, қызықты сұрақтар қойылып, әртүрлі тақырыпта пікір алмасты. Әсіресе, отбасы құндылығы, шаңырақтағы өзара сыйластық пен сүйіспеншілік, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі, ұлттық тәрбиенің маңызы кеңінен сөз болды.
Шарада «Әdilet» партиясы аудандық филиалының төрағасы Гүлнар Әбілдаева және мектеп директоры Эльмира Әбілқызы құттықтау сөз сөйлеп, отбасының қоғамдағы орнына ерекше тоқталды.
Гүлнар Әбілдаева өз сөзінде, отбасы – қоғамның ең маңызды әрі берік тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мықты отбасы қалыптасқан жерде мейірім мен жауапкершілік, өзара құрмет пен татулық орнығады. Ал, осындай отбасылардың тәрбиесін көрген бала елінің болашағына бей-жай қарамайтын, қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасады. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу – тек бір күннің немесе бір шараның міндеті емес, барша қоғамға ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.
Мектеп директоры Эльмира Әбілқызы да отбасы мен мектептің байланысына тоқталып, бала тәрбиесінде ата-ана мен білім ошағының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. «Балаға берілетін тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Мектеп сол тәрбиені біліммен ұштастырып, баланың тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар береді. Сондықтан отбасы мен мектеп арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық – саналы ұрпақ тәрбиесінің басты кепілі» деді мектеп директоры. Сонымен қатар, ол отбасындағы мейірім, ата-ананың өнегесі мен үлкенге деген құрмет баланың бүкіл өміріне әсер ететінін айтып, барша отбасына береке-бірлік, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Мерекелік шарада үлгілі отбасыларға арнайы номинациялар бойынша сый-сияпат марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Сейтжановтар отбасы – «Еңбекпен өрілген өнегелі отбасы», Төлегеновтер отбасы – «Күміс кереге – 25 жылдық жарасым», Әміре отбасы – «Ел тыныштығының қос тірегі», ал Досынбектер отбасы – «Өнегелі отбасы» номинацияларымен марапатталды.
Шара соңында мектептің өнерлі оқушылары отбасы тақырыбындағы әндер орындап, қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close